Мереке

«Құрыш тұлға» қалай жазылды?

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ, БЕЛГІЛІ ПУБЛИЦИСТ АЙТБАЙ СӘУЛЕБЕК КӨП УАҚЫТТАН БЕРІ ОҚЫРМАНДАРЫНА ЕЛБАСЫ ТУРАЛЫ ТАРИХИ-ДЕРЕКТІ ДҮНИЕЛЕРІМЕН КӨРІНІП КЕЛЕДІ.

БИЫЛ «ДЕЛОВОЙ МИР АСТАНА» БАСПАСЫНАН ЖАРЫҚ КӨРГЕН «ҚҰРЫШ ТҰЛҒА» АТТЫ ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ КІТАБЫ СОЛ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ЗАҢДЫ ЖАЛҒАСЫ.

БІЗ ЖАҚЫНДА АСТАНАҒА БАРҒАН САПАРЫМЫЗДА ҚАЛАМГЕРМЕН КЕЗДЕСІП, ОСЫ ЖИНАҒЫНЫҢ ӨМІРГЕ КЕЛУІ, СОЛ ЖОЛДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІЗДЕНІСІ ТУРАЛЫ СҰХБАТТАСҚАНБЫЗ.

 

— Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев туралы жалпы аз жазылған жоқ. Соған қарамастан сіздің кітабыңызда өзгеше өрнектер барлығы бірден байқалады.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осы кітапқа алғысөзінде: «Қазақ елі өзінің бүкіл дүниежүзін мойындатқан асқаралы табыстары үшін Елбасы алдында қаншалықты қарыздар болса, Мемлекет басшысының қайраткер болып қалыптасуына Қарағанды өңірінің қосқан үлесі де аз емес. Ендеше, Елбасы өмірінің әр кезеңін үлгі-өнеге тұтатын қазақстандықтар бұл кітапты қызыға-құмарта оқитыны анық» деп жазған екен. Демек, Қарағандыда ұзақ жыл журналистік қызмет атқаруыңыз да осы қадамға батыл баруыңызға септігін тигізген болар.

— Шынында да солай. Мен Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін жолдамамен Қарағанды облысына келдім. Сол кезде осы өңірдің барлық мекендерін аралап, адамдарымен таныстым. Соның арасында мен үшін Теміртаудың орны ерекше болды. Теміртауға әр барған сайын Елбасы жүріп өткен жолдарды көргендей болып, көп дерек жинап қайтатынмын. Соның бәрі менің шығармашылық қоржынымда жинақтала берді. Ақырында Елбасы туралы қалам тартуға бел будым.

Алғашқыда Теміртаудың бүгіні, ондағы өндірісі мәселелері, еңбеккер адамдары туралы жазып жүрдім. Сол уақыттары Елбасымызға қатысты жайлар алдымнан жиі шығып жүрді. Бірте-бірте блокнотымда осы тақырып аумағында біраз деректер жиналып қалғанын байқадым.

— Осы кітабыңыздағы «Қайсар қазақ» деп аталатын мақалаңызда тақырып астына «немесе домна көрікшісі ғана емес, ұлтының көріктісі атанған жігіттің достары және Катковпен қақтығыс» деген қосымша түсінік беріпсіз. Кейіпкеріңіздің достары, бірге оқыған, жұмыс істеген жолдастары туралы тың деректерді қалай қолға түсірдіңіз?

— Елбасының өзі жазған естеліктерде, сондай-ақ әр жылдарда берілген сұхбаттарда оның дос-жолдастары туралы көп айтылады. Мен сол адамдардың бірқатарымен кездестім, өткен жылдарына ой жүгірткіздім. Солардың бірі — Қабидолла Сарекенов. Ол қазіргі Батыс Қазақстан облысына қарасты Шыңғырлау ауданының Шоқтоғай ауылында дүниеге келген. Ол қазақ жастарын Магниткаға жұмыс істеуге шақырғанда Днепродзержинскіде болашақ Президентпен бірге екі жыл оқып, сосын құрыш қорытуға бірге келген. Бір бригадада жұмыс істеген. Тіпті олар бір бөлмеде тұрған. Кейін домнаның балқыту технологиясы бойынша докторлық диссертация қорғаған ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады. Ол өткен күндер туралы өз естелігінде: «Сұлтанның ата-анасы Алматының апортын пошта арқылы жіберетін, соны таласа-тармаса жеп, мәз болатынбыз» деп бір ақтарылды.

Ал беріректе Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болған Төлеутай Сүлейменов бізге 1959 жылы Қазақстан Магниткасына келіп, алғашқыда Магнитогорскіде кәсіптік мамандықты игеріп, сосын домна цехында жұмыс істегенін айтты. Ол Нұрсұлтан Әбішұлымен екеуі екі бригадада жұмыс істесе де, бір-біріне ауысымды тапсырып жүріпті. Осылайша жақын танысып кеткен.

Төлеутай Ысқақұлы маған Нұрсұлтан Назарбаевтың Хельсинкиде өткен жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік фестиваліне делегат болып қатысып қайтқаны жөнінде де әсерлі әңгімелеп берді.

