Жаңалықтар

Игілікті істердің жаршысы

Мерей

Қай салада қызмет етсе де жүрген ортасына сыйлы, ойын тура айтар мінезі мен табандылығы, өз жұмысын жақсы білетін қабілет-қарымы ісінен көрініп тұратын азаматтар болады. Солардың бірі — Баянғали Құлтаев. Жұрт бұл кісіні шежіреші, өлкетанушы ретінде біледі.

«Ұлтым» деген ұл болса…

Баянғали Құлтаев бұрынғы Новоресей ауданының Көктерек ауылында жылқышының отбасында дүниеге келген. Отбасында сегіз баланың кенжесі әкесіне тым жақын болып өседі. Әкесі Қанапия жан-жақты, сауатты кісі болса керек, сол заманда репрессияға ұшыраған.

  • Әкем мен туғанда 50 жаста екен. Ор өзенінің бойында, қыстауда туғанмын. Біз тұрған сол кездегі Көктерек ауылында Қамар Алмағанбетова деген мұғалім болды. Ол кісіні ауылдың бәрі «апа» дейтін. Мен сол кісіден білім алдым. Ол кезде Көктерек Новоресей ауданына қарайтын. Кейін отбасымыз ағамның қызметіне байланысты көшіп, мен бірнеше жыл интернатта да оқыдым. Одан соң әке-шешем бұрынғы Ленин ауданы, қазіргі Қарғалы ауданына қоныс аударып, сол жерде аралас мектепте білім алдым. Бүгінде аудандағы белгілі азаматтардың бірі, «Степной» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аманғос Төлеуовпен бір партада отырып, мектепті 16 оқушы аяқтадық. Қазір қарап отырсам, сол кездегі он шақты бозбаладан Аманғос екеуміз ғана қалыппыз, — дейді кейіпкеріміз.

Баянғали Қанапияұлы мектепті аяқтаған соң 1967 жылдың күзінде Ақтөбе педагогикалық институты физика-математика факультетінің қазақ бөліміне оқуға түседі. Ол кезде жоғары оқу орнында қазақ бөлімі болғанымен кітапханада қазақ тілінде ешқандай оқулық болмайтын. Сол себепті студенттер емтиханға орыс тіліндегі оқулықтарды оқып, дайындалатын. Баянғали Құлтаев та өзге студенттермен қатар емтиханға орысша дайындалып, сынақтан сүрінбей өтеді. Алайда ауылда әке тәрбиесін алып, ұлттық болмыс, мінез-құлықты бойына сіңірген жас ана тілінің орыс тілінен кейін тұрғанына қатты қапаланады. Бұл жөнінде ол:

