Жаңалықтар

Квест-сессия: 100 минутқа созылған сұрақ-жауап

Сейсенбі күні облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ғимаратында ерекше форматтағы кездесу өтті. Басты ерекшелік — екі тараптың қатысуымен ұйымдастырылған шарада сұрақ-жауапқа маңыз берілді.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, мемлекеттік мекемелердің басшылары, сала мамандары қатысқан басқосуға өңірдегі 50-ден астам кәсіпкер арнайы шақырылды. Мақсат — олардың бизнесті жүргізу барысында кездескен мәселелері бойынша сұрақтарына жауап беру, құқықтық сауатты арттыру.

— Квест-сессия түріндегі бүгінгі кездесу сұрақ-жауапқа құрылған. Тағы бір өзгешелік — мұнда ешқандай баяндама жасалмайды. Кәсіпкер өзі қойған сұрағына сол бойда құзырлы орган өкілдері тарапынан жауабын алады. Осының барлығы атқарушы биліктің көзінше жүзеге асады. Яғни мардымды жауабы алынбаған, күрмеуі қиын сұрақтарды әкімдіктегілер өз бақылауына алады. Сол арқылы олар да кәсіпкерлердің мұң-мұқтажына қанық болып, белгілі бір деңгейде мәселелерді шешуде атсалыса алады, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.

Сұрақ қойғандардың қатарында Мұғалжар ауданынан келген кәсіпкер де бар. Оның айтуынша, жол жөнделгенде кәсіпкерлік нысанына барар автокөлік жолы назардан тыс қалған. Бұл түйткілдің қалай шешілетінін құзырлы орган өкілдері бәрін анықтағаннан кейін толыққанды жауап беретінін айтты. Сондай-ақ, Ақтөбедегі бірқатар жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мемлекет тарапынан бөлінетін қолдаудың әлі де аз екенін, соның ішінде әр балаға қарастырылатын қаржының толық көлемде берілмей отырғанына шағымданды. Мамандар бұл туралы хабардар екенін, көп ұзамай мәселенің оң шешімі шығатынына сендірді.

Бас-аяғы 100 минутқа созылған мұндай басқосуды енді тоқсан сайын өткізу  жоспарланып отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button