Басты жаңалықтар

Телекөпір кезінде Ақтөбеде екі ірі жоба іске қосылды

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты жалпыұлттық телекөпір өтті. Президенттің қатысуымен өткен дәстүрлі телекөпір кезінде Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Бұл шараға Ақтөбе облысы тікелей режимде қосылып, қатысты.

Телекөпір аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, соның барысында Елбасыға Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары көрсетілді.

— Индустрияландырудың ең маңызды жобаларын іске қосу жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Біз бүгін металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жобаның іске асырылуын бастадық, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыздың дұрыс болғанын және оның уақыт талабына сай екенін атап өтті.

— Бүкіл еліміз бойынша бір мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Біз бүгін «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий қоспасын шығаратын, ал келешекте автомобиль дискілерін жасайтын жобасын іске қостық. POSKO, «Евразхолдинг», Tenaris, «Полиметалл» сияқты өз саласының көшбасшысы саналатын белгілі трансұлттық компаниялар тартылуда, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өндірістік кооперация және автомобиль құрастыру саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударып, қазақстандық автозауыттарда электромобильдер құрастырудың басталғанын айрықша атап өтті.

— Бүгінде Қазақстанда 18 белгілі брендке тиесілі автокөлік құралдарының түрлі моделдері жинақталады. Біз оларды Қытайға, Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және басқа да елдерге экспорттаудамыз, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев шикізаттық емес сектордағы өндіріс көлемін арттыруға және оның ел экономикасындағы маңыздылығына ерекше тоқталды.

— Химия өнеркәсібі саласында «Еврохим» трансұлттық компаниясы күрделі тыңайтқыштар шығару жөніндегі зауыттың құрылысын бастады. 14 фармацевтикалық кәсіпорында халықаралық ДжиЭмПи стандарттары енгізілді. Бүгін «Химфарм» акционерлік қоғамы «Польфарма» ірі фармацевтикалық компаниясымен бірлесе атқаратын тағы бір жобаның іске асырылуы басталды. Құрылыс саласында негізгі құрылыс материалдары бойынша импортқа тәуелділікті жойдық. Heidelberg, KNAUF, Basf, Sika және басқа да шетелдік компаниялардың қатысуымен 180-нен астам жоба іске асырылды, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдік көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын айтты.

— Осы жылдар ішінде 2 мың шақырым теміржол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия-Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің табысты өткенін атап өтіп, Үкіметке көрмеде көрсетілген баламалы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізіп, қолдану үшін жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

— ЭКСПО аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық, ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі құрылатын болады. Олардың уақтылы іске қосылып, толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек, — деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4.0. Индустриясының технологияларын енгізіп, бұл салада индустриялық тұрғыдан дамыған елдермен және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Бұдан бөлек, Елбасы цифрлық технологиялар саласындағы заманауи машықтарды меңгерген мамандарды дайындаудың маңызды екеніне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болып, Ынтымақтастықтың елдік бағдарламасына қол қойғанымызды, сондай-ақ ұлттық инвестициялық стратегияның қабылданғанын, соның арқасында елімізде көптеген трансұлттық компаниялар мен стратегиялық инвесторлар табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке шетелдерге шығарылған капиталды елге қайтару үшін мүмкіндік туғызу, қазақстандық тауарларды экспорттық нарықтарда ілгерілету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес ортаны жақсартуға ерекше мән беруді тапсырды.

Жаңа зауыт және 5,5 миллиард теңге инвестиция

Телекөпір кезінде Мемлекет басшысы облыста екі жаңа кәсіпорынды іске қосты. Оның бірі — «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС. Осылайша тікелей трансляция арқылы қуаттылығы жылына 50 мың тонна өнім өндіріп, 120 жұмыс орнын құратын алғашқы ірі жоба пайдалануға берілді.  Ақтөбеде шегендеу және сорғылау-сығымдау құбырларын шығару үшін құрылған зауытта Қытайдың «Стаэр мұнай жабдықтарын шығаратын Синьцзян зауыты» ЖШС-ның технологиясы қолданылып, техникалық мамандары тартылады. Компанияның Қытайдағы «Sinopec» компаниясымен 15 жылдық серіктестік тәжірибесі бар.

Сорғылау-сығымдау және шегендеу құбырларын және бұрандалы муфталарды шығару кезінде сапалы өнім көлемі 96 пайыздан асады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС директоры Анар Кашлаев және зауыт ұжымы тікелей эфирге шықты.  Елбасы алдында сөз сөйлеген зауыт директоры А.Кашлаев:

Біз —  жас, қарқынды дамып келе жатқан компаниямыз. Біздің жоғары технологиялы өндірісіміз  бұл елдің мұнай-газ өнеркәсібіне арналған машина жасау саласын дамыту үлгілерінің бірі. 120 жұмыс орны құрылды, 5,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Шығарылған өнімнің 20 пайызын Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай нарығына экспорттауды жоспарлап отырмыз, — деді.

