Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілердің туыстары олардың жұмыс орнына келді

Облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасында «Отбасы» жобасы аясында ашық есік күні өткізілді.

Шара барысында аталған басқармада жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің туыстары, ата-аналары, балалары олардың жұмыс орнына келіп, әріптестерімен танысты, күнделікті атқаратын міндеттері туралы ақпараттарға қанықты.

Мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенова қарамағындағы қызметкерлердің туыстарын өз бөлмесінде қабылдап, мемлекеттік мекеменің қандай жұмыспен айналысатынын, мақсат-міндеттерін айтып берді. «Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша айқындалатын бюджеттік бағдарламалар не тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырады және өткізеді.

Бұдан соң келушілер осында еңбек ететін туыстарының жұмыс орындарын көрді, оларға қандай міндеттер мен жауапкершілік жүктелетінінен хабардар болды.

  • Анама өзім отыратын жерді, таңнан кешке дейін қандай жұмыстармен айналысатынымды, өзіме жүктелген міндеттер туралы айтып бердім. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы тәжірибе. Кез келген ата-ана өз баласының немесе балалар өз ата-аналарының, туыстарының қайда, қалай жұмыс істеп жатқанын білгені әрі қызықты, әрі дұрыс деп есептеймін. Мәселен біздің бухгалтер Салтанаттың анасы да кезінде мемлекеттік мекемеде бухгалтер болып еңбек еткен. Анасы бізге бұрын есеп-қисап айналасында қалай жұмыс істегені туралы айтып берді, — дейді аталған басқарманың әкімшілік бөлімінің жетекшісі Динара Нұранова.

Айта кету керек, бұл шара ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің 2018 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың кешенді жоспары аясындағы «Отбасы» жобасы шеңберінде өткізілді. Сондай-ақ қыркүйекте атап өтілетін Отбасы күніне орайластырылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button