«Ақтөбе — құтты мекен»ЖаңалықтарРухани жаңғыру

Рухани жаңғыру: алты бағыт және төрт кіші бағдарлама

«Туған жер» форумы аясында орталық мемлекеттік органдар, облыс әкімдіктерінің делегаттары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде орналасқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жасалған «Жобалық кеңсенің» жұмысымен танысты.  

Біздің облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыстық комиссия құрылып, облыстың жұмыс жоспары жасақталды. Бекітілген жоспарға сәйкес сарапшылар кеңесі және әрбір бағыт бойынша жұмысшы топтары, өңірлік жобалық кеңсе жұмыс жасап жатыр. Жобалық кеңсе қажетті материалдық базамен, кадрлармен қамтамасыз етілген.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова делегаттарға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біздің өңірде тындырылып жатқан игі істер мен қолға алынған жұмыстар туралы жан-жақты баяндап берді. Жұмыс тобы алты бағыт бойынша жұмыс жасап жатыр. Бұл бағыттағы істерге зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, партиялар, кәсіподақтар, жастар өкілдері кеңінен тартылуда. Қазір облыс бойынша 150 мыңға жуық адамды қамтыған 400-ден астам ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы 4 кіші бағдарламаға — «Тәрбие және білім», «Рухани қазына»,  «Атамекен» және «Ақпарат толқыны»  болып бөлініп, жобалар мен іс-шаралар реестрі бекітілді. Оның ішінде «Тәрбие және білім» бойынша құны 1 миллиард 948 миллион теңгеге бағаланған 27 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Рухани қазына» бағдарламасы аясында 23 жоба қолға алынады. Жобаның құны — 84,4 миллион теңге. Сондай-ақ, «Атамекен» бағдарламасы бойынша екі бірдей ірі жоба іске қосылады. Құны — 2 миллиард 855 миллион 647 мың теңге. Ал «Ақпарат толқыны» аясында ақпараттар таратылып жатыр, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Оның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында біздің облыста 27 іс-шара жоспарланды. Осы мақсатта 2017-2022 жылдары жүзеге асырылатын 26 жобаға бюджеттен 143 миллион 148 мың теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, тағы бір ірі жоба бюджеттен тыс қаржыландырылған. Бұл жоба құны — 1 миллиард 800 миллион теңге.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасы, «Халықаралық білім және мәдениаралық қатынас» ғылыми зерттеу институты, ғалымдар, студенттер «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша Орынбор ғалымдарымен бірлесіп университет ғалымдары, білім алушылары және Ақтөбе өңірінің зиялы қауымы ұсынған оқулықтар тізімін жасауда.

Төрт кіші бағдарламаның бірі — «Атамекен» бағдарламасы аясында «Туған жер» арнайы жобасы жүзеге асырылып жатыр. Облыстан шыққан елге танымал азаматтарды, кәсіпкерлерді өңірдің елді мекендерінің әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосуға, отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатында аймақта «Туған жерге тағзым» акциясы қолға алынды. Акция аясында биыл 2 миллиард 847 миллион 647 мың теңге көлемінде 555 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Қазірдің өзінде құны 1 миллиард 12 миллион 471 мың теңгеге бағаланған 338 жоба жүзеге асырылды. Бүгінгі «Туған жер» республикалық форумы да осы бағдарлама аясында ұйымдастырылып отыр, — деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Киелі жерлер географиясы» арнайы жобасы аясында облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы, облыстық тарихи-өлкетану музейі Әлкей Марғұлан атындағы археология институтымен бірлесіп, Ақтөбе қаласы маңында 3 жерде қазба жүргізді. Сондай-ақ, Шалқар және Байғанин аудандары аумақтарында орта ғасырлық және ерте темір дәуірі ескерткіштеріне  ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

«Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 2826 материал жарияланды.

«100 жаңа есім» арнайы жобасы аясында облыстың энциклопедия анықтамалығы және өңірдің имидждік журналы жарыққа шықты.

Рухани жаңғыруға бағытталған жұмыстардың бір парасы — «Туған жер» бағдарламасы аясында қолға алынған ауқымды жоба —  «Қазақстанның киелі жерлері географиясы». «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы киелі орындар саналатын 100 нысанның тізімін анықтады. «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» біздің облыстан 9 тарихи ескерткіш еніп отыр. Олар: Қобда өңіріндегі Абат-Байтақ және Исатай батыр кесенелері, Жиренқопадағы «Қобыланды батыр» мемориалдық кешені,  Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» мемориалдық кешені, Алға ауданындағы Есет Көкіұлы кесенесі, Темір ауданындағы Досжан ишан мешіті, Шалқар ауданындағы Есет-Дәрібай кесенесі, Ырғыз ауданындағы Жаманшың қазаншұңқыры және Мұғалжардағы Төлеубұлақ үңгірі.

Республикалық маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енген Төлеубұлақ үңгірі жөнінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі, «Рухани қазына» кіші бағдарламасының бас менеджері Айнұр Мақсатқызы былай дейді:

Бұдан 10 мың жыл шамасы бұрын Төлеубұлақ үңгірінде тас дәуірінің адамдары мекендеген. Бұл кешен — Қазақстандағы тас дәуірінен қалған ең көне археологиялық ескерткіш. Дегенмен, бірқатар зерттеушілер «бұл шұңқыр тәріздес символдар жер бетінде жүздеген мың жыл бұрын пайда болған ең көне символдар болуы да мүмкін» деген болжам айтады.  

Үңгірдің еденіне тереңдігі 5 сантиметр, диаметрі 15-25 сантиметр көлемінде суреттер ойылып салынған. Бұл жердегі шағын үңгірлердегі петроглифтерден тұяққа немесе саңырауқұлаққа ұқсас пішіндер, антропоморфтар, сонымен қатар терең ойып жасалған сызықтар кездеседі. Ғалымдардың пікірінше, жоғарыда аталған символдардың ең алғашқылары неолит, тіпті, палеолит, мезолит кезеңдерінен де бұрын пайда болған.

Айта кету керек, облыс бойынша «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жергілікті маңызы бар қасиетті орындардың тізіміне 47 ескерткіш енді.

Шара барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев инновациялық технологиялар паркінің жұмысымен таныстырды. Жаңадан ашылған технопаркте 20-дан астам зертхана бар.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button