АуылЖаңалықтар

Ауылда наубайхана ашылды

Өткен аптада Дмитриев ауылында наубайхана ашылып, тұрғындар мәз болды. Пештен жаңа шыққан нан ауылдықтарға аптасына бір рет сырттан әкелінетін нанның дәмін тез ұмыттырды.
Наубайхана иесі — 32 жастағы Алёна Решетник. Педагогикалық колледжді тәмамдап, біраз жыл Ақтөбеде жұмыс істеген ол туған ауылына оралды. Жеке кәсіпкерлік ашып, оны ілгерілетуді ойлады. Сондай-ақ, ол — бір үйдің ұйытқысы, сүйікті жар және аяулы ана.
Бұған дейін тұрғындар ауылдың қай жерінде болмасын, тұра қалып, наубайхана жоқтығын әңгіме қылатын. Осы жағдайды білетін Алёна Николаевна күйеуімен және оның достары Борис Фрыга мен Владимир Гребенюкпен ақылдасып, солардың көмегімен нан пісіретін жеке кәсіпті ашуға бел байлады. Содан осы топ ауызбіршілікпен өз күштерімен наубайхана ғимаратын салып, электр жарығын, салқын және ыстық су жүргізіп, ішін соңғы үлгідегі ресей қондырғыларымен жабдықтады. Инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесі де сәтті шешілді.
Болашақта наубайханада нан күндіз-түні өндірілетін болады. Қазіргі таңда бұл жерде 3 адам жұмыс істейді, олар — бұрынғы жұмыссыздар.
Кәсіпкер әлі ауылдағы тұтынушы нарығын зерттеп үлгерген жоқ. Наубайхананың салтанатты ашылуына үш мыңнан астам тұрғыны бар көрші ауылдардағы сауда нүктелерінің иелері келді. 70 теңге тұратын Дмитриев нанына басқа да ауылдардан сұраныс бар. Наубайхана қуаттылығы — 500 келі нан, бір ауысымда 700 бөлке. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы бір пеш сатып алатынын, сондай-ақ, әзірге алты адам жұмыс істейтін «Дмитриев» шаруа қожалығын кеңейту де ойда барын айтты.
Наубайхананың ашылуына келген Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауов:
— Біздің ауданда қазір нан өнімдерін өндіретін 8 наубайхана бар. Бәсекелестік ешкімге кедергі келтірмейді. Біздің аграрлық аудан экономикалық дағдарысқа қарамастан ілгерілеу үстінде. Жаңа наубайхананың ашылуы — Дмитриев ауылы үшін үлкен мереке. Жігіттер қаладан ауылға келіп, өз бизнестерін жүргізіп, жұмыс орындарын ашып отыр. Әуелі мен олардың жоспарларымен танысқанда сене қоймап едім. Олар жобаны кезең-кезеңімен қолға алды. Өткен жылы жазда іске кіріскен олар үй сатып алды, монша, дүкен ашты. Енді, міне, наубайхана ашып отыр. Кәсіпкердің жоспары көп. Енді 200 ірі қараға арнап мал қора салмақшы, тұрғындар үшін және өздеріне бақша егуді қолға алайын деп отыр. Картоп екпекші. Сондай-ақ, су тоғанында балық та өсіргілері келеді. Бұл инвесторларға әкімшілік атынан алғыс айтамын. Елбасымыз үнемі ауылға инвесторлар тарту жөнінде айтады. Олардың келуімен жаңа жұмыс орындары ашылады әрі ауыл көркейе түспек. Биыл ауданда ай сайын бір мекемені ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл — ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай экономикаға қосқан үлесіміз болмақ, — дейді.
Одан соң тұрғындарды аудандық мәслихаттың хатшысы Амантай Исмағұлов құттықтады. Ауыл ақсақалы Кеңес Шотқарин батасын берді. Шашу шашылды.

Елена ОНИСЬКОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button