ЖаңалықтарЭкономика

Жартыжылдық қорытындыланды

Жұма күні Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен қала әкімдігінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда биылғы жылдың І жартыжылдығының нәтижелері талданып, алға қойылған мақсат-міндеттер айқындалды.

Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, басқарушы компаниялардың өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ел экономикасын дамытуға бағытталған тапсырмаларын орындай отырып, оны жүзеге асыруда бүгінгі күні облыста және Ақтөбе қаласында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Өткен бірінші жартыжылдық оңай болған жоқ. Қаламызда болған көктемдегі су тасқынына қарамастан бірінші жартыжылдықтың нәтижесі айтарлықтай және қаламыздың дамуында оң өзгерістер бар. Сондай-ақ қазір облыс басшысының тапсырмасымен қолға алынған жобалар да жүзеге асырылуда, — деді шаһар басшысы.

Оның айтуынша, биылғы жылдың І жартыжылдығында Ақтөбе қаласы бойынша 350-ден астам өнеркәсіп орны тіркеліп, нәтижесінде құны 253,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,6 пайызға артық. Сонымен қатар биыл жалпы құны 3,1 млрд теңге тұратын кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 3 жаңа жоба бекітілген. Аталған жоба жүзеге асырылса, 160 адам жұмыспен қамтылады.

Отырыста «2017 жылдың І жартыжылдығы бойынша Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттің жұмсалуы» туралы қала әкімінің орынбасары Рузия Айдашева баяндама жасады.

Биылғы жылдың І жартыжылдығындағы кіріс бойынша қала бюджеті 104,9 пайызға орындалды. Кіріс көлемі — 14 507,0 миллион теңге. Ал қала бюджетінің шығыны 24 259,5 миллион теңгені құрады, яғни жоспарды 100 пайыз орындадық.

Бірінші жартыжылдықта тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 43,6 мың бірлікті құрады. Оның ішінде жұмыс жасап жатқандарының саны — 32,8 мың бірлік. Биыл «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласы бойынша 6 айда 75 жоба жүзеге асырылды. Оның жалпы құны — 3 509,9 миллион теңге, — деді Р.Айдашева.

Оның айтуынша, биылғы жылдың І жартыжылдығында облыста экономиканың өсу қарқыны  2,5 пайызға артқан. Ал Ақтөбе қаласы бойынша 6 айда 54,4 млрд теңгеге инвестиция тартылған.

Айта кету керек, облыс көлемінде Ақтөбе қаласының инвестициялық үлесі — 33,7 %.

Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша инвестициялық жобаларға бюджеттен 21 248,2 миллион теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде 2 113,0 миллион теңге республикалық бюджеттен, 11 940,2 миллион теңге

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан, 6 406,4 миллион теңге облыстық бюджеттен және 787,9 миллион теңге қалалық бюджеттен бөлінді. Бүгінгі күні осы қаржының 7 692,7 миллион теңгесі жұмсалды, яғни жоспардың орындалуы мөлшері — 36,2%, — деді Р.Айдашева.

Бұдан кейін жиында аграрлық саланың дамуы, қаланы абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы қала әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров баяндады.

2017 жылдың алты айында ауыл шаруашылығы саласында жалпы көлемі 4 646,6 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 104,3 пайызға өсті. Атап айтсақ, өсімдік шаруашылығы бойынша

2017 жылы Ақтөбе қаласында 49 шаруашылық 27,1 мың гектар алқапқа егін салды. Осылайша облыстық ауыл шаруашылығы тапсырмасы толықтай орындалды. 2016 жылмен салыстырғанда егіс құрылымының өсімі 20,4% немесе 4,6 мың гектарға артық. Ал мал шаруашылығы бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өндіру (тірілей салмақта) 3128,3 тонна немесе 100,4%-ға, сүт өндіру 10133,6 тонна немесе 106,2%-ға , жұмыртқа 60474,8 немесе 108,3%-ға өсті, — деді Н.Алдияров.