Шымкент облысының Сайрам ауданында дүниеге келген Сатыбалды Ибрагимовтың тағдыры да осы жолдастарына ұқсас. Ол да Днепродзержинскінің №8 техникалық училищесінде білім алады. Әрине, болашақ Президентімізбен осында жолығады, жақсы дос болады. Олардың 1960 жылы бірге түскен фотосуреті де маған ерекше әсер қалдырды. Сатыбалды ағамыздың да ақтарылып айтқан сырлары мен үшін үлкен олжа болды.

Сол тұстардағы Теміртау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Лазерь Катковпен қақтығысы өз алдына бөлек әңгіме. Ол туралы да осы кітаптан оқи аласыздар.

Қысқартып айтар болсам, мен болашақ Елбасының маңында болған көптеген адамдармен кездестім, олардың қай-қайсысы да іштеріне сыр бүгіп қалған жоқ. Сол адамдардың әрқайсысының ауыздарынан шыққан жылы лебіздер менің жүрегімді тебірентті. Және сол кісілердің де қандай жандар екендігіне көзімді жеткіздім.

Қазақстанның еңбек сіңірген металлургі, «Құрмет» орденінің иегері Алтынбек Асанов мартен цехында еңбек етіп жүргенде футболды шебер ойнаған екен. Содан «Қазақстан Магниктасының Пелесі» атаныпты. Елбасы да онымен кездескен сайын «Оу, Пеле, амансың ба?» дейді екен. Осы бір ерекше адам «Тағдырым маған Магниткадан сүйікті жар кездестірді. Жәмила жеңгең бір қыз, екі ұл сыйлады» деп сырын да айтты.

Металлург Жанас Арысов «Нұрекеңмен 1960 жылдың жазына таман таныстым. Оның бір қасиеті — өмірінде жалғыз жүрмейді, қасында міндетті түрде жолдастары жүреді. Көңілсізденіп, не бір нәрсені ойлап, тұнжырап жүргенін көрген емеспін, керісінше жарқылдап күліп жүретін» деп осыдан алпыс жылға жуық уақытқа шегінді.

— Кезінде Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Владимир Иванович Долгихпен кездесіпсіз.

— Бұл кездесу маған оңайға соққан жоқ. Ресейдегі елшіліктегі жерлестеріміз ол кісіге жолығудың қиындығын алға тартты. Дегенмен мен де қайтпадым. Әрең деп алдына енгенімде: «Мен Қазақстан туралы пікірімді талай айтқанмын, соларды пайдаланыңыз. Уақытым жоқ» деді қатқыл дауыспен. Сұсты кісі екен. Жандәрмен дегенде «Біздің Президентіміз Қарағандыда металлургия комбинатында партия комитетіне жетекшілік еткенде Сіз іссапарға барған екенсіз, сол жайлы бір ауыз айтпас па екенсіз» деп айтып үлгердім. «Ә, Теміртау ма?!» деп ойланып қалған ол алдын нұсқады. Көп әңгіменің түйінінде «Сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлының сол кездегі еңбегі ерен. Ол Қазақстан Магниткасын аяғынан тік тұрғызды» деген тұжырымын айтты.

Бір қызығы, араға бес жыл салып, 2016 жылы 14 қазанда осы ақсақалды тағы іздеп бардым. Бұл кезде тоқсан екі жаста екен. Осы жолы ол бұрынғы әңгіме желісін жалғастырып, Қазақстан Магниткасының жетпісінші жылдардың ортасындағы талайлы тағдыры туралы нақты деректер айтты, комбинаттың көптеген проблемаларын шешудегі партком хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльді қалай «іске қосқанын» сыр етіп айтты.

Осы жайлардың бәрін мен «Ақиқатты айтқан Долгих» деген мақаламда жаздым.

— Мәскеуге барған сайын олжа салып қайтатыныңызды осы кітапты қарап отырып байқап қалдық. Солар туралы аз-кем айтып өтсеңіз.

— Мәскеу сапарымда Талдықорған қаласында дүниеге келген, беріректе Қарағанды металлургия комбинатының бас директоры қызметін атқарып, КСРО Қара металлургия министрі, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары болған, мен барған тұста Тауар өндірушілер одағының президенті қызметі тізгінін ұстаған Олег Сосковец көп көмегін тигізді. Ол мені Ресей Федерациясы Президентінің Іс басқарушысы Павел Бородинмен таныстырды. Бұл кісі де Қазақстан, Елбасымыз туралы жүрекжарды пікірін білдірді.

1987-1991 жылдары КСРО Қорғаныс Министрі болған Кеңес Одағының Маршалы Дмитрий Тимофеевич Язовпен кездескенімді өзгеше бір сәттілік деп есептеймін. Оқырманға сенімдірек болуы үшін екеуміздің әңгімелесіп отырған суретімізді кітапқа әдейі енгіздім.

