Жаңалықтар

Мәжіліс депутаттары аудандарды аралады

Облысқа іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Сәкен Өтебаев, Геннадий Шиповских, Бақытгүл Хаменова, Құралай Қаракен Байғанин, Ырғыз, Мәртөк, Хромтау, Әйтеке би, Мұғалжар, Алға аудандарына барып, тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ депутаттар облыс орталығында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.

Депутаттар кездесулер барысында педагогтардың сапалық құрамын арттыру, зейнеткерлікке шығарда және жалақыларын есептегенде ұстаздардың еңбек өтілін ескеру, шалғай елді мекендерді газдандыру, жұмыссыздықты азайту туралы мәселелерді қозғап, рухани құндылықтар жөнінде әңгімеледі.

Мені халықтың көңіл-күйі қуантты. Бұрынғы іссапарларда зейнетақы, жәрдемақы, жалақының уақтылы берілмеуі, жұмыссыздық туралы мәселелер көп қозғалатын. Бұл жолы мұндай мәселелер көтерілген жоқ. Бұл халықтың әлеуметтік мәселелері шешілгенін көрсетеді. Мәдениет үйі, балабақша, медицина, білім ошақтарын аралап, өзіміз де бұған куә болдық. Шалғай ауылдарда 11-сыныпқа дейін оқытатын орта мектептер, жағдайы жасалған жатақханалар бар, — дейді Құралай Қаракен.

Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских облысымыздағы Елбасы тапсырмаларының орындалуына және қаладағы салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысының сапасына жоғары баға берді.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлердің сапасына риза болдық. Қабырғалары қалың, кіреберіс есіктері берік. Жергілікті мердігер компаниялар құрылыс жұмыстарына отандық өнімді пайдаланып, жақсы жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жергілікті бюджеттен бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау мүмкіндігін пысықтауды тапсырған болатын. Ақтөбе облысында осы жұмыстар қолға алынған. Енді халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында бастапқы жарнаны 10 пайызға азайту үшін қаражат бөлінеді, — дейді Геннадий Шиповских.

Айта кету керек, биыл облыс орталығында 3-4 қабатты алты үй және 9 қабатты алты үй пайдалануға берілмек. Яғни биыл 1404 тұрғын пәтерлі болады.

Д.ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button