АуылЖаңалықтар

Ақжардың көк пиязы

Өткен жылы хромтаулық кәсіпкер Әлім Әлмұратов жеке үйінің ауласына жылыжай тұрғызған еді. Қазір сол жылыжайдың өнімдері Ақтөбе қаласындағы сауда нүктелерінде сатылымға шығарыла бастады.
Хромтау ауданына қарасты Ақжар ауылдық округінде тұратын Әлмұратовтар отбасы былтыр жаңа үй тұрғызып, қоныстойын тойлады. Бұл отбасының ұлы Әлім ескі үйді бұзбай, оған жапсарластыра жалпы ауданы 150 шаршы метр аумаққа жылыжай құрылысын салуға бел байлады. Орынбордан тасымалдаған экотон, поликарбонат секілді құрылыс материалдарын ол осы жылыжай құрылысына пайдаланды. Сөйтіп, бас-аяғы үш айдың ішінде құрылысты толық аяқтап, іске кірісті.
Әрине, көкөніс егіп, оны сатылымға шығару үшін саудадан хабарың болған жөн. Бұл істе Әлім бұған дейін Ақтөбе нан өнімдері комбинатында сауда менеджері қызметін атқарған жылдары жинақтаған тәжірибесіне сүйенді. Ал көкөніс өнімдерін өсіріп, күтіп, баптауды ол жастайынан меңгерді. Оның ата-анасы Мұрат пен Мираның мамандығы — агроном. Сондықтан да болар, бала күнінен өсімдік баптауды үйренген Әлімге бұл істе еш қиындық тумады.
— Көкөніс өнімдерін өсіріп, баптау үшін тиянақтылық, жауапкершілік керек. Қандай өсімдікте баптағанды жақсы көреді. Жылыжайға егілген өсімдіктің дені — көк пияз. Пияздың биіктігі 25-30 сантиметрге жеткенде, өнім бере бастайды. Бұл өсімдік суды көп қажет етпейді. Аптасына екі-үш рет суарсаң жетіп жатыр. Осымен үшінші рет егіп, өнімін жинап отырмыз. Шамамен 600 келіден астам өнім алдық. Бір ерекшелігі — пияздың басы мен жапырағы да тамаққа пайдаланылады. Сондықтан бұл өсімдіктен мол табыс табуға болады, — дейді Әлім.
Жылыжай іші кең әрі жарық. Ішкі температурасы — 40 градус. Өнімді сату, тарату жұмысымен Әлім өзі айналысады. Бастапқыда сұраныс аз болғанмен, бүгінде сатып алушылардың, тапсырыс берушілердің қатары көбейген. Қазір Әлімнің бизнесі қызып тұр. Ауыл, аудандағы сауда нүктелерімен қатар, жергілікті өнім Ақтөбе қаласына да тасымалданады. «Ақтөбеге күн сайын қатынаймын. Әрине, бірінші кезекте аудан тұрғындарын жергілікті өніммен қамтуымыз керек. Жылыжайда жиналған өнімнің орны бос қалмайды. Жер қайта өңделіп, жаңа тұқым егіледі. Пияз 20-25 күнде өз өнімін береді», — дейді Әлім.
Жеке кәсіпкер мемлекеттің қолдауына да ие болған. Биыл тағы қаржы институттарының бірінен 5 миллион теңге мөлшерінде несие алып, жылыжай көлемін үлкейтуді көздеп отыр.

Ләззат ӘБДІРОВА,
Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button