Жаңалықтар

Дзюдошы Жанболат Бағытбергеновке құрмет көрсетілді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өтіп бара жатқан жылы ерекше көзге түскен дзюдошы Жанболат Бағытбергеновпен кездесті.

Осы жылдың қазан айында ақтөбелік спортшы Нассау (Багамы) қаласында жастар арасында өткен дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының ішінде жалғыз марапат — қола медальді жеңіп алды. Бұл Ақтөбе облысының жастары арасындағы дзюдоның тарихындағы алғашқы медаль. Біріншілікке барлығы 79 елден 492 спортшы қатысты.

«Бұл — Қазақстан үшін, атап айтқанда, Ақтөбе үшін үлкен жеңіс. Сен әлі жассың. Небәрі жиырмадасың, яғни спорттық мансабыңдағы алар асуың әлі алда. Бастысы, ерінбей, күш-жігер жұмсап, шеберлігіңді шыңдауға көңіл бөлу керек. Оған қоса, келе жатқан жыл лицензиялық, сондықтан сені Токиода өтетін Олимпиада ойындарында өнер көрсеткеніңді көреміз деп күтеміз», — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы, сондай-ақ, спортшыға облыстық дзюдо федерациясы атынан 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақының сертификатын табыс етті.

Өз кезегінде, Жанболат Бағытбергенов жылы лебізді қабылдауы үшін алғыс айтып, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін әрі қарай да бар күшін салатынына уәде берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button