Жаңалықтар

Қолжетімді тұрғын үй — әр адамға берілген мүмкіндік

Мақсат ЗАЙЫТОВ,

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің 1-санатты маманы;

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында ел тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді  баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше айтылды. Н.Назарбаев елімізде тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасының табысты жүзеге асырылып отырғандығын, оған қоса тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа «7-20-25» бағдарламасының қолға алынғандығын айтты. «Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтар, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», — деді Елбасы.

Қазақстанның әр тұрғынына баспана алуға мүмкіндік беретін «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 21 қыркүйек күні ҚР Ұлттық Банкі ұйымдастырған кездесу барысында «Баспана» ипотекалық ұйымымен алдын ала келісімге қол жеткізді. Қазіргі уақытта банк сәйкес құжаттарды әзірлеп, оны «Баспанамен» келісу рәсімдерін жүргізіп жатыр. Бұған қоса тұрғындарға қызмет көрсету ыңғайлы болуы үшін техникалық инфрақұрылым мен автоматтандыру процестері де қолға алынды. Елбасының «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты осы бағдарламаның операторы «Баспана» ұйымымен толыққанды келісім жасасқаннан кейін, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 7 пайыз жылдық мөлшерлемемен 25 жылға дейін несие бере бастайды. Ол туралы тұрғындарға қосымша хабарлаймыз.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тарапынан қазір Елбасының қолжетімді баспана саясатына орай, басқа да бірнеше бағдарлама ұсынылып отыр. Бүгінде елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспана алған мыңдаған азамат қоныстойын тойлады. Ақтөбе облысында 2015-2017 жылдары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1255 пәтер берілді. Ал биыл жыл басынан бастап «Нұрлы жер» бойынша 1279 отбасы баспаналы болды. Жалпы алғанда биыл  2333 адам пәтерлі болады деген жоспар бар.

Біздің банк «Нұрлы жер» бойынша жұмысты үш бағытта жүргізіп жатыр, олар —  тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы өткізілетін кредиттік тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту және жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру. Салымшылар осы үш бағыт бойынша өзі таңдаған пәтерлерін ала алады. Бірінші бағыт бойынша банк салымшыларына «Нұр Ақтөбе» ауданындағы көп қабатты үйлерден пәтер алу ұсынылады.  Екінші бағытқа сәйкес, тұрғындар «Нұр Ақтөбедегі» коттедждерге қол жеткізе алады. Үшінші бағыт бойынша, жеке құрылыс компаниялары салған тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға болады.

Еліміз тәуелсіздік алғалы тұрғын үй саясаты нәтижелі жүргізіліп келеді, соның арқасында бүгінде республика бойынша бірнеше мыңдаған отбасы баспаналы болып отыр. «Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматымызға қолдау көрсетеді» деді Елбасы, бұл — алдағы бес жылда елімізде тұрғын үй құрылысының қарқыны үдей түседі деген сөз!..

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button