Басты жаңалықтар

«Көлік алдым, пәлеге қалдым»…

Көлік тіркеу

Елімізде 1 ақпаннан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тіркелген автокөліктерді уақытша есепке алу акциясы басталды. Себебі жыл басынан бері мемлекетте осындай көліктерге қатысты мәселе туындады. Басты себеп — шетелдік көліктерді тізгіндеген жүргізушілер ЕАОЭ мен Қазақстандағы кедендік айырманы төлеу мөлшеріне наразылық білдірді. Яғни олар елімізде мұндай көліктерді тіркеудің шығыны көп екенін, сондықтан билік басындағылардан автокөліктерін жеңілдікпен әрі арзан бағаға тіркеуге мүмкіндік беруді талап етті. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 наурызына дейін ел аумағына заңсыз кіргізілген шетелдік автокөліктердің иелеріне кедендік баждар мен утилизациялық алымдарды төлеу үшін бір жылға мұрсат берді.

Тапсырма берілді, қаулы қабылданды

Өткен айдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтырғы жылдың нәтижелері сараланып, осы жылдың міндеттері нақтыланған болатын. Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатысқан алқалы жиында Президент Үкіметті әлеумет­тік және экономикалық қатерлерге жол бер­меу үшін өз бастамаларын мұқият әзір­леуге шақырды. Ресми ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, мемлекеттік органдардың шешімдері аза­маттар тарапынан жиі сыналады, кей жағдайларда, тіпті халықтың ашу-ызасын тудырады. Соның бірі — бүгінде Қазақстанға Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерге қатысты мәселе қоғам назарын аударды.

Елімізге әкелінген мұндай автомо­биль­дердің көпшілігі тіркеуге қойылмай­ды. Ондай көліктер саны — ондаған мың. Бас прокуратураға қалыптасқан жағ­дайға байланысты құқықтық баға беруді тап­сырамын. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әке­лінген автомобильдерді бір айдың ішін­де бір реттік тәртіппен уақытша тір­кеуді қамтамасыз етуі қажет. Мұндай авто­көліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салы­ғын төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу авто­мо­биль­дердің меншік құқығынан шыға­рыл­­май, басқа тұлғаның пайдалануына немесе басқаруына берілмей жүзеге асырылуы тиіс. Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 нау­рызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақ­ты тіркеуге қою немесе елімізден шы­ғару, сондай-ақ заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлеуі тиіс, —  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке бұдан былай ел заңнамасын бұза отырып шетелден автокөліктердің әкелінуіне, пайдаланылуына шектеу қоюды тапсырды.

Осы тапсырмадан кейін Үкімет басшысы Асқар Мамин ЕАЭО-қа мүше мемлекеттерде тіркелген жекелеген көлік құралдарын ел аумағына әкелудің және Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануының кейбір мәселелері туралы қаулы қабылдады. Қаулыда: «Қазақстан Республикасының азаматтары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген автокөлік құралдарына қатысты төлем 2021 жылғы 1 наурызға дейін енгізіледі», — делінген.  Асқар Мамин Ішкі істер министрлігіне 2020 жылдың 1 наурызына дейін көлікті тіркеу бойынша шаралар қабылдау және тіркеу куәлігінің жарамдылық мерзімін 2021 жылдың 1 наурызына дейін белгілеуді тапсырды.

Сандар былай дейді:

Облыстық полиция департаменті мамандарының айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша, шетелдік көлік жүргізушілері арасында 90 жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарынан 14 адам қайтыс болып, 145 адам түрлі дене жарақатын алған. Сондай-ақ 700-ден аса заңбұзушылық деректері тіркеліп, 5000-нан аса жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

70 Ақтөбелік жүргізуші кеңес алды

Үкіметтің қаулысына сәйкес, елімізде 1 ақпаннан бастап ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктерді тіркеу жұмыстары басталды. Енді шетелдік көлікті тізгіндеген автожүргізушілер 1 наурызға дейін көліктерін уақытша есепке қоюы тиіс. Қазіргі күні мұндай шара Ақтөбе өңірінде де жүзеге асырылып жатыр. Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (Автоцон — авт.) полиция, кедендік бақылау департаменттері мен мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары шетелдік көлік иелеріне кеңес беріп, тіркеу шараларын жүргізуге кіріскен.

Облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының аға мемлекеттік көлік инспекторы Данияр Сарқұловтың айтуынша, 1 ақпаннан бері орталыққа ЕАЭО елдерінен тасымалданған көліктерді тізгіндеген жетпіске жуық ақтөбелік келіп, мән-жайды сұрап, техниканы уақытша тіркеу турасында кеңес алған. Алайда әзірге ешбірі көлігін тіркемепті.

Үстіміздегі жылдың 1 ақпанынан 1 наурызға дейін елімізде шетелдік көліктерді уақытша тіркеуге алу жұмыстары басталды. Сондай-ақ бұл жерде осы іспен мемлекеттік кірістер басқармасы мен кедендік бақылау департаментінің мамандары да азаматтардың сауалына жауап беріп, көліктерді тіркеу турасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр. Олар көлікті бастапқы тіркеуге қою үшін кедендік баждар мен утилизациялық салымдардың мөлшерін есептеп берсе, біз көлікті тіркеуге қатысты түсіндіреміз.  Кедендік баждар мен утилизациялық салымдар техниканың шыққан жылы мен қозғалтқышының көлеміне байланысты есептеледі. Төрт күн ішінде орталыққа жетпіске жуық ақтөбелік азамат келіп, бізден кеңес алды. Ақтөбе облысы бойынша әзірге көліктерін уақытша тіркеуге қойғандары жоқ. Ел аумақтары бойынша Алматы қаласында ғана бір жүргізушінің шетелдік көлігін уақытша тіркеуге қойғаны белгілі, — деді Д.Сарқұлов.

Жүргізушілер көліктерін берілген бір ай мерзім ішінде уақытша тіркеуге қоймаса қандай шара қабылданады? Бұл туралы маман пікірі мынадай:

Бұл — автожүргізушілерге беріліп отырған айлық мүмкіндік. Егер осы мүмкіндікті пайдаланбаса, олар көлікті тұрақты тіркеуге қоюы шарт. Ол үшін барлық төлемді тіркеуі керек. Көліктер Армения, Қырғызстан, Ресей болсын, олардың қай жақтан  әкелінгеніне қарамайды, бәріне қойылатын талап бір. Сол сияқты, шетелдік техникалар көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы талапқа сай келуі қажет. Егер мұндай талапқа сәйкес болмаса, онда көліктер тіркеуге алынбайды. Алайда бүгінгі күні бізге жолыққан азаматтардың көліктерінің 70 пайызы техникалық регламентке сәйкес келмейді. Біреуінің шыққан жылы ескі болса, енді бірі экологиялық класқа сәйкес емес. Сондықтан шетелдік көлікпен жүрген ақтөбелік жүргізушілер орталыққа келіп, техникаларын уақытша тіркеуге қойғандары абзал, — деді Данияр Сарқұлов.

Бүгінгі күні жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары Ақтөбе қаласынан бөлек, Темір, Шалқар, Хромтау және Мұғалжар аудандарында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында да жүзеге асырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, өзге аудандарда шетелдік көлікті тізгіндеген жүргізушілер өздеріне жақын аймақтардағы орталыққа жолығып, техникасын уақытша тіркеуге қоюына болады.

Уақытша тіркеу: қандай құжаттар қажет?

Облыстық полиция департаменті мамандарының берген ақпаратына сүйенсек, қазір Ақтөбе облысында шетелдік есепте тұрған 16 700-ге жуық автокөлік бар. Оның 90 пайызы көрші Ресейден әкелінген. Мамандардың айтуынша, шетелдік автокөлікті уақытша тіркеу үшін жүргізушіден мынадай құжаттар талап етіледі:

  • Жеке куәлік;
  • Бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмірлер;
  • Көлік құралын тіркеу туралы куәлігі;
  • Меншікті растайтын құжат;
  • Алғашқы тіркеу үшін төленген төлемнің түбіртегі, мемлекеттік нөмір мен техникалық төлқұжатты жасау үшін салық төлегені туралы түбіртек.

Сары нөмір және 18-өңір

Шетелдік көліктердің жүргізушілері техниканы алғашқы тіркеу үшін алым төлейді. Ол — шамамен 1 325 500 теңге. Осыдан кейін ғана біз көлікті 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақытша тіркеуге қоямыз. Бұл кезде көлік иесіне тіркеу куәлігімен қоса, он сегізінші өңірмен сары нөмір беріледі. Ал көліктің шетелдік нөмірімен қоса, техникалық паспортын уақытша бізде қалдырады. Бұл — көлік иелеріне беріліп отырған мүмкіндік. Яғни, олар бір жыл ішінде барлық тиісті салықты төлеп, кедендік рәсімдеуден өткізуі қажет. Содан кейін ғана біз шетелдік көлікті Қазақстан Республикасының тұрақты тіркеуіне аламыз, — деді Данияр Сарқұлов.