Машина жасау — кез келген индустриалды мемлекет үшін экономиканың маңызды саласы. Елімізде соңғы 7 жылда бұл салада өндіріс көлемі 3 есеге өскен, яғни 700 миллиард теңге. Бұл саланың дамуына  мұнай-газ машина жасау кәсіпорындарының да үлесі зор.  Телекөпір кезінде Нұрсұлтан Назарбаев ақтөбелік  мұнай жабдықтарын өңдеу және атыраулық металл өңдеу зауыттарының жұмысын бастауға рұқсат беріп, табыстар тіледі. — Біз мұнай мен газға бай мемлекетпіз, қазір шикізатты өңдеу мәселесі күн тәртібінде. Тек шикізат емес және оны сату, өңдеу, қосымша құнын ұлғайтып, табысты молайтуымыз керек. Сондықтан мен бұл нысандардың өте маңызды екенін айтамын.  Мен бұл нысандардың аяқталғанына қуаныштымын, — деген Елбасы өндіріс орындарында жұмыс жасайтын жұмысшылар мен құрылысшыларға сәттілік тіледі.

«Қазақстан экспортқа шығаратын газға ие болды»

Қазақстан — көмірсутек өндіру мен экспорттаудан әлемдік көшбасшылардың бірі. Еліміз халықаралық жобаларға қатысу мақсатында ұлттық газ құбырлары жүйесін дамытып келеді. Телекөпір кезінде  ішкі нарықта және қазақстандық шикізатты  Ресей, Өзбекстан және Қытайға экспорттауда Ақтөбе облысындағы газ құрғату қондырғысын салу жобасының маңызы ерекше айтылды.

«Интерга орталық Азия» акционерлік қоғамы жүзеге асырған «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасында газ құрғату қондырғысын салу жобасы Қазақстан үшін аса маңызды. Аталмыш жоба «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасынан алынатын табиғи газды Ақтөбе облысы мен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің тұтынушылары үшін «Бұқара-Орал» және «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбыры арқылы тасымалдауға, сонымен қатар, тауарлы газды Ресейге, Өзбекстан мен Қытай Халық Республикасына халықаралық тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Телекөпір кезінде Елбасы алдында Ақтөбе облысынан сөз сөйлеген «ҚазМұнайгаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының газ тасымалдау және сақтау жөніндегі вице-президенті  Серді Ибулла: «Құрметті Елбасы! Осы жобаның арқасында Ресей, Қытай, Өзбекстанға тасымалданатын транзиттік және экспорттық газдың көлемі артады. «Бозой» жерасты газ қоймасының еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы бар. Жаңа қондырғы өнімділікті арттырып, тәулігіне 27 миллион текше метрге жеткізбек. Бұл батыс пен оңтүстіктегі қазақстандық тұтынушыларды газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Әбішұлы, іске қосуға рұқсат етіңіз!», — деді.

Осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз мұнай мен газды шығаратын мемлекет бола тұра, сол газға өзіміз тәуелді болып келдік. Мінекей, қазір біз бұл мәселені шештік. Бұл құбыр өте қажет. Тек елді газдандыруға ғана емес, экспортқа шығаратын газға ие болдық. Болашақтағы Қашағаннан, Қарашығанақтан, Теңіздің екінші кезеңінде шығатын газдар бар, енді осының көлемін үлкейтуіміз керек. Біріншіден, газдың көлемі 60, 70, 80 миллиардқа дейін жеткен кезде, үлкен газды экспорттайтын елге айналатын боламыз. Екіншіден, газды қазір құрғақ түрінде бермей, оны өңдеп, сол газдан шығаратын өнімді көбейтуіміз керек. Сондықтан бұл өте маңызды. Ел үшін қажет нәрсені шештіңіздер. Сол үшін мен сіздерге ризашылығымды білдіремін. Жақсылық тілеймін. Еңбектерің табысты болсын. Жіберіңдер, қосыңдар, — деп  Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысындағы «Бозой» қоймасында газды кептіру қондырғысын іске қосты.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының айтуынша, газ сапасы жақсарып, өнімділік ұлғайды және газды жер астына айдау мен оны қайта алу уақыты 200 күннен 150 күнге дейін қысқарды. Оның айтуынша, газды құрғату қондырғысы магистральдық газ құбыры бойындағы ең ірі нысандардың бірі болып есептеледі.

Осы жоба арқылы тәуліктік өнімділік артады, ал газ сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес болады. Өз кезегінде, магистральдық газ құбырын пайдалану мерзімі ұлғаяды. Енді қоймадан алынған газ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбыры арқылы жіберіліп, елдің оңтүстік өңірлерінің көгілдір отын қажеттілігін және отандық газдың Қытайға экспортталуын толық қамтамасыз етеді, — деді М.Шаңбатыров.

