ЖаңалықтарЭкономика

Қарашығанақ өндірісінің өкілдері келді

Аймақтық байланыс

Облысымызға «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы ұжымының өкілдері келді. Облыс әкімі  Бердібек Сапарбаев аталған компанияның бас директоры Ренато Маролимен кездесіп, алдағы атқарылуға тиісті жұмыстарды талдады.

Мұнан соң облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен үлкен жиналыс өтті. Оған облыстың барлық  құрылыс және инерттік материалдар өндірушілері жиналды.Бұл жердегі мәселе — бұл компания жылына қазақстандық тауар сатып алуға миллиардтаған теңге жұмсап келеді. Қазір оның үлесі 52 пайызға жеткен. Осы шараларға біздің аймақтың да тауар өндірушілерінің белсене қатысуы басты мақсат болып отыр.

— Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша осы бағыттағы жұмыстарға жан-жақты талдау жасалды. Аймақтағы өндірістік тауар өндірушілердің де компанияның сатып алу жұмысына қатысуға мүмкіндіктері жеткілікті. Аталған компанияның ұсынатын қызметтерін саралап қараған кезде, біздің өңірдегі біраз зауыттар мен кәсіпорындардың өз тауарларын жеткізе алатынына көз жеткіздік. Компания тарапынан «Бизнестің жол картасы» негізінде жүргізілетін біздің ұсыныстарымыздың қолдау табатынына сенімдіміз, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Мұнымен бірге, Қ.Бекенов еліміздегі ірі мұнай-газ компаниясы басшысының бұл аймаққа бірінші жұмыс сапары екенін атап көрсете отырып, олардың қатысуымен облыс орталығында өтетін шараларды атады. Соның бірі — «Стройдеталь» кәсіпорны базасында өтетін жұмыс барысындағы кездесулер. Мұнымен бірге, осы жерде облыстың өндірістік тауар өндірушілерінің көрмесі өтетінін айтты.

Облыстың өндірістік тауар өндірушілерімен кездесу кезінде сөз алған «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының бас директоры Ренато Мароли жергілікті кәсіпорындармен жүргізілетін жұмыстардың жобаларын баяндады. Компанияның қызметінің бүкіл ел бойынша ашық ұсынылып отырғанын, оған қатысуға әр тауар өндірушінің мүмкіндігі барын атап айтты.

— Біздің негізгі мақсатымыз — аймақтық компаниялармен берік қарым-қатынас орнату және оны кеңейту. Біздің компания жергілікті тауарлардың үлесін ұлғайтуға мүдделі. Мұның әлеуметтік те, экономикалық та маңызы зор. Біз аймақтардан өте сапалы тауарлар жеткізіледі деп ойлаймыз. Және оның бағасының өзгелерден қымбат болмайтынына сенімдіміз. Біздің компанияда қызмет көрсетудің көлемі өте үлкен. Бұл бағытта болашаққа белгіленген, бергі 3-5 жылда жасалатын мақсатты жобаларымыз бар, — деп мәлімдеді компания бас директоры.

Жиын соңында облыстың тауар өндірушілері компания басшыларына сатып алу жұмыстарына қатысуға байланысты сауалдар қойды. Оған компанияның тиісті бөлімдерінің басшылары жауап берді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button