Жаңалықтар

Облыс басшысы «Снпс-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорымен кездесті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы ірі мұнай-газ компаниясы — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Вэй Юйсянмен кездесті. Кездесудің басты тақырыбы кәсіпорынның 2018 жылғы өндірістік-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы болды.

«Жылдың аяғына дейін небәрі бір апта қалды. Осы кезеңде сіздер мұнай мен газ өндіру жөнінен жылдық жоспарды орындауды қамтамасыз етулеріңіз керек», — деп тапсырды облыс басшысы.

Бұдан басқа, кәсіпорынның жылдық инвестициялық қызметі, тауарлар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық үлес ахуалы, осы жылдың басында облыс әкімдігімен жасалған меморандум мен келісімшарттық міндеттемелердің орындалуы, сервистік компаниялардың қызметі, компанияның ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарға салымы мәселелері қаралды.

«Мемлекет басшысы 1 қаңтардан бастап еңбекақыны көтеру туралы тапсырма берді. Сіздерде, әсіресе сервистік компанияларда айына 42,5 мыңнан 80 мың теңгеге дейінгі аралықта еңбекақы алатындар бар. Бірінші кезекте сіздер төменгі мөлшерде еңбекақы алатын жұмысшылардың жалақысын көтеріп, қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбекақысындағы айырмашылыққа жол бермеулеріңіз керек. Сондай-ақ желтоқсандағы мерекелердің құрметіне сыйақы төлеуіңізді сұраймын», — деді Бердібек Сапарбаев компания басшысына.

Бұдан басқа, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Ақтөбеден Бейжің және Үрімші қалаларына жаңадан тікелей әуе рейсін ашуды қаржыландыру туралы ұсыныс айтылды.

«Биылғы жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның тұрақты өндірістік-шаруашылық қызметі қамтамасыз етілді. Жұмысшыларға сыйақыға қаржы бөлініп, төлем осы аптада аяқталатындығына сізді сендіргім келеді. Сондай-ақ еңбекақы да ұлғайтылатын болады, қандай көлемде екені қазір ойластырылуда. Әуе қатынасын ашуға қатысу мәселесі де қарастырылады. Біз сіздің барлық бастамаларыңызды қолдаймыз», — деп сендірді облыс әкімін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Вэй Юйсян.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button