Оның айтуынша, 6 айда Ақтөбе қаласы бойынша асылтұқымды ірі қара малының үлесі — 12%, қой — 0,02%, жылқы — 23,2%-ды құраған. Ал облыс бойынша асылтұқымды ірі қара малының үлесі — 6,2%, қой — 12,0%, жылқы — 17,3%.

Асылтұқымды мал үлесін арттыру мақсатында қала бойынша асылтұқымды мал сатып алуға тапсырмалар берілді. Тапсырмаларға сәйкес биыл 170 ірі қара,  200 қой және 50 жылқы сатып алынуы қажет. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша шаруашылықтар жалпы саны 112  асылтұқымды ірі қара малын сатып алды, сатып алынған сүт бағытындағы 90 ірі қара малы  Ресей Федерациясынан әкелінді, қалған 22-сі — асылтұқымды бұқа. Қой шаруашылығы бойынша «Айкар» шаруа қожалығы  Батыс Қазақстан облысынан асылтұқымды 20 қошқар сатып алды. Сондай-ақ, қазір  200  аналық қой малын сатып алуға несие алу үшін жұмыс істеуде. Ал «Тіленші» шаруа қожалығы 14 асылтұқымды қошқар сатып алды, — деді қала әкімінің орынбасары.

Биыл абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары көктемгі-жазғы кезеңдерде қаланың орталық аудандарында (Абай, Ә.Молдағұлова даңғылдары, Батыс-2 шағын ауданы) жүргізілген. Атап айтсақ, аталған көшелерге жапырақты және қылқан жапырақты тұқымдасты 950 ағаш егілген. Оның ішінде 335-і шырша, 615-і жапырақты тұқымдастар, атап айтсақ, емен, шетен, талшын, канадалық үйеңкі және жөке. Егілген ағаштарды мердігерлік ұйымдар күтіп, суарады.

Биылғы жылы санитарлық тазалау жұмыстары 31 басқарушы компанияға жүктелді. Тазаланатын аумақтың жалпы ауданы — 26,6 миллион шаршы метр. Аумақтарды қоқыстан тазалау, жаяу жолдарды тазалау, жаяужол аумақтарын құмнан тазалау, жол жиектерін және ағаштарды әктеу, өткелдер жиектерін жуу және әктеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырады. Көшелер мен даңғылдарды санитарлық тазалау жұмыстарына 31 басқарушы компания арқылы 500 адам жұмылдырылды, — деді Н.Алдияров.

Отырыста қала әкімі биылғы жылы қаланы абаттандыру, әрлеу жұмыстарына көп көңіл бөлінетінін атап өтті. Себебі биыл облыс орталығында маңызды мәдени шаралар көп ұйымдастырылады. Сондай-ақ қала аумағында жөнделіп жатқан көше жолдары да үнемі назарда болады.

Жиында қала тұрғындарын жұмыспен қамту, әлеуметтік даму және білім беру салалары бойынша 6 айда жүргізілген жұмыстардың нәтижелері де талқыланды. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Бөртебаева мен қалалық білім беру бөлімінің басшысы И.Бексұлтанова баяндама жасап, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Сондай-ақ отырыста қала жолдарын салу, жөндеу, қайта жаңғырту, қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мәселелері де сөз болды.

Жиында шаһар басшысы жауапты тұлғаларға алдағы уақытта шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары мен мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруды нығайтуды тапсырды.

Алда үлкен міндеттер тұр. Біріншіден, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда қарқынды жұмыстар жасалу керек. Қала әкімдігінің 2017-2020 жылдарға арналған қарқынды және негізгі жұмыстар бойынша кешенді бағдарламасын тиісті дәрежеде жүзеге асыруымыз қажет. Оның нәтижесі халықтың қала әкімдігінің жұмысы туралы оң бағасы арқылы бағаланады. Сондықтан жақсы көрсеткіштерге жету үшін барлық мемлекеттік мекемелердің бірлескен жұмысы, басшылардың жауапкершілігі, сондай-ақ әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіпқойлығы жоғары деңгейде болуға тиіс, — деді І.Испанов.

Отырыс соңында ол қала әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшыларына бірқатар  тапсырмалар жүктеп, нақты міндеттер қойды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button