Жаңалықтар

Желтоқсан: соңғы түйенің жүгі ауыр ма?

Жылдың соңғы айы желтоқсанда атқарылатын жұмыс ауқымы әсте жеңіл болып көрген емес. Осы кезеңде жыл бойы атқарылған шаралардың қорытындысы шығарылады, бар мен жоқ сарапқа түседі, алдағы кезеңнің межелері белгіленеді.

Сонымен, желтоқсан да аяқталуға қарады. Осы айда облыста көзге түсер қандай тірліктер атқарылды, бүгінгі әңгімеміз де сол төңіректе өрбімек.

Елбасы газ өңдеу кешенін іске қосты

Еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында Елбасымыз тікелей эфир арқылы Байғанин ауданында заманауи газ өңдеу кешенінің жұмысын бастауына пәрмен берді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 кәсіпорынның қатарынан орын алған Ақтөбе облысында «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  кәсіпорны салған заманауи газ өңдеу кешені қондырғысы шикізат базасын ұтымды пайдалануға, ілеспе мұнай газын қайта өңдеуді арттыруға және зиянды заттардың атмосфераға шығуын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаға 42 миллиард теңге көлемінде жүз пайыз жеке инвестиция салынды.

«Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорны салған ілеспе мұнай газын кәдеге жарататын заманауи газ өңдеу кешенінің қуаттылығы сағатына 40 мың текше метр. Ол жылына 226 текше метр тауарлы газ, 37 тонна пропан-бутон қоспасын, 5,4 мың тонна газ конденсатын, 10,5 мың тонна түйіршіктелген күкірт шығаруға мүмкіндік береді.

Жоба екі жылдың ішінде жүзеге асырылды. Зауыт жүйесі толық автоматтандырылған.

Оның құрылысы кезінде 1500 жұмыс орны құрылды, соның 258-і тұрақты.

«Aktobe Invest-2018»: инвестиция көзі

«Aktobe Invest-2018» VI халықаралық инвестициялық форумына әлемнің 23 елінен 400-ден астам өкіл қатысты. Инвестициялық форум кезінде жалпы сомасы 300 миллиард теңгеге 9 меморандумға қол қойылды

Форумға отандық бизнестің үздік менеджерлері, сондай-ақ Қытай, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Әзірбайжан, Еуроодақ елдері, Белоруссия, Ресей, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерден келген инвесторлар қатысты.

Форумның негізгі мақсаты — өңір экономикасына отандық және шетелдік инвестициялар ағынын тарту. Онда облыстың басым салаларындағы 30-ға жуық перспективті ірі жоба ұсынылды. Мұнай өндіру, газ өңдеу, қара және түсті металлургия, агроөнеркәсіп салаларына қатысты жобалар инвестицияны қажет етеді.  Сондай-ақ, форум аясында қонақтарға географиялық карта, мұнай-газ саласында тау-кен өндірудің жаңа технологиялары туралы ақпараттар мен перспективалық жобалар таныстырылды.

Жеңіл өнеркәсіптің міндеті

Ақтөбе жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкер әйелдердің басын қосты.

Жеңіл өнеркәсіп саласының дамуын ынталандыру, түрлі кәсіпорындар арасында диалогты қамтамасыз ету, тәжірибе алмасу, саланың беделін әрі тартымдылығын арттыру мақсатында өткен бұл форумға Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен бизнес өкілдері, сондай-ақ облыстағы шағын, орта және ірі бизнес субъектілеріндегі іскер әйелдер, жас кәсіпкерлер қатысты.

Форумда  жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкер әйелдердің іскерлік орта өкілдерімен, атап айтқанда, Еуропа қайта құру және даму банкі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының шағын бизнесті қолдау топтарымен, сондай-ақ облыстағы іскер әйелдер, дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастықтарымен өзара тиімді әрекеттесуіне жағдай жасау жағы қарастырылды.

Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілген форумда жеңіл өнеркәсіппен айналысушылардың көрмесі ұйымдастырылды.

«Агрогектар» не береді?

 Мемлекет басшысының өңіраралық кооперацияны дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сол сияқты азық-түлік белдеуін қалыптастыру тапсырмасын жүзеге асырудың бір жолы — «Агрогектар» әлеуметтік жобасы. Бұл — облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында әзірленген шара.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жатқан жерлерді тиімді әрі ұтымды пайдалану жұмыстары әлі де болса тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатқан жоқ. «Агрогектар» әлеуметтік жобасы осы мақсаттағы олқылықтарымызды орнына келтіру үшін жұмыс жасайды.

Алдағы уақытта бос жатқан алқаптарға қажетті инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өз міндетіне алмақ.

Дайын инфрақұрылыммен, қажетті технологиялармен қамтамасыз етілген алқапты игеруге ниетті адамдарға кемі 1 гектар жер жалға беріледі.  Бір жылға жалға берілетін бір гектар жердің құны — 100 мың теңге деп белгіленуде.

«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы басшылығы республика бойынша бірінші болып Ақтөбеде жүзеге асырылғалы жатқан «Агрогектар» әлеуметтік жобасын қаржыландыруға қолдау танытып отыр.

Ұлы даланың рухани мұрасы

 Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы облыста мол қызығушылық тудырды. Осы маңызды құжаттың мәнін тереңірек түсіндіру, ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін ұғындыра түсу мақсатында облысымызға Астанадан арнайы топ келді. Оның құрамында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқармасының төрағасы, халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Қазақ ақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры, халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Асқар Омаров, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали, қоғам қайраткері Айдос Сарым, «Қазақстан блогерлері альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалым Байтук болды.

Топ мүшелері жұртшылықпен кездесіп, кеңінен пікір алмасты, дөңгелек үстел басындағы әңгімеге қатысты. Елбасының бұл бағдарламалық мақаласына әлем бойынша қызығушылық білдірілгені айтылды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button