ЖаңалықтарЭкономика

Энергетика министрінің есептік кездесуінен бейнекөрсетілім ұсынылды

Облыс әкімдігі ғимаратында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың Астанада ұйымдастырылған халық алдындағы есеп беру кездесуінен бейнекөрсетілім ұсынылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары қатысты.

Атқарушы билік өкілдері, сала мамандары және журналистер қатысқан онлайн-режимдегі шараға Ақтөбеден бөлек, еліміздің барлық облыстары тікелей қосылды. Кездесу барысында Энергетика министрі атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, көгілдір отын мәселесіне де тоқталды.

— Газ секторында халықты газдандыру жобаларын жүзеге асыру  жалғасуда. Елімізде 8 миллионнан астам тұрғын газға қол жеткізіп отыр. Бұл халықтың  46,3 пайызын құрайды. 2030 жылға қарай елдің газдандыру деңгейін 56 пайызға жеткізуі біздің нысаналы индикатор болып табылады.  Елімізде кең ауқымды экспорттық және транзиттік газ құбырлары тартылған. 18 мың шақырым магистральды және 30 мың шақырым газ тарату құбырлары салынды. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры да салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, қосымша құбыр қуаттары іске қосылып, отандық газды Қытайға экспорттауға техникалық мүмкіндік алдық, — деді Қанат Бозымбаев.

Министрліктің қызметі, газ құбырларының жағдайы, т.б. жайттарды сөз еткен Қанат Бозымбаевқа еліміздің көптеген өңірлерінен бейнебайланыс арқылы сұрақтар келіп түсіп, олардың біразына сол бойда жауап берілді.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тікелей көрсетілімнің соңында облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары осындағы сала мамандарынан екі сұрақтың келіп түскенін, бәрі құзырлы орган өкілдеріне жолданатынын хабарлап, қатысушыларға алғысын білдірді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button