Мереке

Мәскеуліктер Назарбаевты жақсы көреді

Кеңес өкіметінің соңғы санағы бойынша Мәскеуде 10000 қазақ тұрақты тіркеуде тұрады деген мағлұмат бар еді. Қазір Мәскеуде қанша қазақ тұратынын еш есептей алмайсыз. Себебі біздің құжаттарымызда Ресей азаматы дегеннен басқа ұлты туралы мәлімет берілмейді. Өзіміздің жобалап есептеуімізше, отыз мың не одан да көп қазақ тұрамыз деп топшылаймыз.

Мәскеу қазақ диаспорасы екі ел арасындағы достық қатынасты жалғастырып, қазақтың тілі мен ділінің, мәдени мұраларының сақталып қалуы  үшін орасан зор жұмыстар атқаруда. Мәскеудегі «Астана» қоры қаладағы қазақ балаларының ана тілін сақтап қалуы үшін 2004 жылдан бері ҚР Президентінің Жарлығы бойынша әр жылда Қазақстанның әр қаласында «Қазақстан  — ата жұртым, қасиетім — ана тілім» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өтетін халықаралық олимпиадаларға даярлап, қатысып келеді. Жақында қазақ поэзиясының жарық жұлдызы  Төлеген Айбергеновтің 80 жылдық мерейтойын атап өттік. Сол сияқты,  Мәскеудегі «Мұрагер» қоғамы биыл бесінші рет бүкіл Ресей бойынша «Алтын күз» ұлттық әндер фестивалін  жоғары дәрежеде өткізді. Мәскеудегі басқа қоғамдармен біріге отырып, жыл сайын Наурыз мерекесін тойлаймыз. Сонымен қатар, биыл екінші рет Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігінің ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиеті бойынша Ресейдегі қазақ балаларының арасында олимпиада өткіздік. Нәтижесі жақсы, мақтанарлық.

Биыл Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы Ресей, әсіресе Мәскеу қазақтарын бір серпілтті. Құрылтай туралы ойларын, ұсыныстарын Елбасына  ашық хат ретінде ұсынды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы бізді де бейжай қалдырған жоқ. Мәскеудегі «Астана» қоры осы мақала аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жүр.

Елден жырақта жүрсек те сырттағы ағайынды ұмытпай, әрдайым қолдау көрсететін Елбасыға алғысымыз зор. Мәскеуде тұратын қазақтың қарттары мен балалары «Жырақтағы ағайындарды қолдау» бағдарламасы бойынша Қазақстанның Астана, Көкшетау, Шымкент, Түркістан, Тараз, Ақтөбе, Ақтау сынды қалаларында болып, тарихи жерлермен танысып, тегін демалды. Мұны облыс әкімдіктерінің демеушілігі мен Мәскеудегі «Астана» қоры бірігіп ұйымдастырды.

Өз басым Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жеке қабылдауында болмасам да, үнемі ол кісіге жақын, қол созым жерде жүрдім десем артық айтқандық емес.  Волоколамск қаласында батыр атамыз Бауыржан Момышұлына ескерткіш қойылғанда Елбасының сол жағында тұрып суретке түстім. Ол кісіден ерекше жылылық есіп тұрды. Мәскеу қаласындағы Қазақстан Елшілігінің алдына Абай атамыздың ескерткіші орнатылғанда да Н.Назарбаев пен В.Путинге жақын тұрдым. Мұның бәрі мен үшін тарихи сәттер болатын.

Астанаға қазақ тілінен өтетін халықаралық олимпиадаға барғанда, оқушылармен бірге Парламент үйінде де болып қайттық. Қазақ хандығының 550 жылдық тойында, Тараз қаласындағы Хандар ескерткішінің ашылуына куә болдық.

Осылайша  шетте жүрсек те,  халқымыздың біздерге деген ықыласын сезіп, біліп келеміз. Көпұлтты Мәскеу жұртшылығының аузынан әрқашанда Қазақстанның Президентіне деген жылы лебізді естиміз. Еліміз тыныш, Елбасымыз аман болсын!

Жарқын ӨТЕШОВА,

Мәскеудегі «Астана» қорының президенті,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button