Жаңалықтар

Аудан орталығына Темірбек Жүргенов есімін беруге ұсыныс жасалды  

Әйтеке би ауданының орталығы — Комсомол селосын енді Темірбек Жүргеновтің есімімен атау жөнінде ұсыныс жасалды. Село тұрғындарының жалпы жиналысында бұл ұсынысқа көпшілік қолдау көрсетті.

Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Нажмеденовтің айтуынша, жиналысқа қатысқан 316 адамның 289-ы Комсомол атауын өзгертіп, Темірбек Жүргеновтің атына беру жөніндегі ұсынысты жақтап дауыс берген.

Бұл жөнінде бейсенбіде онлайн режимінде өткен облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясы отырысында белгілі болды. Жиында елді мекендер мен көшелерге жаңа атау беруге қатысты Әйтеке би және Темір аудандарынан түскен 8 ұсыныс талқыланды. Олардың жетеуін, соның ішінде Комсомол селосының атын өзгерту жөніндегі ұсынысты да комиссия мүшелері қолдады. Тек Комсомол селосындағы Кооперативная көшесі атауын «Тың игерушілер» деп өзгерту туралы ұсыныс қана қолдау таппады. Комиссия мүшелерінің бірқатары, жалпы, тың игеру науқанының қазақтың тіліне, демографиясына, халықтың дәстүрлі мал шаруашылығына, сондай-ақ экологияға да кері әсері болғанын дәйекті пікірмен алға тартты, сондықтан бұл ұсыныс кері қайтарылды.

Жиында облыста және Ақтөбе қаласында ономастика саласында биыл атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиеваның айтуынша, бүгінде облыс орталығында 849 көше болса, солардың 65 пайызы қазақша атауға ие. 2018 жылы қала бойынша 198 жаңа көшеге атау беріліп, одан бөлек 26 көшенің аты өзгертілген. Соның ішінде, Керей, Жәнібек, Қасым және Тәуке хандар, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, т.б. тарихи тұлғаларға көше атаулары берілді.

Бүгінгі күні қала мектептеріне Хиуаз Доспанова, Халел Досмұхамбетов, Мұқағали Мақатаев сынды белгілі тұлғалар есімдерін беру жөніндегі ұсыныстар жоғары жаққа жіберілген.

Жиын соңында «Ақтөбе облысының жер-су атаулары атласының» тұсаукесері өтті. Атлас бұған дейін 2012 жылы жарыққа шыққан. Бұл — облыстың жер-су атаулары атласының толықтырылған нұсқасы.

 Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button