Жаңалықтар

Жәрмеңкемен басталып, концертпен жалғасты

Кәсіби мереке

Биыл ойылдықтар ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін жәрмеңкемен бастады.

Жәрмеңкеге әдеттегідей ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды. Әсіресе, сөрелер ет өнімдерімен толтырылды. Күздің қара суығынан-ақ қыстың қытымыр ызғарын сезген жұртшылық жәрмеңкеден бос қайтпады. Жылқы, сиыр, қой еттерін таласа-тармаса алып кетті. Қыс таяған сайын етке сұраныс артып келеді. Сондықтан бұл жолы әр ауылдық округтен келген шаруашылықтар ет өнімдерін молынан ұсынды. Тоқтала кетсек, сарбиелік «Рақым» шаруа қожалығы мен көптоғайлық «Мәтжан» шаруа қожалығы қой етін 1250 теңгеден ұсынса, ойылдық «Елдос» шаруа қожалығы мен көптоғайлық «Мәулен» шаруа қожалығы сиыр етін 1400-1500 теңгеден сатты. Сонымен бірге Ойыл ауылдық округінің «Тәуекел» шаруа қожалығы жабағының етін 1600 теңгеден ұсынды.

Мерекеге жиналған көпшілік аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі ауданның ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек еткен өңірдегі белгілі еңбек ерлерінің еңбектері жинақталған көрмені тамашалады. Көрмеге Ш.Берсиев атындағы Өнер және өлке музейі мен аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы ұйытқы болды.

Мерекелік салтанатты шараның шымылдығы ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы бейнебаянмен ашылды.

Биылғы он айда Ойыл ауданында ауыл шаруашылығы саласына 283 256,8 млн.теңгенің инвестициясы салынып, ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылғылары алынды, оның ішінде өз қаржылары есебінен 228239,0 мың теңге салынды. Ал 28 шаруа қожалығына  87,5 млн.теңгеге электр қуатын өндіретін күн батареялары, бензинді электростанция, су сорғы құралы қондырылып, қолдау көрсетілді. Аудан бойынша 11 кооператив тұрақты жұмыс істейді. Атап өтсек, соңғы уақытта Ойыл ауданында жылқы саны артып келеді. Нақтырақ айтсақ, ауданда 9 мыңнан астам жылқы бар.

Кәсіби мерекесіне орай ауыл шаруашылығы саласына қосқан қажырлы еңбектері үшін бірқатар адамдар облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың және аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, аталған саланың дамуына өлшеусіз үлес қосып отырған еңбек адамдары «Үздік шопан», «Үздік тракторист», тағы да басқа номинацияларға ие болды.

Мерекелік шара аудан өнерпаздары тарту еткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button