Жаңалықтар

Ешкінің сүті

Абат Өтегенов — жігіт ағасы жасына келгенде елордамыз Астанадағы кәсіпорындардың біріндегі басшылық қызметін тастап, туған ауылына оралған азамат. Кіндік қаны тамған Петропавловкіге қайта оралған ол ешкі өсіру ісіне кірісті.
Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған Абат үшін ауыл шаруашылығы саласы еш таңсық болған емес. 1998 жылы «Диана» шаруа қожалығын басқарды. 2010 жылы Бейнеуде дәнді дақылдар терминалы құрылысын бастан-аяқ басқарды. Төккен тер босқа кетпеді. Еңбегі еленіп, сол кезде елордадағы «Ақбидай – Астана» ЖШС-ның директоры лауазымына тағайындалды.
— Елуді де еңсеріп қалдық. Өмір бойы бел жазбай еңбек еттік. Қолыма институт дипломын алғаннан соң бар уақытымды, еңбек пен қажырымды еліміздің ауыл шаруашылығы саласына арнадым. Астанада тұрғанымда да, әсіресе, соңғы кездері көңілім үнемі елді аңсап, алабұртып жүрдім. Ауылға оралып, жеке кәсібімді ашқым келді. Орманы жайқалған, құшағы жып-жылы Петропавловкімді қатты сағындым. Досым ешкі өсірумен айналысатын. Жалпы кәсіптің бұл түріне Ақтөбеде жол ашық. Себебі — бәсеке жоқ. Сөйтіп, еті де, сүті де ем ешкі өсірумен айналысу шешімін қабылдадым. Содан Астанадағы пәтерімді саттым. Одан түскен қаржы ауыл шетінен мал өсіру үшін ыңғайлы үй алуға әрі жылу жүргізілген қора салуға, ешкіні сауатын және сүт өңдейтін құрылғы сатып алуға молынан жетті. Жиырма шақты Заанин, Альпі тұқымды ешкіні Ресейдегі Омбы қаласынан сатып әкелдім. Ешкі тез көбейетін мал, егізден туады. Бүгінде ешкілердің жалпы саны 70-ке жуық. Оның ішінде жиырмасы сауын ешкілері, — дейді кәсіп иесі.
Әрине, ешкі бағу еріккенің ермегі емес. Тастан-тасқа секірген ешкі бақташысын да шаршатады, оның үстіне бір орнында тұрмайтын бұл жануардың қоң жинауы да көп уақытты қажет етеді. Есесіне сүті ана сүтімен пара-пар, еті денсаулығы сыр беріп, диета ұстаған жандарға шипалы. Айтпақшы, ешкі туберкулезбен, бруцеллезбен және өзге түлік түрлері ауыратын басқа да аурулармен ауырмайды. Шөпті талғап жейтін ешкі қорада қамап ұстайтын түлік емес. Абат олардың санын 100-ге жеткізгісі келеді. Қажет жемшөпті жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алады, әзірге тапшылық көріп отырған жоқ.
— Жазда далада бағамыз. Қыста — қорада. Жылы қорадан бөлек, қоршалған арнайы ашық алаңқай да бар. Сүтті маусым айынан бастап сатамыз, қалаға литрін 500 теңге шамасындағы көтерме бағамен өткіземін. Екі сауыншы, бір бақташыны жұмысқа алдым. Олардың екеуінің еңбекақысын төлеуге мемлекет көмектесіп отыр, — деген Абаттың ендігі мақсаты — «Ақ сүт» сүт цехын іске қосу. Бүгінде барлық құрылғылар сақадай сай дайын тұр. Енді құжаттарын реттеу керек. Сүт цехы іске қосылса, Петропавл ауылынан шыққан ешкі сүті пастерленіп, бөтелкеге құйылып, қала дүкендерінің сөрелерінен ойып тұрып орын алатынына еш күмән жоқ. Қалаға жақын орналасқан, шөбі шүйгін, ауасы таза ауылдың ешкілерінің сүті өзге елден әкелінген сүттерден басым түсері сөзсіз. Себебі, «Ақ сүттің» өнімдерінің пайдалану мерзімі қысқа болғанымен, табиғи сүттің дәрумендері сол қалпында сақталады.
— Сүтті өңдеу технологиясы толықтай автоматтандырылған, оған адам қатыспайды. Сүтті өңдеу процесінде микробтар жойылып, иістен арылады. Тұтынушы барлық талапқа сай келетін сүтті алуы керек. Нарықтан ойып тұрып орын алу үшін шығарған тауарың мінсіз болуы қажет. Сонда ғана тұтынушының сеніміне кіресің әрі тұрақты тұтынушыларыңның қатары молая түседі, — дейді сүт өңдеу процесі туралы әңгімелеген Абат Өтегенов.

Индира СПАНОВА,
Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button