Жаңалықтар

Жыл аяғына дейін жоспарлар толық орындалуы керек

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында бірнеше мәселе қаралды. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалып отырған қамқорлық мәселесі мен ауыл шаруашылығы саласындағы цифрландыру жайы кеңірек талқыланды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша, облыста 25568 мүгедек есепте тұр, оның 3629-ы — 16 жасқа дейінгі балалар. Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында республикалық және жергілікті қазынадан 1,8 млрд теңгеден астам қаражат қаралған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 600,0 млн теңгеге артық.

—  Мүгедектерді жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес, биыл 14104 адамға 737,9 миллион теңгеге гигиеналық және техникалық, протезді-ортопедиялық жабдықтар алу, санаторлық-курорттық сауықтыру қажеттігі айқындалды. Бүгінге дейін 11366 адамға қажетті техникалық жабдықтар алынып берілді. Яғни мүмкіндігі шектеулі азаматтар қажетті заттармен 80,6 пайызға қамтылды, жыл аяғына дейін жұмыс жалғасатын болады, — дейді ол.

Облыста екі мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Олар — қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі және жүйке аурулары интернат үйі. Бұл екі интернатта бүгінде 629 қарттар мен мүгедектер тұрады. Былтыр мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында жүйке жүйесі ауыратын балаларға арналған «Жайна» орталығы ашылды, онда қазір 75 мүгедек бала тұрады.

  • Бұдан өзге 18 бөлімше арқылы үй күтімі жағдайындағы 442 мүгедек балаға және 1611 жалғызбасты қарттар мен мүгедек азаматтарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бұл мақсатта 327 миллион теңге бөлінді, оның 75 пайызы игерілді. Арнайы әлеуметтік күтімді облыстағы алты үкіметтік емес ұйым да көрсетіп отыр, — деді Қ.Отаров.

Сонымен бірге биыл облыстық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында екі жобаны іске асыру үшін 6,1 миллион теңге қаралған. Олар — ымдау тілі мамандарының қатысуымен құлағы естімейтін 300 мүгедек азаматқа арналған видеотелефондық диспетчерлік қызмет көрсету және мүмкіндігі шектеулі 150 балаға иппотерапия қызметін ұйымдастыру.

Жиында мұқтаж азаматтардың жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін «Инватакси» қызметін ұйымдастыру, мүгедек азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелері де айтылды. Бүгінде «Инватакси» қызметі үшін республикалық бюджеттен 2,8 млн теңге қарастырылып, толық игерілген.

— Облыс бойынша жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес, екінші және үшінші топқа жататын 13609 мүгедек азаматты жұмысқа орналастыру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 5192 адам тұрақты жұмысқа кірді. Жұмыспен қамту орталықтарына өтініш білдіріп келген 704 адамның 257-сі тұрақты жұмыс тапса, 234 адам уақытша қоғамдық жұмысқа тартылды, оған қоса әлеуметтік жұмыс орындарында, жастар практикасы бойынша еңбек еткендер бар. Сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданғандар бар. Екі адам өз ісін бастау үшін шағын несие алды. Жыл басынан бастап облыста мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін 170 мекемеде 282 жұмыс орнын ашуға байланысты квота беріліп, ол бойынша 257 адам жұмысқа орналасты, — деді басқарма басшысы.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың түрлі әлеуметтік мекемелерге еркін кіріп-шығуы үшін арнайы пандустар салынуы, оның ыңғайлы болуы да күрделі мәселелердің бірі. Бұған қатысты биыл 92 ғимаратты бейімдеуден өткізу жоспарланған, бүгінге дейін 63 мекенжай ғана бейімдеуден өткізілген. Басқарма басшысының айтуынша, қалған 29 ғимаратта бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Б.Сапарбаев ғимараттарды бейімдеуге қатысты жұмыстарды күшейту қажеттігін тапсырды.

— Мемлекет өз азаматтарына барлық жағдайды жасауы керек, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқор болуымыз керек. Облыс орталығында, ауданда мүгедек азаматтарға көрсетілетін барлық көмек толығымен жүргізілуі тиіс. «Инватакси» қызметі аудандарда дұрыс жүзеге асырылмай отыр, соны реттеу қажет. Қоғамдық көліктерді, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды бейімдеуді жалғастыру, жартылай стационар, күтім үйлерін ашу ұсыныстары өте дұрыс. Жақында Мемлекет басшысының қатысуымен «Аяла» оңалту орталығы ашылды, Алғада мүгедек балаларға арналған «Күншуақ» лагері бар, басқа да осы мақсатта жұмыс істеп жатқан мекемелер бар, солардың барлығында жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылуы керек, — деді облыс әкімі.    

