Мереке

27 жігіттің арасындағы 1 қыз

Елбасымен кездескен ақтөбеліктің бірі — Айна Кенесарина. «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқыту цехында еңбек ететін Айна Мемлекет басшысымен кездесуін өміріндегі ең қуанышты сәттің бірі деп есептейді.

Былтыр 8 наурыз мерекесі қарсаңында Елбасы Н.Назарбаев Ақордада бір топ қыз келіншектерді құттықтаған болатын. «Көктем шуағы» аталған мерекелік кешке Ақтөбеден Айна да қатысып қайтты. Сол кездегі қуанышты сәтті Айна әлі күнге дейін ұмытпайды.

— Елбасымен кездескен сәтті қуанышпен еске аламын. Ол өмірімдегі ең бір жарқын сәттердің бірі болып қалмақ. Бұндай мүмкіндік кез келген жанға бұйыра бермесі анық.

 Елбасының құттықтау кешіне қатысу маған үлкен әсер қалдырды. Кездесудің алдында екі-үш күн бойы толқып жүрдім. Жалпы Елбасымен кездесуге қатысатын қыз-келіншектердің киім-киісі, жүріс-тұрысы, тіпті макияжына дейін мән беріледі. Алдын ала дайындықтан өтеді. Кеш ертең болады дегеннен-ақ қатты қобалжыдым. Бірақ кездесу кешінде Елбасыны көргеннен кейін барлық қорқынышым ұмытылып, өзімді еркін ұстадым. Жиналған ханымдарға сөз берілді. Кезек маған келгенде іштей қатты қобалжыдым. Бірақ тез арада толқуымды жеңіп, еркін сөйлеуге тырыстым. Мемлекет басшысының алдында 27 жігіттің арасында темір жонушы болып жұмыс істейтін жалғыз қыз екенімді, зауытта бес жылда 890 жұмыс орны ашылғанын айттым. Жалпы кездесуге жиналған қыз-келіншектердің барлығы Елбасымен ашық сұхбаттасып, еліміздің біздің алдымызға қойған сенімін ақтауға дайын екендіктерін білдірді, — дейді Айна.
Айнаның токарьлық мамандықты меңгергеніне он жылдай уақыт өтті. Хромтау қаласындағы кәсіптік-техникалық лицейдің токарь бөлімін бітірген Айна алғашқы еңбек жолын Дөң тау-кен байыту комбинатынан бастап алты жыл абыройлы еңбек етті. Айнаның еңбекқорлығына тәнті болған зауыт басшылығы Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы механикалық жөндеу цехына жұмысқа шақырды. Бұл жерде темір жонушы болып жұмыс істеді. Еңбегі еленіп, марапаттарға ие болды. Елбасымен кездесуіне де зауыттағы қажырлы еңбегі себеп болды.

Айна он ағайынды. Анасы «Алтын алқа» иегері.

— Мен отбасындағы бесінші баламын. Ағаларым Нұрлан мен Бауыржан — Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшылары. Өзімнің өндіріске жақын болуыма ағаларымның ықпалы тиген шығар деп ойлаймын. Бала кезімде әуелі шахтер болуды армандаған едім. Кейін бұл арманымнан айнып, токарь боламын деп шештім. Менің бұл шешіміме ата-анам, бауырларым қарсы болды. Дегенмен, мен өзім таңдаған мамандықты игергеніме еш өкінбеймін, керісінше мақтан тұтамын.  Осы уақытқа дейін токарьдың жұмысын атқарып келсем, биылдан бастап балқыту цехына ауыстым. Балқыту пешіне қажетті металдардың қоспасын әзірлеймін,— дейді Айна.

Айна Хромтаудан Ақтөбе ферроқорытпа зауытына келген кезде мұнда бірде-бір әйел адам болмапты. Алғашқы кезде кілең ер-азаматтардың ортасында өзін ыңғайсыз сезінсе, кейін қызу еңбекке кіріскен кезде әріптестеріне үйреніп кеткен.  Ұжымдағы азаматтар Айнаға құрметпен қарайды. Әрдайым ақыл-кеңестерін айтып отырады.

Айна Елбасымен кездескен «Көктем шуағы» атты кештен кейін көп ұзамай тұрмысқа шығыпты. Қазір жолдасы екеуі сәби күтіп жүр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button