Басты жаңалықтар

«Жылы шұлық» — жүректердегі жылылық белгісі

Акция

Ақтөбеде «Жылы шұлық» қайырымдылық акциясы өтті.

Биыл сегізінші рет өткен бұл акция балаларды қысқы жылы киімдермен қамту мақсатында ұйымдастырылып келеді. Осыған дейінгі жеті жылдың ішінде мыңнан астам балаға, жалпы санағанда, 10 миллион теңгенің көлемінде көмек көрсетіліпті.

«Жылы шұлық» акциясы «Ақбөбек» компаниясының бастамасымен өтіп келеді, сондай-ақ бұл іске облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі, «Білезік» отбасылық құндылықтар орталығы, көптеген ақтөбелік қыз-келіншектер, ақ жаулықты әжелер атсалысып жүр. Олардың басым бөлігі —қолынан тоқу келетін қарапайым жандар.

«Ақбөбек» білім беру орталығында өткен биылғы акция барысында жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин де: «Қайырымдылық — қалтадағы байлықтан емес, жүректегі ізгіліктен, адамның жан байлығынан бастау алатын іс», — деп атап өтті.

— Бұдан сегіз жыл бұрын басталған «Жылы шұлық» акциясы Ақтөбеде дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Біздің апа-қарындастарымыз өз қолдарынан шыққан бұйымдарды аз қамтылған отбасылар балаларына олардың қыстан тоңбай, ауырмай шығуына деген тілектестікпен ұсынады. Осы арқылы олар айналаға жылылық, мейірім шуағын таратады. Бұл шараға қолдау көрсететін жандардың жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны да үлкен қуаныш. Мен акцияға атсалысқандардың бәріне шын жүректен алғыс айтамын. Өмір болған соң, айналамызда мұң-мұқтажы бар жандар болмай тұрмайды. Оларға қолдан келгенше көмектесіп, тым болмаса, тілектестік пейіліңді білдіріп, жылы сөз айтудың өзі қоғамда мейірім мен ізгіліктің үстемдік етуіне қосылған үлес болмақ, — деді облыс басшысы.

Шарада сал ауруына шалдыққан 9 балаға және көмекке зәру отбасында өсіп жатқан бір сәбиге облыс әкімінің атынан теледидарлар сыйға тартылды.

Қайырымдылық акциясының аты «Жылы шұлық» болғанымен, аз қамтылған отбасылар балаларына тек шұлықтар ғана емес, тоқылған кеудеше, бас киім, қолғаптар, тіпті кішкентай қыздар үшін әдемі көйлектер де ұсынылды. Сондай-ақ, «Ақбөбек» білім беру орталығында дәріс алып жүрген шәкірттер жиналған көпшілікке арнап концерт қойды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button