Жаңалықтар

Қаржы саласының білгірі

Мерей

Мамандықтың бәрі жақсы, ең бастысы — оны игере біл, игілікке пайдалануға жол аш. Көпшілік үшін қиын мамандық саналатын қаржыгерлердің ең негізгі міндеттерінің бірі — мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, ел экономикасының дамуына жұмыс жасау. Қаржы саласының қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Қай мекемеде болмасын, ұжымның мақтанышына айналған ардагері, маманы болады. Қаржы саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен, бүгінде ардагерлер қатарына қосылған Жұмабай Төлеуовті осы қатарға қосуға болады.

Ол Байғанин ауданындағы Бұлақтыкөл ауылында дүниеге келіп, көпбалалы ата-ана Шамшадин-Жаңылсын сынды көненің көзі, жақсының жалғасы сынды өнегелі отбасында сегіз перзенттің бірі болып тәрбиеленді.

Шамшадин ақсақал — Байғанин өңіріндегі «Жем», Абай атындағы, «Бұлақтыкөл» колхоздарын соғыстан кейінгі уақытта қалпына келтіру ісіне өлшеусіз үлес қосқан, елді мекеннің шаруашылығын өркендетіп, экономикалық жағынан нығаюына көп еңбек сіңірген басшы ардагерлердің бірі. Осындай әке тәрбиесінен шыққан Жұмабай аға 1966 жылы 16 жасында орта мектепті аяқтап, Алматы халық шаруашылық институтының бухгалтерлік есеп мамандығына оқуға түскен. 1970 жылы дипломмен елге оралып,сол кездегі Ленин ауданында еңбек жолын бастаған. Одан кейінгі уақытта Мәртөк ауданында есеп саласында қызмет жасап, өзінің тәжірибесін шыңдай түседі. Төменгі буындарда осындай мектептерден өткен оның облыстық қаржы бөлімінде қызмет етуі көпке пайдасын тигізді. Бір жағынан мекеменің жұмысының жүйелі жүруіне ықпалы жүрсе, екінші жағынан өзінен кейінгі жас кадрларды тәрбиелеуге үлесін қосты.

Білікті маман бұдан кейін Алға ауданындағы «Қарабұлақ» кеңшарына бас экономист болып тағайындалады. Кейін осы шаруашылықтың бас бухгалтері қызметінде болып, он жылдың үстінде осы елді мекенде еңбек етеді. Ауыл адамдары оны құрмет тұтып, сыйласып ғұмыр кешеді.

Қазіргі Есет батыр Көкіұлы ауылы сол кездегі М.Горький атындағы кеңшардың орталығы болатын. Осы шаруашылықта да жеті жылдың үстінде бас бухгалтерлік қызмет тізгінін ұстады. Осында қызмет істеген жеті жылда шаруаның есеп-қисабын шашау шығармай ұстап, қағаз жұмысын тап-тұйнақтай етіп отыратыны талайдың есінде сақталған болар.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қай салада болмасын білікті мамандарға қардарлық арта түсті. Сондай тұста Жұмабай Шамшадинұлының Алға аудандық салық испекциясының басшысы қызметіне тағайындалуы оның қызметіне берілген баға іспетті еді.

Елімізде салық органдарын қайта құру тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономикаға көшумен сабақтаса жүргізілгені мәлім. Ел енді ғана тәуелсіздік алған уақыт, экономикалық дағдарыс күшейіп, инфляция бір жыл ішінде 2000%-ға жетті. Салық санының көптігі, айналымды анықтаудың қиындығы, шектен тыс дәлелсіз берілген салық жеңілдіктері, салық ставкаларының бір салық түрі бойынша бірнеше түрлі болуы және т.б. кемшіліктер салық жүйесін одан әрі реформалаудың қажеттігін көрсетті. Осы орайда Жұмабай ағаның тәжірбиелі маман ретінде берген ұсыныстары да «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заңнамасын жетілдіру жұмысында назардан тыс қалған жоқ.

Ол Алға ауданының салық инспекциясын 12 жыл басқарып, мекеменің  қалыптасуына, білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне тікелей үлесін қосып, жас мамандарды тәрбиелеп, кәсіби біліктілікке үйреткен азамат-ұстаз ретінде танылды.

Тәжірбиелі басшыдан тәлім алған шәкірттер өздерінің оған деген шексіз құрметі мен алғысын әлі күнге дейін білдіріп келеді. Бүгінде олардың көпшілігі мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарып, қаржы саласының құрылымдарын басқарып отыр.

Шәкірттердің айтуынша, Жұмабай аға жұмыс барысында әрқашан: «Ақшамен жұмыс істегенде өздеріңнен жауапкершілік пен белсенділікті талап етіңдер. Қаржыгер бойындағы байлығы — оның есте сақтауының жақсы болуы және шығыс пен кіріс құжаттарына мұқият болу», — деп кеңес беретін. Осы кеңесі көпшілігінің күделікті ұстанымына айналып, бүгінде оң нәтижесін беріп отыр. Кейінгі бір он жылдық ауқымында Жұмабай Шамшадинұлы Алға аудандық қазынашылық басқармасын басқарды.

Бұл қызметінде ол өзінің ұжымымен «Қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесі» және «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйелерін жүзеге асыруға зор үлесін қосты.

«Жақсы жұмыс — жанға тыныс» демекші, Жұмабай аға өз қызметін мінсіз атқарып, жетістіктерге жетуде бар күш-жігерін салды. Бюджеттік және салықтық заңнаманы жақсы білетін, шешімдерді сауатты әрі білікті қабылдайтын басшы ретінде танылды.

Осы еңбегі бағаланып, бірнеше мәрте Қаржы министрінің, Қазынашылық комитетінің, облыс басшылығының Құрмет грамоталарымен марапатталып, Алғыс хаттарға ие болды.

Жұмабай аға саналы өмірінде басшылық қызметтерді атқара жүріп, халықпен қоян-қолтық араласып, елмен бірге біте қайнасқан. Сондықтан оған қырық жылға жуық қызмет атқарған Алға ауданының әрбір түйір тасы мен ойы-шұңқыры ыстық, болашағына алаңдап отыратыны рас.

Қазір Жұмабай ағай жары Гүлларайым апаймен ұл-қызын ержеткізіп, олардан өсіп-өнген немерелерін қызықтап отырған ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әже. Ағайын-тумаға, дос-жарандардың арасында сыйлы, еліне құрметті жан.

Жұмабай ағаның жетпіс жасқа келуі мерейтойына орай ол кісіге жан-жақтан құттықтаулар, ізгі тілектер молынан айтылып жатыр. Өзінің қалаған кәсібіне адалдықпен қарап, бүкіл ғұмырының қазығы еткен, сол ұстанымы арқылы кейінгі ұрпаққа, жас буынға жақсы жолды көрсеткен ел азаматына қандай құрмет көрсетсе де артық емес деп ойлаймыз.

Алмас ҚАЛЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button