Жаңалықтар

Балаларды қорғау және жеке жауапкершілік

Талқы

Кеше Ақтөбе қаласындағы №17 мектеп-гимназияда  «Не молчи KZ» қоғамдық қоры мен «Ұран» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау тақырыбында журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы аталған қоғамдық ұйымдар өкілдерінің Ақтөбеге келудегі мақсаты — бір. Жақында Ақтөбе қаласында 9 жасар қызды жәбірлеу оқиғасына қатысты ата-аналар және мектеп ұжымымен кездесу,  осы мәселеге қатысты жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу.

Баспасөз мәслихатында «Не молчи KZ» қоғамдық қорының президенті Дина Смаилова аталған ұйымның 2016 жылы құрылғанын айтып:

Қор алдындағы нақты міндет — тұрмыстық болмаса басқа да зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандардың, оның ішінде қыз-келіншектердің үнсіз қалмай, болған жайды айтуға оқыту. Бұл орайда мен құрғақ статистика айтқым келеді. 2015 жылы еліміздің ішкі істер органдарына зорлық-зомбылыққа қатысты нәзік жандылардан 3700-ден астам арыз түскен. Сондай-ақ зорлық-зомбылықтың құрбаны болған балаларға қатысты 1400-ге тарта арыз тіркелген. Әрине, бұл — өте қорқынышты жағдай. Бірақ біз ол кезде мұндай жайттың өте көп тіркелетініне мән бере қойған жоқпыз. Бүгінгі күні елімізде зорлық-зомбылық деңгейінің үш есеге азайғаны байқалады. Алайда бұл балаларды зорлау оқиғасына қатысты айтылған жайт емес. Биыл 9 айда елімізде бала зорлығына қатысты 680, ал әйелдерді зорлау дерегі бойынша 1229 жағдай тіркелді. Қазақстанда жыл сайын шамамен 750 жағдай балаларды зорлау оқиғасына қатысты болып жатады. Бұл статистика әлі күнге дейін қорқыныш тудырады. Неге? Бұл орайда біз Украина елін мысалға алайық. Осыдан бір ай бұрын біз Талдықорғанда әлемнің алты елінен 35 спикерді  шақырып, ауқымды конференция ұйымдастырдық. Бұл шараға шетелдік және өзіміздің мұғалімдер мен психологтар, тергеу органдарының өкілдері де шақырылған болатын. Сол жиында Украина мемлекеті бас полицейінің орынбасары Андрей Ткачев өзінің тұрмыстық,  оның ішінде жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселемен айналысатынын айтып, мынадай мәлімет келтірді. Украинада  бір жылда 408 әйел жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Ал ол жақтағы халықтың саны — 48 миллион. Ал бізде 18 миллион халық бола тұра, осы мәселеге қатысты жылына 1400-ден астам жағдай  тіркеледі. Осыдан-ақ орасан айырмашылықты аңғаруға болады, — деді Д.Смаилова.

Оның айтуынша, Украинада зорлық-зомбылыққа қатысты болған жағдайдың 98 пайызының беті ашылса, ал бізде өткен жылы тіркелген 1300-ден астам жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты оқиғаның 454-і ғана сотқа жолданыпты. Нәтижесінде айыпталушының 30 пайызы ғана темір торға тоғытылған. «Біздің елімізде мұндай іс сотта да жабыла салады. Яғни, бізде қаскөймен арада сенімді қатынас орнаған. Ал жәбірленушіге деген сенімсіз көзқарас қалыптасқан», — деді Дина Смаилова.

Ақтөбеге келген сапарларында «Не мольчи KZ» қоғамдық қоры мен «Ұран» қоғамдық бірлестігінің өкілдері жәбірленген қыз баланың оқитын мектебінде болып, ұстаздармен, оның ата-анасымен де тілдескен. Бүгінгі күні орталықтан келген психолог мамандар жәбірленуші тараппен психологиялық жұмыстар жүргізіп жатқанын да тілге тиек етті.

Дина Смаилова бүгінгі таңда Ақтөбе облысы бойынша 5 жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты жұмыстанып жатқанын айтты. Соның бірі — кешегі 9 жасар қызға қатысты іс.

Мұндай жағдайда құзырлы органдармен қатар, журналистер де мұқият болғаны дұрыс. Себебі жәбірленуші баланың және оның отбасы мүшелерінің аты-жөнімен қоса, қыздың анасымен бірге түскен суретіне қатысты ақпарат Алматыға, яғни маған дейін жолданғанына қарағанда, көпшілік оның келбетін де көрді. Сол сияқты жергілікті журналистердің бірі ол  тұратын үйдің нөмірі мен суретін де қоса жариялап: «осы жерде 9 жасар қыз бала зорланды» деп ақпарат таратты. Бұл жағдайға қатысты менің қолымда дәйек те бар. Біз әрбір келіп түскен арызға қатысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты полиция департаменттерімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Ақтөбелік жәбірленуші қыз балаға қатысты ақпараттардың әлеуметтік желіде  таратылуын тоқтату, мұндай мәліметтерді таратқандарды қатаң жазалауды сұрап министр Ерлан Тұрғынбаевқа хат жолдадым. Ертесіне құрылым басшылығымен тілдескенімде, кімнің мұндай мәліметті сыртқа  таратқанының себебін анықтап, бұл істе кінәлілер жазаланатынын айтты. Қазіргі күні кінәлілерге қолданатын шараны анықтап жатыр , — деген қор басшысы мұнда жәбірленуші тарапқа психологиялық жұмыстардың сапасы қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Ол бұл бағытта жергілікті әкімдік тарапынан жәбірленуші отбасыға ерекше қолдау көрсетіліп жатқанын, баланың енді қайтып ол үйге бармауы үшін баспана мәселесін оңтайлы шешу жолдары да қолға алынғанын айтты.

Баспасөз мәслихатында «Ұран» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Файзулла Каменов «Не молчи KZ» қоғамдық қорымен бір бағытта жұмыс жасап жатқандарын айта келе:

Біздің жұмысымыздың бір бағыты — сот отырыстары кезінде зорлық-зомбылық құрбандарын физикалық тұрғыда қорғау,  тағы бір бағыт — ақысыз түрде қорғаушы тағайындау. Сол сияқты тағы бір бағытымыз — жастарға қыз баланы қорғау, нәзік жандыларға қамқор болу турасында тәрбие беру. Сонымен қатар жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру, оның ішінде антитеррорлық оқу-жаттығу сабақтары да қатар жүргізіледі. Бұл іске мектептегі ер балалармен қатар, денешынықтыру, алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдері түгел тартылады. Бала тәрбиесі үшін мектептерде ер мұғалімдердің рөлі жоғары. Өкінішке қарай, бұл жағынан мектептер ақсап тұр. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Қарағанды аймақтарындағы мектептерде жұмыс жүргізілді. Келер жылдың қаңтар айынан бастап мұндай жұмыстарды Ақтөбе өңірінің мектептерінде жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, — деді Ф.Каменов.

Бүгінгі күні «Ұран» қоғамдық бірлестігінің ел аймақтарында 11 филиалы жұмыс жасайды. Соның бірі — Ақтөбеде. Мұндағы филиалға запастағы полковник Ізбасқан Айтжанов жетекшілік жасайды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button