Жаңалықтар

Барлық салада ілгерілеу бар

Брифинг

Тоғыз жолдың торабы саналатын, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған Мұғалжар өңірінде жыл бойы ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы аудан әкімі Ербол Данағұлов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуде айтып берді.  

Өткен он бір ай ішінде аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 431 662,7 миллион теңгені құрады, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі мен өңдеу өнеркәсібінің үлесі басымдықта тұр. Есепті мерзімде 2 235,8 мың тонна мұнай өндірілді, бұл — жалпы осы саладағы облыс көрсеткішінің 42 пайызын құрайды. Ал ілеспе мұнай газының негізгі бөлігі осы ауданда өндірілуде.

Уақыт талабына сай шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік қолдау бағдарламалары мүмкіндіктерін тиімді пайдалану — күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта өңірде бизнес субъектілері саны 3312 бірлікке жетті. Жыл ішінде ғана қатарға 100-ге жуық құрылым қосылды. Ал осы салада жұмыс істейтіндердің жалпы саны 6000-ға жуықтап отыр. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім мөлшері 10 591 миллион теңге құрады.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 862,7 миллион теңгенің 19 жобасы мақұлданып, тиісті қаржылық несиелер алынды. Биылғы жылы іске қосылып, пайдалануға берілген көрнекті жобалар қатарында «Кәдіралиннің жеке медициналық орталығын», теміржол вокзалы алаңындағы Аналар саябағын және Тәуелсіздік даңғылы бойындағы саябақты атауға болады. Жеке кәсіпкер Ж.Сәрсенбаев өз қаражаты есебінен Ембі қаласында 350 адамға арналған «Сайрам» және 250 орындық «Наси» демалыс орталықтарын пайдалануға берді, оларда 11 жаңа жұмыс орны ашылды.

Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға да тұрақты көңіл бөлінуде. Биылғы жылы 16 462,4 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, оның үштен екісінен астамы мал шаруашылығының үлесінде. Төрт түлік малдың қай түрінен мал басы өсімі байқалады. Бұған соңғы уақыттары 24 ірі қара және 5 қой шаруашылығы құрылымдалуы да игі әсерін тигізіп отыр.

Ауыл шаруашылығын дамытуға осы саланы өркендетуге бағытталған инвестиция салымы да көмегін тигізуде. Жыл ішінде бұл бағытта 368,1 миллион теңге инвестиция іске қосылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5 есе артық. Талдысай ауылдық округінде 3 мың бас ірі қара бордақылайтын алаңды салуға 217 миллион теңге жұмсалды, сонымен бірге мал сою алаңы да өз қызметін көрсетуде.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға да назар аударылуда. Он бір ай ішінде жаңадан 8 трактор, 15 мал азығын дайындау техникасы сатып алынды. Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту белгіленген тапсырмаға сәйкес жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік салада елді мекендердің газ желісіне қосылуы маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Бұл ретте аудан басшысы мынадай деректер келтірді. Мәселен, 2016 жылға дейін 54656 тұрғыны бар 12 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілген болса, 2016-2018 жылдар аралығында тағы да төрт  ауыл осындай игілікке қол жеткізді. Ағымдағы жылы Мұғалжар, Жұрын, Қаракөл ауылдарын газ желісіне қосу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып, сараптама қорытындысы алынуда.

Аудан орталығы Қандыағаш қаласы уақыт ағымына сай бой түзеу бағытында. Жыл басынан бері «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2 бес қабатты 120 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. «Самал» шағын ауданында облыстық бюджет есебінен 8 пәтерлік 3 тұрғын үй салынуда. Мұндай шараларға аудандық бюджет есебінен де қомақты қаржы бөлінді.

Ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бағытында да қозғалыстар бар. «Еламанова» ЖК 170 орындық балабақшаны салып, пайдалануға берді. Сондай-ақ, осы кәсіпкер Қандыағаш қаласындағы «Достық» шағын ауданынан 150 орындық балабақша құрылысын шілде айында бастады. Ол таяу күндері пайдалануға берілмекші.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button