Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

«Ақтөбе» газетінің ауылға сапары

«Ауылым — алтын бесігім». Байғанин ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында және облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған шара осылай аталды. Басылым мерейтойы аясындағы шара 4 топ бойынша өткізілді.

Облыстық қоғамдық кеңес көшпелі отырысын өткізді. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы кәсіпкерлерге шеберлік класын ұйымдастырды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімов бастаған білікті дәрігерлер  тұрғындарды қабылдады.  Аудандық аурухана ғимаратында медицина ғылымдарының кандидаттары, ғалым-дәрігерлер Бекболат Жолдин,  Мейрамбек Құрманғазин, Талғар Әбіловтер науқастарға медициналық тексеру жүргізіп, кеңес берді.

Шараның ең маңызды, ең қызықты тұсы аудандық Мәдениет үйінде өтті. Ғимарат фойесінде «Ақтөбе» газетіне 95 жыл» көрмесін тамашалаушылар көп болды. Газетіміздің ескі тігінділерін парақтаған олар сол кездегі тарихи деректерді көріп таңғалды. Сондай-ақ осы маңда басылымға жазылу да қызу жүріп жатты. Оқырмандарымыздың өте көптігі соншалық небары 9,5 минутта 95 адам сүйікті басылымдарына жазылды.  Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазанғаптанушы, күйші-домбырашы Жайлау Асылханов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, «Аққу» би ансамблінің бишілері ән, күй, биден шашу шашты.  Концерттік бағдарлама барысында мерейлі сәт — марапаттау рәсімі де жиналғандардың көңілін көтерді. Байғанин өңірінен шыққан түрлі салада жемісті еңбек еткен 8 тұлғаның атындағы сыйлықтар лайықты иелеріне табыс етілді. Сондай-ақ газет оқырмандары да тартусыз қалған жоқ. Басылымға ең алдымен жазылып үлгерген 3 оқырманға сыйлықтар берілді. Сонымен бірге бұл күні облыстық кәсіподақтар кеңесінің, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының, ауған соғысы ардагерлері бірлестігінің, облыстық білім басқармасының, «Жасыл ел» еңбек жасағының  арнайы сыйлықтары, медаль, төсбелгілері табыс етілді.

Тұңғыш гимназия, облыста баламасы жоқ ғимарат

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бастаған құрамында аталған серіктестікке қарасты екі облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің басшылары, қызметкерлері, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, білім, медицина, мәдениет саласының өкілдері, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымы бар жалпы саны 40-қа жуық адам киелі Байғанин өңіріне іссапармен барды. Ақтөбеден келген делегацияны аудан шекарасынан аудан әкімі Қайрат Отаров бастаған бір топ адам қарсы алды. Аудан басшысы шежірелі өңір тарихы туралы қысқаша таныстырып, ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық мерекесі аясындағы шаралардың аудандардың арасында Байғанин өлкесінен басталуына ризашылығын білдірді.

Ақтөбелік делегация Қарауылкелдідегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысты.

Алдымен күні кеше ғана ел игілігі үшін пайдалануға берілген аудан тарихындағы тұңғыш гимназияны —  №4 Қарауылкелді мектеп-гимназиясын аралады. Үш ауысымды мектептің орнына республикалық бюджеттен салынған, сыйымдылығы 320 орындық білім шаңырағының 100 орындық интернаты да бар. Заман талабына сай еңсе көтерген екі қабатты ғимаратта оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.

Бұдан кейін Жастар ресурстық орталығының жұмысы таныстырылды. Аталған орталықтың директоры Сая Сағынғалиеваның айтуынша, басты мақсат — жастарға қолдау, көмек көрсету. Жастар ресурстық орталығының мұндай  дербес ғимараты облыстың ешбір ауданында жоқ. Осы орталықтың ұйытқы болуымен жақында ғана «I love Bayganin» аспан асты жастар экспедициясы ұйымдастырылып, құрамында мұғалімдер, студенттер бар бір топ жас өңірдің киелі жерлерін аралап, құнды мәлімет жинауға аттаныпты.

