Мереке

Президентпен жүздескен жалынды жастар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға ерекше сенім арта отырып, жастардың жағдайын жа­сауға баса назар аударады. Ел Президентінің жыл сайынғы Жол­дауларының басым бағыттары жастармен тікелей байланысты болуы, әр кез өскелең ұрпақты тілге тиек етуі — соның айқын дәлелі. Бүгінде Елбасы сенімін ақтау жолында еңбек етіп, жетістіктерімен көзге түсіп жүрген жастар жетерлік. Мереке қарсаңында Президентпен кездесу бақытына ие болған жастар сол сәттегі естеліктерін айтып, өз әсерлерімен бөлісті.  

 Елбасының батасын алған Нұрсұлтан

Нұрсұлтан Досекешов Елбасымен тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ауылдың гүлденуі —  Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасының қорытындысына арналған облыс жастарының слетіне қатысқан сәтінде кездесті.

2010 жылы Ақтөбе қаласындағы №32 мектептің 10-сыныбында оқып жүріп, алғаш рет марафон-эстафетаға қатысып, туған жеріміздің көркеюіне үлес қостық. Аз күнде ақыл тоқтатып, ерте тұрып, еңбек етіп, ата-ананы қуанттық. Бұл марафон мен сияқты талай жастың еңбек жолының алғашқы табалдырығына айналды.

Дүниеге келгенімде ата-анам есімімді Нұрсұлтан деп қойып, сол кісідей белгілі тұлға болсын деп ырымдаған екен. Президент қатысатын жиында сөз сөйлеу бақыты менің мектебімнің атынан маған бұйырды. Жиында Елбасы «Осы шара аясында қандай қызметтер атқардыңдар?» — деп сұрақ қойды. Мен туған жеріміздің гүлденуі үшін жасаған жұмыстарымызды, Елбасымызға деген шынайы ризашылығымды жеткіздім. Ал Елбасы менің өзімен аттас екенімді біліп ризашылықпен батасын берді. Жастар марафонында үздік жұмыс істеген бір топ жастардың ішінде маған да Елбасы өз қолымен автокөліктің кілтін тарту етті. Нұрсұлтан Әбішұлының бірауыз сөзі кез келгеннің жүрегінен жол тауып, адамның бойына ерекше күш бітіретіні сонша —  сол кездесуді әрдайым еске алумен жүремін, — дейді Нұрсұлтан. 

Нұрсұлтан 2016 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін үздік аяқтады. Бүгінгі таңда облыстық жастар ресурстық орталығындағы жастар бастамаларын жүзеге асыру және ұйымдастыру бөлімінің кеңесшісі болып қызмет атқарады.

Президенттің жастармен кездесуінің өзі жастарға деген айрықша көңіл бөлуі деп түсінемін. Бүгінде жастардың шетелде білім алуына мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы жүйелі жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы «Болашаққа  бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да жастарға баса назар аударады. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы белгілі тұлғаларымыз бен қайраткерлерімізді білу үшін біз секілді жастарға керек, — дейді Нұрсұлтан Досекешов.  

Егіз спортшылар

Ақтөбелік егіздер Айбек Қамзенов суда жүзуден халқаралық дәрежедегі спорт шебері болса, Әлібек Қамзенов осы спорт түрінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ағайынды жігіттер еліміздегі тарихи күн 16 желтоқсанда 22 жасқа толмақ. Егіз спортшылар бүгінге дейін көптеген жарыстарда топ жарып, жетістіктерге қол жеткізді. Елбасымен де жүздесіп, ыстық ықыласына бөленді.

— 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді. Сол кезде «Достық» су спорты орталығының ашылуына қатысып, спортшылармен кездесті. Сол сәтте біз де өз естеліктерімізбен бөлістік. Әрине, Елбасын көргенде толқып тұр едік. Ол кісі өте қарапайым, жүзі жылы жан екен. Біздің жанымызға келіп жағдайымызды сұрады. Бауырым екеуміздің егіз екенімізді естігенде кәдімгідей қуанды, — дейді егіз жігіттер.

Айбек Елбасының еліміздегі спорт саласына зор көңіл бөліп, қолдау танытып отырғанын ризашылықпен әңгімеледі.

— Ата-анамыз 7 жасымызда суда жүзу спортына алып келді. Сондай-ақ шахматтан да үйірмеге қатысып, жүлделі орындарға қол жеткіздік. Қазіргі таңда «Достық» су спорты орталығында жаттығу жүргіземіз. Жаттықтырушым — Азамат Сарбасов.

Елімізде спорт саласы жақсы дамып келеді. Елбасымыз әр кез салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Спортшыларға деген ықыласы да ерекше екенін өзіміз де көрдік. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әр кездесуде спортшыларға мақсат пен міндеттер қоя біледі. Спортпен шұғылданамын деген кез келген жасқа мүмкіндік мол. Соңғы жылдары Ақтөбе қаласының өзінде бірнеше спорт кешендері бой көтерді, — дейді ол.

Айбек биыл Болгария елінің София қаласында өткен  Болгария ашық халықаралық турнирінде де 200 метр қашықтықта брасс жүзуден күміс жүлдегер, 100 метр қашықтықта брасс жүзуден қола жүлдегер атанды. Ақтөбе қаласында өткен суға жүзуден ҚР ашық чемпионатының жеңімпазы болды. Сондай-ақ жақында Ашхабат қаласында өткен Азия ойындарында жүлделі 3-орынға қол жеткізді.

Сыңары секілді Әлібек те суға жүзуден ҚР спорт шебері, ҚР чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы, ҚР ашық чемпионатының жеңімпазы.

— Кез келген ер бала  спортқа қатысуы керек деп ойлаймын. Себебі спорт нағыз мінез қайралатын жер. Адамды еңбексүйгіштікке, төзімділікке баулиды. Соның ішінде суда жүзу — спорттың ерекше әрі пайдасы мол түрі.

Жыл басында еліміздегі маңызды шаралардың бірі 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары ұйымдастырылды. 29 қаңтарда Алматы қаласында басталған универсиада алауын Ақтөбе өңірінің атынан алып шығу бақыты маған бұйырды. Өте қуаныштымын, — дейді Айбек Қамзенов.

Егіздердің таңдаған салалары бір. Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде дене шынықтыру мамандығы бойынша 2- курста білім алып жатыр. Болашақта Олимпиада чемпионы болуды армандайды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button