Жиында қаралған тағы бір мәселе — ауыл шарушылығы саласында цифрландыру жұмыстарын жүргізу.  Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбайдың айтуынша, аталған салада заманауи технологияларды енгізу нәтижесінде өнім өндіру көлемі біршама артып келеді. Мәселен, Хромтау, Қарғалы, Қобда, Мәртөк аудандарындағы «Ақжар Агро», «Дилэнд», «Интер Агро», «Жосалы Агро», «Қобда жер», «Родники», «Рад Агро», «Дина» секілді серіктестіктер мен шаруашылықтардағы егін комплекстерінде автоматты гидравликалық автоұшқыштар орнатылған. Бұл жерлерде барлық жұмыс компьютер арқылы көрініп отырады. Нәтижесінде жанар-жағармай үнемделеді, тұқым себу барысында шығын азайып, дақылдар өнімділігі орта есеппен 5-10 пайызға артады.

— Биылдан бастап егіншілік саласындағы барлық мемлекеттік қолдауларды автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік қолдау алу үшін шаруашылықтар www.qoldau.kz порталына егіс алқаптарының электрондық карталарын енгізуі тиіс. Бүгінде облыс бойынша жыртуға жарамды егістік алқаптар толығымен цифрландырылды. Оған қоса қыркүйек айының ортасынан бастап аталған порталға жайылымдық және шабындық жерлердің электронды карталарын енгізу жұмыстары қолға алынды, жыл аяғына дейін толық аяқталады.  Бүгінде облыс бойынша 1,7 миллион гектар алқаптағы жайылымдардың электронды нұсқасы www.qoldau.kz порталына енгізілді, — деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл шарушылығы саласында цифрландыруды қарқынды жүргізу қажеттігін алға тартты.

— Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сондықтан өзге облыстарда қолданылып жатқан жаңа заманауи технологияларды зерттеу керек. Егін шаруашылығына қатысты Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ғалымдарымен бірлесіп, алқаптарды цифрландыруда нақты егіншілік элементтерін қолдану жөнінде талдаулар жүргізуіміз керек. Мал шаруашылығында да атқарылуға тиіс нақты жұмыстар бар. Соның ішінде мал ұрлығын азайту мақсатында мал құлақтарына сырға салу, мониторинг жүргізуді қадағалауды тапсырамын, — деді облыс әкімі.

Аппарат жиынында облыс аумағында түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік нысандар құрылыстарының жобалау-сметалық құжаттарын уақтылы дайындаудың жай-күйі туралы да айтылды.

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Иманалиннің айтуынша, қазіргі уақытта аталған басқарма тарапынан жалпы құны 186,6 млн теңге болатын 42 жобаның құжаттары қарастырылып жатыр. Соның ішінде білім саласы бойынша — 6, денсаулық сақтау саласы бойынша — 22 және басқа да салалар бойынша жобалар бар.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде 42 жоба бойынша сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың арасында сараптамадан өтпей қалған жобалар да бар. Соның бірі — Алға ауданында салынады делінген 400 орындық мәдениет орталығы. Н.Иманалиннің айтуынша, бұл құрылыстың жобалау-сметалық құны миллиард теңгеден артық. Қазір бұл жоба тоқтатылған.

— Аудан орталығында 400 орындық мәдениет орталығы өзін-өзі ақтай ма? Осыны зерттеу керек. Аудан орталықтарына лайықты типтік жобаларды қарастыру керек. Бұл, әсіресе, әлеуметтік нысандарға қатысты. Бір ауданда салынатын әлеуметтік нысандардың сметалық құны екі түрлі болмауы тиіс. Оған қоса құрылысқа отандық өнімдерді пайдаланатын болсақ, оның құны арзандауы тиіс қой, осы мәселені де зерттеу керек. Болашағы жоқ елді мекендерге миллиондаған қаржы жұмсап, су, газ құбырларын тарту мәселелерін де барынша талдап, қарау керек. Мемлекеттің ақшасын үнемдеу қажет, бұл — Елбасының тапсырмасы! — деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.       

Жиында сонымен бірге аумақтық дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері де талқыланды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көтерілген барлық мәселелерге қатысты жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, жыл аяғына дейін жоспардың толық орындалуы қажеттігін айтты.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button