Ол қазан айында Қытайға алғашқы жеткізу жұмыстары басталғанын айтты.

— Биыл Қытайға 5 миллиард текше метр газ тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Қазір газ экспорты негізінен оның сапасына байланысты. Сондықтан біз тауарды халықаралық стандартқа сәйкестендіруіміз керек. Бұл қондырғы өнім сапасын қажетті стандарттарға жеткізетін болады, — деді ол.

«Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның инвестициялық жобасының жалпы құны — 11 миллиард теңге. Қазақстан сұйытылған сіңіргіш арқылы газды кептіру технологиясына алғаш рет қол жеткізді. Акционерлік қоғам өкілдерінің айтуынша, компания өндіріске озық идеяларды енгізу үшін заманауи озық жабдықтарды пайдаланған. Ол үшін «Сименс» компаниясының және Украина зауытынан қондырғылары пайдаланылған. «Бозой» жерасты газы қоймасында бекітілген жобалық газ сақтау көлемі —  4  миллиард текше метр газ. Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің айтуынша, бүгінгі күні облыс халқының 87 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Жақында ғана көп жылдан бері іске асырылмай тұрған Шетырғыз автоматтандырылған газ бөлу станциясы іске қосылды.  Енді еліміздің Тәуелсіздігі күні Алға ауданында тағы бір газ бөлу станциясы іске қосылмақ. — Біз «ҚазТрансГаз» кәсіпорнымен жемісті жұмыс жасаймыз әрі бірлескен ынтымақтастықтың арқасында  нақты нәтижелерге қол жеткізіп жүрміз. Халық әрбір ашылған жаңа кешенді жақсы қабылдайды, бұл өз кезегінде тұрғындардың облыстың елді мекендерінен қоныс аударуын тоқтатады, — деді С.Төленбергенов. Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев «ҚазТрансГаз» мекемесінің Бозойдың көлік жолдарын жөндеп, асфальттайтынын осындай бірлескен ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде атап өтті.

Біртұтас бағдарлама және цифрлық қазақстан

Телекөпір аяқталғаннан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев журналистерге сұхбат берді:

Біздің барлық мүмкіндіктеріміз бар. Ең негізгісі — байлығымыз бар, сол байлықты пайдаланатын халқымыз бар. Сол байлықты өңдеу үшін одан көбірек пайда табуымыз керек. Ол үшін шетел қаржысын өзіміздің өңірдің экономикасына тартуымыз керек. Қытай мемлекетіне барғандағы іссапардың негізгі мақсаты да сол. Біздің өкілеттікті ашқанымыз да сол. Телекөпір кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы өте жақсы айтты, Қытай — өте алпауыт ел, үлкен теңіз. Біз қандай өнім шығарсақ та, олар енді барлығын алады. Біз ол мемлекетті тиімді пайдалануымыз керек. Екінші жағынан, ол бай мемлекет. Қытай — қазір дүниежүзіндегі ең дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Қаржысы көп. Екі мемлекет басшысы арасында қабылданған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы бар. Соған байланысты Қазақстанға Қытайдың ең кем дегенде 10 миллиард доллар инвестициясы келу керек. Осы мүмкіндікті біз пайдалануымыз қажет.

Мемлекет басшысы телекөпір кезінде мұнай, газ туралы айтып кетті. Ең негізгі мәселе — соларды өңдеуіміз керек. Бізде газдың да, мұнайдың да қоры жеткілікті.  Өкінішке қарай, қазіргі таңда біз оларды тек шикізат түрінде ғана сатамыз. Әсіресе, газды. Тапсырма берілген, енді қазір соны жүзеге асыруымыз керек, — деді облыс әкімі.

Бердібек Машбекұлы өз сөзінде цифрлық Қазақстанды дамытуды ең үлкен мәселе ретінде атады. «Бұл бағытта да біз жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ телекөпір  кезінде Мемлекет басшысы өте дұрыс айтты, ол жұмыс қазіргі таңда жеткіліксіз.  Біздің мамандарымыз бар, енді біртұтас бағдарлама болуы керек. Яғни, әрбір сала, мысалы, денсаулық сақтау, білім, ішкі істер, көлік салалары жеке-жеке жұмыс жасамай, бір бағдарлама шеңберінде жұмыс істеуі тиіс. Ол бағдарлама әрбір саланың бір-бірімен байланыста болуын қамтамасыз етуі керек. Одан кейін ол бағдарлама республикалық бағдарламалармен байланысты болуы тиіс. Яғни, интеграция. Бірігіп жұмыс істегенде ғана үлкен нәтиже болады», — деді Б.Сапарбаев.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button