Сондай-ақ, ақтөбелік делегация мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығымен, аудандық шығармашылық орталығымен, «Толағай» балалар ойын алаңы және спорт алаңын аралап көрді.

Өнегелі өмір, өшпес із

Шара барысында ақтөбеліктер «Ақын-жазушылар» саябағына барып, олардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтары қойылды. Мектеп оқушылары қаламгерлердің туындыларын жатқа оқыды. Бармақ батыр, Ұлы Отан соғысының ардагері Елтоқ Сәрсенбаев, Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың ескерткіштеріне де гүл шоқтары қойылды. Аудандық мешітте осы киелі мекенде дүние есігін ашып, кезінде ел игілігі үшін жемісті еңбек еткен марқұмдардың рухына бағышталып Құран оқылды.

Бұдан кейін ақтөбеліктер 50 жылдық тарихы бар Қарауылкелді орта мектебінің тыныс-тірлігімен танысты. Ұстаздардың ұстазы болған Нұрман Қорбин осы білім шаңырағын 30 жылға жуық басқарып, ел ықыласына бөленді. Жиында ұлағатты ұстаздың өнегелі өмірі туралы да естеліктер айтылды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры Раукен Отыншин жоғары оқу орнын тәмамдап келген уақытта осы үлкен жүректі ұстаздың тәрбиесін көріп, өзіне үлгі еткен.

  • Еңбек жолымды осы мектептен бастадым (Ол кезде бұл білім шаңырағы Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орта мектеп болды). Мектеп директоры Нұрман Қорбин білікті ұстаз, талапшыл басшы еді. Жұмысқа қабылданғаннан кейін 3 айдан соң, әскери борышымды өтеуге аттандым. Арада жыл жарым уақыт өткен соң осы білім ордасына қайта оралдым. Маған үлкен міндет жүктеді. Оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқардым. Нұрман Қорбин басшылық еткен жылдары бұл мектептің жетістіктері көп болды, білім сапасы көтерілді, — дейді Раукен Сағызбайұлы.

Нұрман Қорбин өзі «Қазақ КСР оқу ісінің озық қызметкері» белгісімен, бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ал ол кісі директор болған 30 жылдың ішінде 3 мұғалім «Құрмет белгісі» орденіне ие болса, тағы да 3 педагог «КСРО оқу ісінің үздігі» атанған. Сол кездегі үлкен наградалардың бірі Н.Крупская атындағы сыйлық та осы мектептің ұстазына табысталған.

Шара барысында жиынға қатысушыларды мектеп директоры Қанат Қойшығұлова  мұражайдағы жәдігерлермен, заманауи үлгідегі жабдықталған бөлмелермен, көрмелермен таныстырды.
Бұдан соң аудандық әкімдік ғимаратында облыстық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Басқосуға аталған кеңестің комиссия төрағасы Келдібай Еспағамбетов төрағалық етті. Күн тәртібінде Байғанин ауданының ауыл шаруашылығы және экологиялық ахуалы туралы мәселе қаралды. Бұл тақырыптар бойынша баяндамалар тыңдалып, мәселені шешу жолдары талқыға салынды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Нұрлан ӨСКІНОВ,

аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі:

 — Облыстық «Ақтөбе» газетін 50 жылдан бері үзбей оқимын. Әр нөмірін, әсіресе, бейсенбі күнгі нөмірін асыға күтетіндердің бірімін. Басылымда талғампаз оқырман көңілінен шығатын көп материал бар.

Бөрібай СИСЕН, Байғанин техникалық колледжінің директоры:

— 1978 жылы аудандық білім бөлімінде кадр жөніндегі әдіскер болып еңбек жолымды бастадым. Сол кезден бері, яғни 41 жылдан бері «Ақтөбе» газеті менің сүйікті басылымыма айналды. Әсіресе, газеттегі ел өміріндегі маңызды оқиғалар, білім саласындағы материалдарды үзбей оқимын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button