ЖаңалықтарЭкономика

Инвестициялық жобалардың қарқыны қалай?

Мәслихат

Жұма күні депутат Аркадий Нидің төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

Алдымен облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ерлан Назаровтың баяндамасы тыңдалды.

Облыстың Индустрияландыру картасына жалпы құны 810 млрд теңгеге бағаланған  94 инвестициялық жоба енгізілген. Жобалар сәтті жүзеге асса, 13,1 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында алғашқы бесжылдықта 71 жоба іске асырылды (жалпы құны — 552.6 млрд теңге). Ашылған жұмыс орны — 6500-ге  жуық. Барлығы 69 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы (2015-2019 жылдар) мемлекеттік бағдарламасы аясында құны 258,0 миллиард теңгеге бағаланатын 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде, 6,5 мың адам жұмыспен қамтылады, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, 2015-2016 жылдары 10 жоба іске қосылды. Соның арқасында 800-ден астам адам жұмысқа орналасты.

Жыл соңына дейін кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 6 инвестициялық жобаны  іске қосу жоспарланған. Қаржыландыру көлемі шамамен 5 млрд теңге болатын бұл жобалардың нәтижесінде 380 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдау картасына қосымша тағы 10 жобаны енгізу қарастырылып жатыр.

Биыл «Ақтөбе» индустриалдық аумағында да  инвестициялық жобалар іске қосылады. Бұл мақсатта 5 жоба қолға алынып жатыр (жалпы құны — 8,8 млрд теңге). Сондай-ақ, инвестиция көлемі 9,6 млрд теңге болатын 6 жобаға жер телімдерін бөлу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы жобаларды іске асыру барысы, жобалық қуатқа шығу және жүйелі жұмыс істеуі облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының тұрақты мониторингінде тұр, — деп сөзін қорытындылады басқарма басшысы Е.Назаров.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы А.Даржанова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Б.Бисенғалиевалар да қосымша баяндама жасады.

Талқылау барысында депутаттар бірқатар сұрақтар қойып, ескертулер жасап, өз ұсыныстарын айтты.

  Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button