Жаңалықтар

Ақай ауылына көгілдір отын келді

Жаңа жыл қарсаңында Ақай селосында көптен күткен газ желісі іске қосылды. Бұл күні поселкеішілік газ жүргізілуінің ашылу салтанаты болды. Бұл қуанышты оқиғаны атап өтуге ауылдың 700-ден астам тұрғыны жиналды. Салтанатты сәтке жиналған облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов жиналғандарды мерекемен және жақсы жаңалықпен құттықтап, облыстың алдағы жылы газбен қамтылуы 90 пайыздың үстіне шығатынын жеткізді.

— Бұл жоба облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалы арасында жасалған меморандум нәтижесінде жүзеге асты, — деп хабарлады аталған кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Ермек Қалдығұлов. — Бас мердігер ретінде «Энергохолдинг-А» ЖШС белгіленді, ал құрылыс жұмыстары биылғы қыркүйек айында басталды. Жобаның құны — 700 миллион теңге. Газ құбырының ұзындығы 30 километр құрайды, компания бұдан басқа Ақай селосының өзінде 13 километрден астам газ құбыры желісін жүргізді. Біз газ құбырын әрбір үйдің ауласына дейін жеткіздік, енді тұрғындар қазандық, құбыр және қажетті жабдықтарды алып, өз аулаларына тарту жұмыстарын жүргізеді.

Ермек Қалдығұлов хабарлағандай, облысты газ желісіне қосу жұмыстары инвестициялық бағдарлама нәтижесінде 60 пайыздан 89 пайызға дейін көтерілді.

Серік Төленбергенов Ақай ауылының тұрғындарын келе жатқан мерекемен және көгілдір газ игілігін көрулерімен құттықтады.

— Бұл нысан облыс әкімдігі мен газбен жабдықтаушы компания арасындағы ынтымақтастық пен келісімшартқа сәйкес пайдалануға беріліп отыр, мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғасады деп ойлаймыз, — деді өз сөзінде Серік Төленбергенов.

—  Келер жылы облысты газ желісіне қосуды 90 пайыздың үстіне шығаруды көздеп отырмыз, ал Алға ауданында бұл көрсеткіш 97,5 пайызға жетпекші.

Ауыл ақсақалдары жауап сөзінде облыс әкімдігіне, газ желісін жүргізген компания өкілдеріне алғыс сезімдерін білдірді. Аз қамтылғандар тобына жататын үш отбасыға облыс әкімдігі атынан газ қазандықтары сыйға берілді. Ауылға газды қосу құрметі ақсақалдарға ұсынылды.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов бұл күні шайбалы хоккейден аудандық чемпионаттың ашылуына да қатысты.

— Бүгін Үшқұдық селосында аудан селоларынан келген 12 команда арасында шайбалы хоккейден жарыс басталады, — деп хабарлады аудандық дене тәрбиесі және спорт комитетінің басшысы Талғат Сұлтанов.

—  Ойын қаңтар айы бойы жалғасады, содан кейін ілгері шыққан командалар облыстық жарыстарға қатысады. Селоларда жасалған мұз айдыны қысқы спорт түрлерін кеңінен дамытуға мүмкіндік берді. Қазір ауданда 22 хоккей алаңы және мұз айдындары бар.

Серік Төленбергенов хоккей командаларын жаңа жылмен құттықтап, оларға жеңіс тіледі және спорттық жарыстың басталуы белгісі ретінде шайбыны ойынға қосты.

Санат РӘШ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button