Жаңалықтар

Биыл 3740 салымшы баспаналы болды!

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы — Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Ақтөбе облыстық филиалы ұжымы жыл бойы істелген жұмысты қорытындылады.  Филиал басшысының орынбасары Рауан Баяштың айтуынша, биыл Ақтөбе облыстық филиалы тұрғын үй сатып алуға арналған заемдардың рекордтық санын ресімдеді. Жыл басынан бері бүгінге дейін филиалдың 3 740 салымшысы қоныстойын атап өткен. Өткен жылы 2 548 заем берілгенін ескерсек, биылғы көрсеткіш өте жоғары.

Банк өкілінің айтуынша, несиелердің62%-ы бастапқы нарықтан жаңа үй сатып алуға берілсе, 38%-ы бұрын қолданыста болған тұрғын үйлер бойынша ресімделген.

— Облыста несие ресімдеген 1 605заемшының айлық табысы 100 мың теңге шамасында. 2 135 заемшы 140 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ал 542адам 50 мың теңге табыспен заем ресімдеп, пәтер алды. Бірегей тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында кез келген адам табыс көлеміне қарамастан баспаналы бола алады. Банктегі депозитін ай сайын тұрақты түрде ұсынылған сомаға толықтырып отырған клиент үшін төлем қабілеттілігін растау тәртібі жеңілдетілген, — деді РауанБаяш.

Банк биыл әскери қызмет өкілдері мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері үшін бөлек тұрғын үй бағдарламасын әзірледі. Бұл мақсатта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз қаражатынан 98 млрд теңге бөлді.Оның ішінде 24 миллиард теңге осыған дейін басқа екінші деңгейлі банктерден алынған заемдарды қайта қаржыландыруға жұмсалды.

Облыста әскери қызметшілерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 129 заем берілген. Олардың ішінде 35 әскери отбасы заемды арнайы 6-8% мөлшерлемемен ресімдеді, 81-і «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспаналы болды. Әскери қызметшілердің 49-ы коттедж кілтін болашақта сатып алу құқығымен жалға алды.Әскерилер заемды өз қалтасынан төлемейді, ол үшін мемлекеттің әскери қызметкерлерге ай сайын төлеп тұратын тұрғын үй төлемдері бағытталады.

— Жалпы алғанда биыл жыл басынан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ақтөбелік 1 644 отбасы қоныстойын тойлады. Олардың ішінде пәтер кезегінде тұрған азаматтарға бастапқы жарнаның жартысы пайызсыз ссуда есебінде берілді. Яғни жергілікті басқару органында баспана кезегінде тұрған азаматтар «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сәйкес қажетті бастапқы жарнаның, яғни үй құнының 20 пайызына тең қаражаттың 10 пайызын үкіметтен пайызсыз ссуда есебінде алды. Еліміз бойынша тек Ақтөбе облысында ғана жүзеге асырылып отырған бұл тың бастама алдағы жылы да жалғасатын болды, — дейді Рауан Баяш.

Банктің «Өз үйім» атты жеке бағдарламасы да бар. Бұл бағдарлама бойынша пәтер алғысы келетін азаматтар үй құнының 20 пайызына тең қаражатты жинап, жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен 19 жылға несие ала алады. Биыл аталған бағдарлама аясында банктің 178 салымшысы Батыс-2 ауданынан пәтер алған, ал 1 713 клиент  қайталама нарықтағы ескі үйлерді саудалау арқылы баспаналы болған.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларға депозит рәсімдеуді де жеңілдеткен. Бүгінде филиалдың 75 дербес кеңесшісі бар.

— Олар банктің барлық өнімдері мен бағдарламалары туралы кеңес беріп, қаржы жинау жоспарын құрып, үйіңізден немесе кеңсеңізден шықпай-ақ, демалыссыз және үзіліссіз депозит ашып бере алады. Биыл облыстық филиал салымшыларының депозит көлемі 15%-ға өсті. Бүгінде жалпы сомасы 44,3 млрд теңге болатын 91 536 депозит бар, оның 6 831-і 18 жасқа дейінгі балаларға ашылған. Баспаналы боламын деп ақша жинап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан да қолдау бар. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің барлық салымшылары бір жыл ішіндегі шотқа салған ақшаның 20%-на тең көлемде мемлекет сыйлықақысын ала алады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 481 000 теңгеден аспайтын салым сомасы бойынша есептеледі. Яғни биыл шотыңызға 481 000 теңге салсаңыз, 96 200 теңге көлемінде  ең жоғарғы мемлекет сыйлықақысы сіздің шотыңызға түседі. Бұл бонустың арқасында банк салымшылары депозит бойынша 13,3%-ға дейін баратын жылдық тиімді сыйқақыға да қол жеткізе алады. Мемлекет сыйлық ақысын алып үлгеру үшін депозитті 29 желтоқсанға дейін толықтырып үлгеру қажет, — дейді  банк филиалы директорының орынбасары Жанболат Қалменов.

Ж.Қалменовтің айтуынша, банктің облыстық филиалы салымшыларға ыңғайлы болу үшін алдағы жылы төлем терминалдарының желісін көбейтпек. Бұған қоса банк алдағы жылы бизнес-процестерді жетілдіру мен автоматтандыруды, клиенттерге онлайн-режимде көрсетілетін қызметтер санын арттыруды жоспарлап отыр.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button