Жаңалықтар

Қаңтар:  қыс мінезін танытты

Шолу

2020 деп аталатын жаңа жыл басы жақсы үміттермен басталды. Облыс өткен жылды қай салада болмасын оңды көрсеткіштермен аяқтады. Экономикада белгілі бір дәрежесі өсім болды. Ауылдарда мал басы көбейе түсті. Мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндігін пайдаланып, кәсіпкерлікті дамытуда да ілгерілеулер бар.

Әлеуметтік салада да біраз шаруалар атқарылды. Отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек тәртібі бір жүйеге түсірілді.

Әдетте, көп жай істің басталуына байланысты. Сондықтан қаңтарда биылғы жылдың көптеген межелері белгіленді.

Биыл — Еріктілер жылы

Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Волонтер жылы баршамызға, әсіресе, жастарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан сіздерді осы игі бастамаға белсенді атсалысуға шақырамын. Жастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын болуы керек» деп атап көрсетті.

Айта кететін жәйт, еріктілер қозғалысы Ақтөбе өңірінде кеңінен қанат жаюда. Соның бір көрінісі — ұлттық волонтерлік желісінің өкілі, Ақтөбеде құрылған «Д.А.Р.» еріктілер клубының үйлестірушісі Гауһар Жұмағазиева өзінің бастамашыл еңбегіне орай өткен жылдың соңында Президенттің қолынан Алғыс хат алды.

2007 жылы «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған еріктілер клубының қазір жүзден астам мүшесі бар. Олардың жұмыс арнасы биылғы жылы бұрынғыдан да кеңейе түсері сөзсіз.

Әкімдер есебі

Облыстың аудандарында жергілікті билік органдарының өкілдері халық алдындағы есебін беруде. Бұл маңызды шараға қай жерде болмасын ерекше назар аударылуда. Өткен жылы атқарылған істер кеңінен талданып, алдағы межелер айқындалуда.

Жиынға қатысқан тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді қозғап, оның шешімін табу жөнінде өтініштерін білдіруде.

Басты проблемалар — ауылдардағы жолдың нашарлығы, кей жерлерде ауыз судың жетіспеушілігі, сондай-ақ елді мекенді газ желісіне қосу сұранысы.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин аудандардағы есеп беру жиындарына өзі қатысып, тұрғындармен ашық әңгімелесуде. Оларға мәселелердің шешілу жолдары туралы айтып, көптеген түйіндерді шешу бағытын жеткізуде.

Медициналық сақтандыру жүйесі жеңілдігі

Облыста биылдан бастап 848 212  тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіретін қызметтерді тегін пайдалану құқығына ие. Бұл туралы медициналық сақтандыру мәселелері жөніндегі республикалық штаб отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»  Ақтөбе облыстық филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова мәлімдеді.

Оның ішінде жеңілдігі бар 15 санатқа жататын тұрғындарға сақтандыру пакетіндегі қызметтер мемлекет есебінен көрсетіледі. Ол қызметті облыстағы  477 388 тұрғын тегін алатын болады.

Ақтөбеліктерді медициналық сақтандыру жүйесімен толыққанды қамту, барлық медициналық ұйымдардағы ақпараттық жүйелерді бір ізге келтіру, әрбір тұрғынның мәртебесін анықтау мәселелері әлі де болса нақтылана түседі.

Жеңіс жауынгерлеріне құрмет

Биылғы жылғы маңызды шаралардың бірі — Жеңістің 75 жылдығын лайықты атап өту.

Жыл өткен сайын сол бір сұрапыл соғысқа қатысып, ел қорғаған ерлер қатары азайып келеді. Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлер саны қазір 35 шамасын құрап тұр.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Ақтөбе облысынан 1 554 423 адам шақырылып, соның 36 192-сі елге оралмаған. Жерлестеріміздің 36-сы Кеңестер Одағының Батыры атанды.

Соғыс өрті сөнгеніне 75 жыл болғанымен, әлі күнге дейін дерегі табылмай тұрған жауынгер әкелерімізде аз емес. Олардың мәңгілік мекенін табу, рухтарына тағзым ету — биылғы жылдың басты шаруаларының бірі.

Арамызда ғұмыр кешіп жатқан жеңіс жауынгерлеріне лайықты құрмет көрсетілмекші.

Атқарушы билік органдары бұл бағытта нақты жұмыстар атқаруға кірісіп те кетті.

Қыс құрсауында

Қаңтардың соңғы онкүндігі тосын мінез танытты. Борандата қар жауып, жол бойларын басып тастады. Алыс бағыттағы жолға шығуға тиым салынды. Сақтандыру шараларына қарамастан сапарға шығып кетіп, далада тұрып қалу деректері орын алды. Дегенмен, құтқару қызметтері сергектікпен жұмыс істеп, дер кезінде көмек қолдарын соза білді.

Әсіресе, Самара-Шымкент тас жолының Хромтау ауданындағы бөлігінде құтқару жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Мәселен, осы аумақтағы 776 және 916 шақырымдар аралығында жолда қалған көліктер мен жолаушыларды құтқаруға 2 техника мен 11 адам жұмылдырылды. Соның нәтижесінде қар құрсауынан алпысқа жуық адам құтқарылды.

Қобда, Мәртөк, Алға аудандарында да жолда қалған жолаушылар қар құрсауынан құтқарылды. Бұл ретте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері қынулы жұмыстар атқарды.

* * *

Қаңтар көп істің бастаушысы болды.

Президенттің бастамасымен биыл ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдығы, дана- ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы, Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтпекші.

Мұның барлығы — тарихты танудың, ұлылықты ұлықтаудың негізі. Бұл бағыттағы шаралар облыста да басталып кетті.   

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button