Жаңалықтар

Телефон арқылы қызмет ал!

Электронды үкімет

Мобильді азаматтар базасына тіркелген 7 миллионнан аса пайдаланушы eGov mobile қосымшасы мен Telegram, Vk, Fb мэссенджерлері арқылы сұранысқа ие анықтамалар мен сервисті Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ ала алады.

Бұл туралы Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева айтып берді.

Осыдан бір жарым жыл бұрын қолданысқа енген egovkzbot2.0 телеграм-ботын 654 мың қазақстандық жүктеп үлгерген. Оның көмегімен азаматтар көбіне соттылық, психо-нарко диспансерлердің есебінде болмау, жылжымайтын мүлікке қатысты анықтамалар мен  ХҚО кезегін брондау, айыппұлдардың барын тексеру тәрізді сервистерді жиі пайдаланған.

Электронды үкімет порталының ұялы телефонға арналған eGov mobile қосымшасында бүгінде 28 қызметті алуға болады.  Жаңарған қосымша электронды цифрлық қолтаңба, яғни ЭЦҚ-ны биометрия мәліметтерімен сәйкестендіріп, авторизациядан жылдам өтуге мүмкіндік беріп отыр. Бір жарым айдың ішінде қазақстандықтар бұны 205 мың рет жүктеп алған.

Кейбір анықтамаларды небәрі 1 минуттың ішінде алуға болады. Есесіне қаншама уақыт, қаржы үнемделеді. Адамдар Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгірмей, қалтасындағы ұялы телефонның бар мүмкіндігін пайдалануы тиіс, — дейді басқарма төрайымы.

Тұрғындар арасында «Қалтадағы ХҚО» қызметін пайдаланушылар санын арттыру үшін әр ХҚО-да мобильді тіркеу секторлары ашылған. Онда мамандар азаматты базада тіркеп, бірден қосымша мен телеграм, фэйсбук және вконтакте әлеуметтік желілеріндегі боттар арқылы қызметтерді алу жолдарын көрсетеді.

Әсел МҰСТАФИНА,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік  корпорациясы  КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының баспасөз қызметкері. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button