Көпшілік мұндай көліктерге уақытша берілетін 18-ші өңірлі сары нөмірдің сырын түсінбей әлек. Бұл — Ішкі істер министрлігінің ойлап тапқан жаңалығы. Яғни мұндай көліктерді қосымша бақылау үшін өзгеше етуді ұйғарыпты. Сондықтан уақытша мемлекеттік нөмір шетелдік көлік жүргізушілеріне осылай беріледі.

Көлігін несиеге алғандар да бар…

Интернет көздеріндегі ақпаратқа сүйенсек, шетелдік көліктерді Қазақстанда тіркеуге қою құны  шамамен 500 мың теңге мен 4 миллион теңге аралығында болмақ. Бұл сома көліктің шыққан жылы мен қай елден әкелінгеніне әрі қозғалтқышының көлеміне байланысты есептеледі.

— Орталықта 1 ақпаннан бері шетелдік көлікті жүргізетін ел азаматтарына кеңес беріп отырмын. Күн сайын шамамен 20-30 адам келіп жатыр. Олар көлігін мемлекеттік тіркеуге алудың жолдарын сұрап, сол үшін төленетін салық мөлшерін біліп жатыр. Мәселен, 2019 жылғы «Toyota CAMRY» маркалы шетелдік көлікті алғашқы уақытша тіркеуге қою үшін 0,125 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 662,75 теңге көлемінде төлем жасайды. Бұл — соңғы екі жылда (2019-2020 жылдары) шығарылған көліктер үшін бастапқы тіркеу құны. Ал екі жылдан үш жылға дейінгі аралықта шығарылған (2018 жылы) көліктер үшін бастапқы тіркеу құны — 132 550 теңге. Бұл — 50 айлық есептік көрсеткіш. Үш жылдан әрмен қарайғы уақытта шығарылған көліктер (2017 жыл және одан бұрын) үшін төленетін бастапқы тіркеу бағасы — 1325 500 теңге. Содан кейін көлік иесіне бір жыл мерзім беріледі. Сол уақыт ішінде олар утилизациялық алымы мен кедендік баждарын төлеуге тиіс. Бұл соманы оларға кедендік бақылау департаментінің мамандары есептеп береді. Алайда осындай соманы естігенде, наразылық тудырып жатқан жүргізушілер бар. Олардың арасында көліктерін несиеге алғандарын айтып жатқандары да кездеседі, — деді Ақтөбе қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы Қуаныш Спанов.  

Басқарма маманының айтып отырған бастапқы тіркеу құнына қатысты қаражаттар — бұл М1 санатына жататын жеңіл автокөліктер үшін төленетін төлем. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі ЕАЭО елдерінен тасымалданған көліктердің басым бөлігі 2000-2010 жылдар аралығында шығарылған техникалар екенін мәлімдеген болатын. Сондықтан олардың барлығы дерлік бастапқы тіркеу үшін 1 325 500 теңге төлеуге мәжбүр.

Қазір орталыққа келіп, кеңес алып жатқан жүргізушілердің көбісі

«Toyota CAMRY 40» маркалы шетелдік көлігін тізгіндеушілер. Сол сияқты басқару механизмі аударылған (перекидка) «Тoyota Alphard» сияқты маркадағы көліктер уақытша тіркеуге де алынбайды. Өйткені елімізде мұндай көліктерді тіркеуге алуға тыйым салынған, — деді Қуаныш Спанов.

P.S. Сонымен… Шетелде тіркелген көліктері бар ел азаматтарының алдында үш жол бар: Ол — көліктерін заңды түрде тіркеуге қою. Екіншіден — егер тіркеуге қою құнын қымбат санаса, көлігін ел аумағынан шығару. Үшінші жолы — көлігін қосалқы бөлшек түрінде сату. Әрине, бұл басқа мүмкіндік қалмаған жағдайда жасалатын шара. Астында армянның көлігі бар жүргізушілерге айтарымыз әзірге — осы. 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button