Мәселе

Суға кетіп қалмаңыз…

Қазір жас та, жасамыс та өзен-көлдер мен су-тоғандарды жағалап жүр. Бұл — аптап ыстықтан саялаудың бір жолы. Дегенмен суға түсу маусымы басталмай жатып, қауіпсіздік ережесін сақтамай, арты қайғымен аяқталып жатқан оқиғалар да тіркеліп үлгерді. Биылғы суға түсу маусымына дайындық және өзге де мәселелер төңірегінде әңгіме тарқатқан едік. 

 

Алғашқы интерактивті сабақ

 

Оксана Кичигина, «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің сарапшы-құтқарушысы:

— Әдеттегідей, маусымның алғашқы күнінен бастап суға түсу маусымы ашылады. Қыркүйек айына дейін жалғасатын суға түсу маусымына дайындық шаралары ерте бастан жүргізілді. Қала аумағында Ақтөбе және Сазды су қоймалары бар. Биылғы маусымда тұрғындар үшін 5 жағажай орындары қызмет көрсететін болады. Жыл сайын суға шомылу маусымы басталар алдында  суға түсуге болмайтын жерлерге арнайы белгілер қойылады. Қазір Ақтөбе қаласы маңындағы су тоғандардың түбіне сүңгуірлік  тексеріс жүргізілуде. Бұл үшін демалыс базаларының иелеріне сүңгуірлік тексеріс жүргізілгендігі жайында «Жағажай төлқұжаты» беріледі. Бұл орайда су астын тазарту жұмыстары да қатар жүргізіледі. Бүгінгі күні Ақтөбедегі «Саяхат» жағажайы тұрғындарды қабылдауға дайын. Сондай-ақ, қала сыртындағы «Энергетик», «Мұнайшы» және «Восток» лагерьлеріндегі жағажайлар да  жазғы демалыста балаларды қабылдауға дайын тұр.

Адамдар көбінесе үш жағдайда суға кетеді. Яғни, олар рұқсат етілмеген жерлерге шомылады болмаса мас күйінде суға түседі. Сондай-ақ, өзен-көлдерде балалар ата-ананың қарауынсыз жүреді. Бізге жағажайлардың көптеп ашылғаны жақсы. Өйткені, табиғат аясында көңіл көтергісі келетіндер бір жерде бас қосса, біздің мамандардың қадағалау, бақылау ісінде қиындықтар кездеспес еді.

17 мамыр күні мамандар облыс аумағындағы мектептерде оқушыларға суға түсу кезіндегі қауіпсіздік шаралары тақырыбында интерактивті сабақ өткізді. Оқушылар мен құтқарушылар арасында еркін әңгімелесу сабағы өтті. Мамандар жастарға суда жүзудің тәртібі, қауіпсіздік шаралары жайында түсіндірді.  Суға кеткен жағдайда алғашқы көмек көрсету амалдары жайында да айтылды. Қауіпсіздік амалдарының алдын алуға арналған шаралардың интерактивті түрде өтуі — құрылым жұмысындағы ерекшеліктердің бірі саналады.

 

Құтқарушылар жасағы дайындалды

 

Ақтөбеде  суға шомылу кезінде  қауіпті аймақ саналатын орындар бар.  Оксана Кичигинаның айтуынша, қала аумағында Россовхоз, Кірпішті  елді мекендеріне барар тұстағы көпір асты су қоймасы, Силикат зауыты ауданы, сондай-ақ Тұрғындар қалашығындағы платина, жаңа және көне Земснаряд  ауданындағы су қоймалары қауіпті аймақтар саналады. Сол сияқты Заречный және Қарғалы елді мекендеріне барар жолдағы көпір асты сулары да адамдардың суға кету қауіпін тудыратын аймақтардың бірі.