Сол кезеңде қай жерге барсаң да орысшаға тап болатын заман болды. Облыста қазақ тілді кітаптар жоқтың қасы, облыстық телеарнада жаңалықтардан басқа қазақ тілді бағдарлама берілмейтін. Ал облыстағы жалғыз мәдениет ошағы — драма театрында тек орыс труппасы ғана жұмыс жасады. Мен институтта оқып жүргенде, дәлірек айтсам, 1969 жылы Ақтөбе қаласының 100 жылдық тойы өтті. Сол тойға институт студенттері қатысатын болдық. 100 жылдыққа дайындық 1968 жылдың күзінде басталды. Сонымен сол жылдың қазан айынан бастап интитуттың спорт секцияларына қатынасатын студенттерді топтастыру жұмысымен осы факультеттің деканы Перегудов айналысып, бізді тізімдеп жаттықтырушымыз Кеңес Башыров дайындады. Ол кезде спорт киімдері жоқ десе де болады. Трикотаждан тігілген киімдер өте жұқа болатын, далаға дайындалуға шыққанда, тыпырлап бір орында тұра алмайтынбыз. Сөйтіп жүргенде бір күні институтқа Шалабай Санаев деген драматург келді. Біз институттың «актовый залында» дайындалатын «Хор» ұжымына қатысатынбыз. Дайындықтан шығып келе жатсақ, сыптай болып киінген, келбетті бір кісі тұр. Қазақ балаларын бір бұрышқа жинап алып: «Жігіттер, қыздар, міне мына жыл аяқталып жатыр, ал алдағы жылы Ақтөбе қаласына 100 жыл толады. Басшылықтан дайындықтың барлығы орыс тілінде, біз оған қарсымыз. Ал біздің ана тіліміз қалып бара жатыр, барлық мәдениет үйінде өтетін шаралар орысша, ал драма театрда қазақша ештеңе көрсетілмейді. Ондай труппа жоқ», — деп мұңайды. Содан әлгі кісінің сөзінен біздің ішкі ұлттық сезіміміз оянғандай болды, бір-бірімізге қарап, қазақ екенімізді ұққандай болдық. Сәлден кейін жаңағы кісінің ойын сұрап едік, ол: «Мен келісіп драма театрдан бір бөлме алдым, соған қазақтың өнерлі жастарын жинап, ұжым жасағым келеді», — деді. Содан ондаған студент сол кісінің бастамасымен театрдың бір бөлмесіне жиналып, дайындалып, 1969 жылдың басында, бірінші рет ұйымдасқан түрде теледидардан қазақ жастары болып концерт бердік. Оны сүйікті қаламыз Ақтөбенің болашақ үлкен тойына арнадық. Сол жылы біз басқа әндермен қатар Шалабай Санаевтың да әндерін жарыққа шығардық. Мысалы, мен өзім ол сазгердің «Кеш қалыппын» деген әнін орындадым. Кейін дайындық кезінде Шәкең: «Осы біз «Қазақ жастар кешін» өткізсек, қалай қарайсыздар?», — деді. Біз қуана келістік. Ағамыз сол театрдың басшыларымен келісіп, кешті фойеге өткізуге рұқсат алды. Әп дегеннен қазақтың қыздары мен жігіттері ағылды, бір-бірімізбен танысып, білісіп, мәз болдық. Ол кезде музыкалық аспаптар жоқ, «проигрыватель» деп аталатын пластинканы ойнатып, билейтінбіз. Осылайша біз жастар кешін өткізуге дайындалдық. Бір күні Шалабай ағамыз: «Облыстық партия комитетінен телефон соқты. Ол не деген «Қазақ жастар кеші»? деп сөйлеп жатыр», — деді. Содан біз ойланып қалдық. Шалабай ағамыз кейін өзі барып, сөйлесіп еді, ақыры «ұлтқа бөлінбеу керек»  деген нұсқаумен амалсыздан «Қазақ» деген сөзді алып тастап, «Жастар кешін» өткіздік. Арада екі-үш ай өткеннен кейін, үн-түнсіз қайтадан «Қазақ жастар кеші» деп жазғызды, біз іштей қуанып, үнсіз жымыңдап, неге екенін де сұрамадық. Себебі сол кезде бәріміз сескендік. Ал сол кездегі Шалабай аға бастаған қазақ жастарының осы бір бастамасы, әрекеті облыста қазақ тілінің дамуына, рухани құндылықтарымыздың жаңғыруына үлкен септігін тигізген болатын. Сондай «ұлтым, ана тілім» деген жастардың арасында мен де болғаныма қазір қуанамын, — дейді Баянғали Құлтаев.

Осы қатарда бірге жүрген Садық Бекболатов, Марат Мұқашев, Бауыржан Есенғалиев есімдерін ол бүгін де құрметпен атайды.

Сол кезде құрдастарының арасында өзінің алғырлығымен, табандылығымен көзге түскен ол институтты бітіре сала еңбекке араласып кетеді. Әкесінің өтінішімен жоғары оқу орнын бітірер жылы отбасын құрып, әке-шешесімен бірге Новоресей ауданының (қазіргі Хромтау) Көктөбе ауылына қоныс аударады. Ол жерге барғанда Баянғали Қанапияұлының қызметке орналасуына сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы,  Қазақ КСР халыққа білім беру саласының еңбек сіңірген қызметкері Мақсот Құсайынов көмектеседі. Осылайша жоғары оқу орнын бітірген жас маман «Көктөбе» кеңшарындағы Болат орта мектебіне жұмысқа орналасады. Арада екі жыл өткен соң әскерге борышын өтеуге кетеді. Ал 1974 жылы аудандық комсомол ұйымының хатшысы болып сайланады. Кейін сол кездегі Новоресей ауданының «Қопа» кеңшарында партия ұйымының хатшысы,  аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметтерін атқарады. Аталған қызметтерде жүргенінде ол әрдайым белсенділігімен, жауапкершілігімен көзге түсіп, жұртқа жақсы жағымен көрінеді.

Аудандағы алғашқы оркестр

Баянғали Қанапияұлының бір қыры мә­де­ниетке, өнерге деген құштар­лы­ғында жатыр. Өзі студент кезінен ән салатын ол ауданда мәдениет саласын басқарған тұста қазіргі Хромтау ауданында алғаш рет ұлт аспаптар оркестрін құрады. Ал оркестрдің дирижері  Болат Ашабаев болып тағайындалады. «Халықтық» атағын алған оркестр 1980-90 жылдары Алматыға дейін барып, өнер көрсетіп, теледидардан концерт қояды.

Игілікті істердің ортасында жүретін Баянғали Құлтаев 1993 жылы сол кездегі Хромтау  қалалық кеңесінің төрағасы Арынғазы Беркімбаев екеуі аудандағы мекемелерді аралап, сол кездегі аудандық кеңестің төрағасы Амангелді Бисеновтің қолдауымен Новоресей ауданының атауын Хромтау деп өзгертуге атсалысады. Осылайша ол орыстанып кеткен ауданда қазақы ортаны қалыптастыруға көп күш жұмсады.

