Жаңалықтар

Тұрақты ахуал тамыры

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов өңірдегі  діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін бір топ азаматты марапаттады. Шараға  Ақтөбе қаласы мен аудандардан имамдар мен теологтар қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Еліміздің тыныштығын сақтау үшін сіздердің жасап жатқан жұмыстарыңыздың  салмағы өте зор. Бір қарағанда көзге көрінбейтін секілді, бірақ жасаған еңбектеріңіздің жемісі өз нәтижесін беріп жатыр. Биыл 122 мың адамды қамтыған 6400 шара ұйымдастырылыпты. Оның ішінде 2800 шара жат ағымдағы адамдармен жұмыс жасауға  бағытталған.  Мемлекеттің тұтастығын сақтау, діни ахуалды тұрақтандыру оңай жұмыс емес. Бұл үлкен күш пен ауызбіршілікті, еңбекті талап етеді. Осы ретте жыл бойы атқарылған шаруаларды қорытындылап, сіздердің бастарыңызды қосуды жөн санадық. Қазақ қашанда келер жылдан жақсылық күтеді. Барлықтарыңыздың ойға алған арман-тілектеріңіз орындалсын, — деді.

Сондай-ақ Марат Тоқжанов «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында және жыл бойы облыстағы діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау үшін еңбек еткен әр саладағы азаматтарды сегіз номинация бойынша марапаттады. Оның ішінде «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының директоры А.Дүйсеноваға,
облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Г.Алматбаеваға және облыстық  денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Г.Мәмбетжанова мен
«Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары Т.Талдыбаевқа, облыстық ішкі істер департаментінің жедел уәкілі Д.Ахметовке облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. «Үздік теолог», «Үздік діни қызметкер», «Үздік қоғамдық бірлестік», «Қоғамдық тұрақтылықты сақтауға ерекше үлес қосқан БАҚ өкілдері», «Үздік ақпараттық түсіндіру тобы», «Үздік интернет ресурс», «Қоғамдық тұрақтылықты сақтау мен насихаттауға ерекше үлес қосқан мемлекеттік қызметкер», «Үздік мекеме» номинацияларына ие болғандар  Алғыс хат және арнайы сыйлықты еншіледі.

Жиын соңында «Адырна» журналының редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы кейінгі жылдары діни ахуалға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін көрсеткенін айтса, «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан облыс пен аудан мешіттерінің жағдайына тоқталып, алда атқарылатын шаруаларды баяндады.

Әйтеке би аудандық мешітінің бас имамы Сұңғат Сәметов ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

— Ауданда діни ахуал тұрақты. Жат ағымның жетегіне еріп, тәртіп бұзған азаматтар жоқ. Соған қарамастан мешітте дәстүрлі ислам, отбасы тәрбиесі төңірегінде уағыздар айтылады. Бүгінгі шара осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарға, оның ішінде жастарға үлкен серпін береді, — деді.

Марапаттау сәтінен кейін жиналғандарға «Қазақ» мейрамханасында түскі ас берілді. Жалпы бұл шараны облыстық дін істері басқармасы, «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button