Ол Қазақстан дегенде екі көзінен ұшқын атып, жүзінде қуаныш нұры ойнап, қазақ елі мен жері жөнінде көп әңгіме айтты. Елбасы туралы «Мен Орта Азия әскери округін басқарған тұста онымен тез таныстым. Өйткені, ол әскери істі жақсы көрді, бірнеше рет Отарға бірге бардық. Мені таңғалдырғаны, оның әскери іске деген құштарлығы, қызыққандығы еді. Армиядағы не бөлімшелердегі әскерилерді ол жатқа білді» деп біраз әңгіме шертті.

— Осы кітабыңыздағы «Танымдық тарау» деген бөлімді қызыға қарап шықтық. Осы тақырыптың туындауы жөнінде өз аузыңыздан естісек.

— Мен Елбасы тұлғасына журналистік зерттеу, зерделеу жүргізу барысында  оның сегіз қырын ашқандай болдым.

Мәселен, бірінші қыры — қаламгерлігі деп таныдым. Ол оныншы сыныпта оқып жүргенінде аудандық «Коммунизм үшін» газетінде «Оның қуанышы» атты шағын мақаласын жариялапты. Кейіпкері — бала кезден бірге өскен досы Әуесхан Әжібаев. Әуесхан зерек, жақсы оқумен қатар, колхоз жұмысына да белсене қатысады екен. Оның қуанышы — сайлауға алғаш рет қатысатындығы. Міне, осы жайды жас тілші қаламына арқау етіпті.

Содан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы қолынан қаламын тастамаған. Бұған бірер дәлел келтіре кетейін. 1962 жылы 28 ақпанда республикалық «Лениншіл жас» газетінде «Қазақстан Магниткасына келіңдер!», 1968 жылы 19 қыркүйекте «Темиртауский рабочий» басылымында «Первый чугун» мақаласы жарияланыпты. Сол тұстарда оның «Орталық Қазақстан», «Социалистік Қазақстан», тіпті «Правда» газеттерінде шыққан мақалаларын да таптық.

Елбасының қалған жеті қыры деп — алғырлығы, өнерпаздығы, қайсарлығы, көрегендігі, достыққа беріктігі, ата дәстүрге адалдығы, даналығы туралы ойларымды тараттым. Әрине, мұның барлығын ойдан шығарғаным жоқ. Өзім әңгімелескен, сырласқан адамдардың ой-тұжырымдарын осы сипаттамаларыма негіз етіп алып отырдым.

Президентіміздің әртүрлі жиындарда, кездесулерде аузынан шыққан даналық сөздерін де келтіріп отыруды дұрыс санадым. «Қазақтың бәрі де бір-біріне ағайын», «Ел бірлігі — ең асыл қасиет», «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады», «Бірлігі жақсының тірлігі тапшы болмайды» деген сияқты нақыл сөздер осы кітапта жинақталды.

— «Теміртау оқиғасы» деген бөлімге де көзіміз түсті. Осы тақырыпты қозғауыңызға не себеп болды?

— Мемлекет басшысы бір сөзінде: «1959 жылғы Теміртау оқиғасының ақиқаты әлі күнге дейін ашылмаған» деген-ді. Осы пікір маған маза бермеді.

Мәскеуге барған сапарымда 1959 жылы Теміртау көтерілісінің басы-қасында жүрген, кейін «Қазметаллургқұрылыс» тресінің басқарушысы болған Александр Коркинмен кездессем деген талабым жүзеге аспады, ол сол уақытта ауыр халде жатыр екен.

Бұл тақырыпты зерттеу барысында қолыма үш дерек түсті. Біріншісі — Қазақстан Магниткасында еңбек етіп, соңында танымал қаламгер болып шыққан Дмитрий Оськиннің «Двум смертьям не бывать» деген кітабы. Екіншісі — Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының жобасы, үшіншісі — Қарағанды облыстық партия комитетінің КОКП Орталық Комитетіне жолдаған хаты.

Осылардың ішінде ең құндысы Дмитрий Оськиннің жазбалары болса керек. Ол сол уақыттағы әрбір күннің шежіресін сол қалпында қағазға түсіріп отырған.

— Елбасы туралы қалам тарту қалай болғанда да жауапкершілігі мол жұмыс. Оған қалай жүрек жұтып бардыңыз? Қиындықтарынан қорыққан жоқсыз ба?

— Бұл тақырыпты игеруге іштей мол дайындықпен келдім десем де, көп қобалжығаным рас. Әсіресе, 2011 жылы «Елбасының алтын бесігі» атты тарихи-деректі кітапты жазғанда қатты қиналдым. Қателікке бой ұрып қалмасам екен деп қобалжыдым. Сосын бұрын-соңғы жазылғандарды қайталамауға тырыстым. Өзімше жол іздедім. Тарихи еңбек болғандықтан сұхбат алған кісілерімнің сөздерін таспаға түсіріп, қағаз бетіне хаттап отырдым.

Сұхбаттастарымның айтқандары мен мұрағаттағы құжаттарды салыстыра отырып, олардың арасында алшақтық болмауына ден қойдым.

Сонымен, «Құрыш тұлға» атты кітабым оқырмандарыма жол тартты. Бұл менің журналистік жолымдағы бір белесім, өзіндік асуым іспетті. Ендігі сөз қалың жұртшылықта деп білемін.

 Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button