Ұзақ жылдар ауданда мәдениет саласын басқарған Баянғали Қанапияұлы 1993 жылы қызметін ауыстырып, сол өңірде «Кен» ЖШС-ның директоры болып тағайындалады. Он шақты адам бірігіп құрған серіктестіктің «ғұмыры» ұзаққа бармаса да, бұл мекеме сол жылдары аудандағы әлі қазылмаған, зерттелген жерлерден хром рудасын өндіреді. Ұстаздықпен қатар экономист мамандығын меңгерген Баянғали Құлтаев бұл мекемеде есеп-қисаппен айналысып, әріптестерін өзінің іскерлігімен, жан-жақтылығымен тәнті етеді. Арада бірнеше жыл өткен соң Баянғали Қанапияұлы жұмыс бабымен облыс орталығына көшіп келеді. 2004-2016 жылдар аралығында ерекше қорғалатын табиғи «Эбита» қаумалының аға инспекторы қызметін атқарады. Бұл қызметте жүргенде де ол әріптестерімен, облыс, аудандардағы мекемелердің басшыларымен қоян-қолтық жұмыс жасай білді. Оның жұмыс кезінде дауыс көтеруді білмейтіні, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтындығы, өзінің ұтқыр сөздерімен, келісті де ­орынды әзілдерімен мәселені нақты да байып­ты шешіп отыратыны оның беделін өсірді. Жасы зейнеткерлікке жетсе де қызметін жалғастырып, облыстың қоғамдық өмірінен қол үзген жоқ. Бүгінде ол саяси-бұқаралық, мәдени-көпшілік шаралардың ортасынан табылып, жас ұрпақ тәрбиесіне, өлкетану саласына өзіндік үлесін қосып жүр.

Өлке тарихын зерттеуші

Баянғали Қанапияұлы бүгінге дейін Шеген би, Бекқұл әулие, Сәрке, Тайлақ батыр, «Қыз Жібек» жыры, ел басқарған тұлғалардың бірі Дербісәлі Беркімбаев, ақын Әкімәлі Қаржауов, замандасымыз, генерал-майор Кеңшілік Жұмабаев туралы біршама еңбектер мен мақалалар жазды. Жуырда кейіпкеріміз Сәрке батыр туралы өзінің кітабын жазып, баспаға тапсырды.

  • Менің өлкетануға, тарихқа деген қызығушылығым бала кезден басталды. Оған әкемнің шежіре, қазақ елінің тарихы, би-батырлары туралы айтқан әңгімелері, естеліктері әсер етті деп ойлаймын. Әкем 93 жасында өмірден озды. Соған дейін ол кісі арғы аталарымыз туралы көп мәлімет айтып, қалдырды. Соның арқасында мен Сәрке батырдың жатқан жерін тауып, 2008 жылы Шеңгелши ауылында ас берілді. Ал өткен жылы Сәрке батырдың туған жері — Қарғалы ауданында оған ескерткіш қойып, Құран бағыштадық.

Бүгінгі ұрпақ қазақтың тарихын, өлкенің тарихын білуі керек деп ойлаймын. Сондықтан кез келген қазақ баласы өз ата-бабасына құрмет көрсетіп, ұлт, өлке тарихын дәріптеуі керек. Мұның артында ұлтқа, елге деген жанашырлық пен сүйіспеншілік жатыр. Сол себепті менің жас ұрпаққа айтарым — өткенге өкінбеу керек, өткеннен сабақ алу қажет. Ал болашаққа сеніммен, үмітпен қарап, игілікті істерге, ізгілікке ұмтылу керек. Сондай-ақ ұлтқа, елге қызмет ету бірінші орында болу керек, — дейді кейіпкеріміз.

Былтыр Ақтөбе қаласының 150 жылдығына байланысты 9 телехабар ұйымдастыруы — оның бір үлгісі.

Талай белесті бағындырып, ұзақ жылдар әр салада абыройлы еңбек еткен Баянғали Қанапияұлы бүгінде өлке тарихын, би-батырларды зерттеумен шектелмей, облыстағы рухани құндылықтарды дәріптейтін мәдени-көпшілік шараларға үнемі атсалысып жүреді. Кейіпкеріміздің бұл салада еткен еңбегі елеусіз қалмады. 2018 жылы ол «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» атағын алды.

Баянғали Қанапияұлы  мерейлі жетпіс жасқа толып отыр. Бүгінде зайыбы Әмина екеуі 4 баладан тараған немерелерінің қызығын көріп, тату-тәтті өмір сүруде. Алдағы күзде олардың отау құрғанына 50 жыл толады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button