ЖаңалықтарЭкономика

Жеке инвестиция: 72 млрд теңге, 1700 жұмыс орны

Кеше «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Дархан Өтеміс брифинг өткізіп, биылғы жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі күні индустриалды аймақта «TALAN Technology», «Ақтөбе Топса Пласт» серіктестіктері өз жұмысын бастаған. Биылғы жылы «Зерде Керамика Ақтөбе», «ПолиВест», «FIBC», «Жедел Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өздері белгілеген жоба бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған 4 жобаның құрылысы жыл аяғында аяқталуы қажет. Сонымен қатар 5 жобаға жер телімдері бөлінген және құрылыс алдында жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Олар: «Фаэтон компаниясы», «GIGANT KZ»,  «Aktobe Metiz», «БауМастер International», «Юнайтед Энерджи Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Бүгінде индустриалдық аймақтың 155 гектарының 75 гектары, яғни 49 пайызы игерілді. Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 72 миллиард теңге. Бұл болашақта 1700 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, — деді Д.Өтеміс.

Корпорация басшысының айтуынша, облыс басшысының жол бойы сервисі және көше саудасы бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізуге байланысты тапсырмасына сәйкес биыл мамыр айында «Ақтөбе — Хромтау» (Белогорка ауылы аймағы) тас жолындағы жол бойы сервисі инвестициялық жобасын «Успех Транс Лайн» ЖШС жүргізетін болған. Жобаның құны — 200 млн теңге. Қазір жер телімі бекітіліп, жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «IBG CATERING» ЖШС «А» санатты жол бойы сервисінің көп функционалды кешенін құру жобасы бойынша жұмыстар жүргізуде.

— «Көше саудасының 1000 орны» жобасы аясында қазір Ақтөбе қаласы әкімшілігімен бірлесіп барлық ұйымдастыру жұмыстары жасалып жатыр. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үшін Ақтөбе қаласында көше саудасына арналған 30 орын бекітілді. Сонымен қатар алдағы уақытта тұрақтандыру қоры мен аймақаралық кооперацияның жүзеге асырылуына ерекше мән беріледі, — деді Д.Өтеміс.

Брифинг барысында «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мамырғали Аққағазов 2017-2018 жылдары маусым аралық кезеңде облыстың тұрақтандыру қорына көкөністің бірнеше түрлерін сатып алуға фьючерстік келісімшарт жасалғанын айтты.

Айта кету керек, аталған тізімде картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз бар. Олардың бағалары 45-55 теңге аралығында.

  • Келісімшарт жасалған кезде облыстағы ауыл шаруашылық тауарын өндірушілердің өнімді сатып алу артықшылықтары ескерілді. Қазіргі күні облыс орталығында 17 әлеуметтік павильон, 5 әлеуметтік дүкен және 19 шағын базар бар. Осы сауда орындарында аймақаралық кооперация аясында сатып алынатын өнімдер мен облыстың тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын болады, — деді М.Аққағазов.

Айта кету керек, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалары бойынша жұмыстар атқаруда. Мәселен, өткен жылы 8 жоба қарастырылса, биылғы жылы жалпы құны 7,4 млрд теңге болатын 9 жобаның сараптамасы жүргізілген. Сонымен қатар корпорация жер қойнауын пайдалану жобасы бойынша белсенді жұмыстар атқарып жатыр.

Брифинг соңында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button