Жаңалықтар

Сәнді орталықтағы салтанат

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында қала әкімі Ілияс Испанов мәдениет саласының ардагерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Қала әкімі бастаған ардагерлер орталықты аралап, ондағы «Ана даңқы» музей-галереясын, хореография залын, сондай-ақ бірыңғай тақырыптық кабинеттерді қарап шықты.

Бұдан кейін дастарқан басына жиналған ардагерлерді қала әкімі Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Өздеріңіз білесіздер, «Анаға тағзым» орталығы — бүгінде қаламыздағы зәулім, жаңадан ашылған ғимараттардың бірі. Бүгінде мұнда аналарымыз бас қосып, қыз балаларға арналған әртүрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Бүгін, мереке қарсаңында, сіздерді осы орталыққа жинап, бастарыңызды қосып отырған мақсатымыз — алда келе жатқан мерекемен құттықтау, сіздерге құрмет көрсету.

Сіздер өнегелі ғұмыр кешіп, абыроймен зейнеткерлікке шығып, бүгінде еңбек демалысында болсаңыздар да облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрсіздер. Тіпті аталар мен аналар ансамбльдерін құрып, керемет кеш өткіздіңіздер. Бұл игі істеріңіз, ең алдымен, болашақ жастарға үлкен өнеге. Сондықтан бүгінгі басқосуда сіздерді алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңіз сау болып, отбасыларыңыз аман болсын! Жаңа жыл жаңа бақыт, табыс әкелсін! — деді І.Испанов.

Басқосуда «Атамекен» аталар ансамблі мен «Асылым» әжелер ансамблі ән шырқап, ардагерлер өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Кездесу соңында ардагерлерге сый-құрмет көрсетілді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button