Жаңалықтар

Нұр-Сұлтандағы жәрмеңке: 215 тонна ақтөбелік өнім сатылды

Жәрмеңке

21-22 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында облыстың тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Елорда төрінде ұйымдастырылған жәрмеңкеге Ақтөбеден барлығы 215 тонна өнім жеткізілді.

Бұл — 2018-2021 жылдарға арналған азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша Жол картасын іске асыру әрі республика өңірлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу бойынша жоспарға сәйкес ұйымдастырылған шара.

Нұр-Сұлтан қаласының Қонаев көшесі мен Тұран даңғылы қиылысында, яғни «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанында өткізілген жәрмеңкеге облыстың барлық ауданы және  Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысты.

Өткен сенбі, жексенбі күндері Нұр-Сұлтан қаласында Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған барлығы 215 тонна өнім жеткізілді. Оның ішінде 65 тонна ет, 85 тонна картоп және көкөніс, 10 тонна сүт өнімдері, сондай-ақ 13 мың дана жұмыртқа саудаға шығарылды. Сол сияқты осы жәрмеңкеде астаналық тұрғындарға 3 тонна балық және өнімнің басқа түрлері де ұсынылды. Жәрмеңкеге шығарылған азық-түлік бағасы Нұр-Сұлтан қаласындағы бағадан 15-20 пайызға төмен сатылды. Бұл күндері Ақтөбенің өнімдеріне сұраныс өте жоғары болды, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Бүгінде Ақтөбеде өнімді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың қатары көп. Атап айтсақ, «Айс+», «Агрофирма Тау», «Мәртөк сүт» сияқты кәсіпорындар жәрмеңкеге сүт өнімдерін ұсынса, «Шыңғыс», «Абылай» шаруа қожалықтары мен «Шекшек Ата» ауыл шаруашылығы кооперативі сияқты шаруашылықтардан жеткізілген қымыз, шұбат, ешкі сүтін алу үшін астаналық тұрғындар ұзын-сонар кезекке тұрды. Сонымен қатар «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты», «Рамазан», «Ақтөбе-нан» сияқты басқа да серіктестіктердің шығарған ұн, макарон, «Айбек», «Степное», «Рокос» компанияларының шұжық,  «Изет Грин Хаус», «Гринхаус Казахстан» жылыжай өнімдері де әп-сәтте-ақ өтіп кеткен.

Қазір кейбір ақтөбелік фирмалардың Нұр-Сұлтан қаласында филиалдары бар. Мәселен, «Рокос», «Парижская коммуна», «Анвар» сияқты кәсіпорындардың сондағы филиалдары да жәрмеңкеге белсенді қатысып, өз өнімдерін көпшілікке ұсынды, — деді Қ.Сәрсембай.

Жәрмеңке алаңына ақтөбелік өнімдердің бағасы жазылған баннер де қойылды.  Бұл —елорда тұрғындары мен қонақтарына сауда жасауға ыңғайлы етіп алдын ала ойластырылған шара. Онда жәрмеңкеде ұсынылған өнімдердің барлығының бағасы көрсетілген. Бұл күндері астаналықтар Ақтөбеден жеткізілген сиыр етінің келісін 1500,  жылқы етін 1700,  қой және шошқа етінің келісін 1200-1350 теңге аралығында сатып алса, бір келі қазы 1800 теңгеге бағаланды. Келісі 70 теңгеден сатылған картоп, сәбіз, пияз да кең сұранысқа ие болды. Сол сияқты шарада Ақтөбеде өндірілген күнбағыс майы, бал, кондитер өнімдері мен түрлі сусындар да арзан бағаланды.

Жәрмеңкеге келушілердің көңілін көтеру үшін алаңда ақтөбелік өнерпаздар әннен шашу шашты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button