Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметші болғыңыз келе ме?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігін атап өткен болатын. Бүгінде мемлекеттік қызметке орналасу ашықтық және жариялылық принциптері негізінде жүзеге асырылуда.

Атап айтсақ, тестілеу процесінің онлайн түрде өтуі, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына хабарландырулар уәкілетті (qyzmet.gov.kz) және мемлекеттік органның интернет-ресурсында жариялануы, әңгімелесу сатысына жіберілген азаматтардың тізімі мен конкурс жеңімпаздары туралы ақпараттардың интернет-ресурстарына орналастыруы, сондай-ақ әңгімелесу кезеңінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ететін бақылаушының қатысуы қамтылады.

Енді мемлекеттік қызметші болу үшін алдымен не істеу керек, қайда бару, неден бастау керек, қандай құжаттар жинау және қайда тапсыру деген секілді сұрақтар әрбір азаматтың көкейінде туындайтыны рас. Сол үшін келесідей нұсқаулыққа сәйкес әрекет етуді ұсынамын.

Біріншіден, өткен жылы департамент тарапынан заманауи технологиялардың мүмкіндігін қолдану арқылы азаматтардың уақыттарын үнемдеу және ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жасақталған телеграм мессенджеріндегі Qyzmet.info ботының қызметін пайдалану қажет.

Онда келесідей ақпараттар қамтылған:

  • тестілеу бойынша нұсқаулық;
  • лауазымға байланысты тестілеу бағдарламасын анықтау;
  • нормативтік-құқықтық актілерді жүктеу;
  • тестілеуге жазылу үшін еGov порталына сілтеме;
  • сынама тестілеуі;
  • барлық өңірлер бойынша жарияланған конкурстарды қарау;
  • конкурстық комиссияның шешіміне шағым жасау;
  • мемлекеттік қызмет, тестілеу, конкурс, бейімдеу және оқыту туралы жиі қойылатын сұрақтар бойынша анықтамалық;
  • Агенттіктің және барлық аумақтық департаменттердің байланыс ақпараты.

Екіншіден, Ақтөбе қаласы, Тургенев көшесі, 86-үйде орналасқан тестілеу залына барып, ҚР заңнамаларын білу мен жеке қасиеттерерін бағалау бойынша тестілеуден өту қажет. Тестілеу тапсырмас бұрын алдымен үміттеніп отырған лауазымның бағдарламасын анықтап алу қажет.

Тестілеудің:

1 бағдарламасы А-1, А-2, А-3, А-4, А-5, В-1, В-2, В-3, В-4, С-1, С-2, С-3, С-О-1, С-О-2, C-R-1, D-1, D-2, D-3, D-О-1, D-О-2, Е-1, Е-2 санаттары жоғары басшылық лауазымдарға (жалпы 145 сұрақтың 102 дұрыс жауапты және әрбір заңнамалардан 5 дұрыс жауаптан кем болмауы керек);

2 бағдарламасы B-5, B-6, C-4, C-5, С-О-3, C-O-4, C-O-5, C-O-6, C-R-2, C-R-3, C-R-4, D-4, D-5, D-О-3, D-O-4, D-O-5, D-O-6, E-3, E-R-1, E-R-2, E-R-3, E-G-1, E-G-2 санаттары облыстық орта басшылық және мамандар, қалалық және аудандық орта басшылық деңгейіндегі лауазымдарға (жалпы 130 сұрақтың 78 дұрыс жауапты және әрбір заңнамалардан 5 дұрыс жауаптан кем болмауы керек);

3 бағдарламасы C-R-5, E-4, E-5, E-R-4, E-R-5, E-G-3, E-G-4 санаттары қалалық және аудандық мамандар деңгейіндегі лауазымдарға (жалпы 100 сұрақтың 50 дұрыс жауапты және әрбір заңнамалардан 5 дұрыс жауаптан кем болмауы керек) арналған.

Жоғарыда аталған санаттардың нақты қандай лауазымдарға сәйкес келетіндігін, ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №150 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімі» қағидасынан толығырақ білуіңізге болады.

Тестілеуге жазылу кемінде бір күн бұрын электронды цифрлық қолтаңбамен E-gov үкімет веб-порталы немесе жеке куәлікпен халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну арқылы жүзеге асырылады. Тестілеу тапсырудың күні мен уақытын өзіңіз таңдайсыз.

Үшіншіден, уәкілетті органның интернет – ресурсында (qyzmet.gov.kz) бос лауазымдарға жарияланған конкурстың талаптарымен мұқият танысу. Яғни, мұнда қарастырылған біліктілік талаптары, атқаратын функционалдық міндеттері, мемлекеттік органның кадр қызметіне тапсыратын құжаттардың тізімі мен мерзімі туралы ақпараттармен қамтылған.

Төртіншіден,  әңгімелесу сатысына қатысу. Әңгімелесуге дайын болу үшін үміттенген лауазымның функционалдық атқаратын міндеттеріне қатысты заңнамалар, ережелер және өзге де нормативтік-құқықтық актілермен танысу.

Бұған қоса, кандидаттарға әңгімелесу сатысына дайындалуға және мемлекеттік қызметке түсудің тең құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін үлгілік сұрақтар банкісін айта кету қажет. Мұнда орналасқан сұрақтар үлгілік болып табылады және әңгімелесу сатысында қолданылуы мүмкін. Ол үшін Агенттіктің qyzmet.gov.kz интернет-ресурсындағы «Мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне түсу» бөліміне кіресіз, одан әрі пайда болған терезеден «Аймақтық деңгейде мемлекеттік органдарда әңгімелесу үшін үлгілік сұрақтар тізілімі» басқышын басып, өзіңізге қажетті мемлекеттік органды таңдайсыз және пайда болған ақпаратты жүктеп дайындалуыңызға болады.

Әрбiр кандидатқа үміттенген лауазымдар бойынша сұрақтар бірдей әрі тең көлемде қойылады және техникалық жазба құралдары көмегімен белгіленеді.

Егер әңгімелесу кезінде конкурс комиссиясының отырысына кедергі келтірмесеңіз, техникалық жазба құралдарын қолдануыңызға әбден болады.

Сонымен бірге кандидаттармен өткізілетін әңгімелесу сатысының әділдігін, ашықтығын және объективтілігін қамтамасыз ететін бақылаушылар қатысады.

Олар — Қазақстан Республикасы Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың), коммерциялық ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдері, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлері.

Келіңіз. Қатысыңыз. Мемлекеттік қызметші атаныңыз.

 Ақылбек БОРАНҚҰЛОВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button