Қауіпсіздік шараларының алдын алуға бағытталған түрлі-түсті плакаттардың осы жылы 14 түрін әзірледік. Бүгінгі күні олардың бірсыпырасы мектептер мен лагерьлерде ілулі тұр. Егер қалалық әкімдік суға түсуге болмайтын аумақтарды білдіретін белгілерді дайындап берсе, біз оларды қауіпті жерлерге орнататын боламыз. Аудандарда суға түсетін және суға түсуге рұқсат етілмейтін орындарды жергілікті билік айқындайтын болады. Қазір облыс бойынша Шалқар ауданында ғана біздің филиалымыз бар. Қазір онда 3 құтқарушы кезекпен жұмыс жасайды. Біздер аудандарда суда құтқару ведомстволарының бекеттерін ашуды бірнеше жылдан бері мәселе етіп көтеріп жүрміз. Яғни, жазғы маусымда әрбір ауданда өзінің суда құтқару бекеті болуы тиіс.  Биыл осы мәселе аздап шешімін тапқан сыңайлы. 17-21 мамыр аралығында Ақтөбеде суда құтқару ведомстволарының бекеттерінде құтқарушылар жасақтары оқытудан өтті. Жергілікті билік бұл жұмысқа үміткерлерді өздері таңдап жіберді. Құтқарушылар жасағына оқуға келгендердің арасында аудан орталықтарының ғана емес, селолық округтердің тұрғындары да болды. Жергілікті билік өкілдері  аудандарда суға кету оқиғасы көп тіркелетін аймақтарда тұратын адамдарды қабілет-қарымына байланысты осы қызметке оқытуды басты назарға алыпты, — деді О.Кичигина.

Бүгінгі күні облыс бойынша 53 адамға құтқарушылар жасағына оқығанын растайтын анықтама беріліпті. Оларға жалақы жергілікті жерден, яғни биржа арқылы төленетін болады. Суда құтқару қызметіне қажетті құрал-жабдықтарды жергілікті әкімдік өз мойындарына алуы керек.

Құтқарушылар жасағына оқуға келгендер суға кеткен адамды құтқарудың тәсілдері мен оған алғашқы көмек көрсету шараларын үйренді. Мұндай шараны республикада бірінші болып Ақтөбе жүзеге асырып жатыр, — деді Оксана Кичигина.

 

Ойнап жүріп, ажал құшты

 

Әрине, апаттың айтып келмейтіні белгілі. Судан қорғау қызметі үлкеннің де, кішінің де суға түсу кезінде аса сақ болу керектігін ескертеді. Алайда тұрғындардың көпшілігі суға түсу мерзімінің жариялануын күтпестен-ақ көңіл көтеруге асығады. Судың да адам өміріне тигізетін қауіп-қатері бар екенін жұрттың бәрі білгенмен, одан келетін апатты екінің бірі ескере бермейді. Сондықтан, суға түсу маусымы басталмай жатып облыста 3 адам суға кетіп, мерт болды. Олардың біреуі — алты жасар бала. Бұлардың қай-қайсысы да судағы қауіпке сақтықпен қарамаудың салдарынан орын алған жәйттер.

2007 жылы дүниеге келген баланың ажалы судан болды. Ол — Бестамақ ауылының тұрғыны. Саяжай массиві арқылы  Ақтөбе су қоймасына барған үш бала мұз үстінде ойнап жүргенде, кенеттен мұз жарылып, жағадан алшақтай бастайды. Сол кезде балалар айқайға басып, жағаға секіреді. Бұл жайды балалардың бірінің ата-анасы байқап, екі баланы күртешесінен тартып құтқарады. Үшінші баланы құтқаруға үлгере алмайды. Екінші қайғылы жағдай Ырғыз өңірінде тіркелді. 1955 жылы туған азамат мас күйінде суға батып кеткен. Осы жылы тіркелген үшінші қайғылы жағдайдың орын алуына да ер-азаматтың мас күйінде суға түскені себеп болып отыр. Үшінші оқиға Ақтөбедегі Земснаряд ауданындағы Елек өзені бойында орын алды, — деді Оксана Кичигина.

 

Мамандар қарапайым халықтың рұқсат етілген жерлерде, арнайы жағажайларда ғана суға түскенін қалайды. Өйткені, бұл жерлерде судан қорғаудың барлық айла-әдістерін меңгерген сүңгуір мамандар мен талап бойынша медицина қызметкерлері кезекшілік етеді.

 

P.S. Өткен жылы суда құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасы нығайды. Биыл да құрылым қызметі үшін су жаңа катерлі қайық іске қосылмақ. Сүңгуірлердің арнайы киімдері де жаңартылыпты.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Суға түсу кезінде қауіпсіздік ережесін сақта!

Суға түсу маусымы

Жаз мезгілінде өзен-көлдердің жағасында уақыт өткізген жақсы. Жағажайда демалып қана қоймай, денсаулықты да нығайтуға болады. Суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну адамды сергек қалыпта сақтайды және жұмыс қабілетін арттырады. Суға шомылу кезінде қарапайым ережелерді сақтамасақ, жазатайым оқиғаларға тап болуымыз мүмкін. Суға түсу кезінде құтқарушылардың тәжірибелері көрсеткендей, мұндай жағдайға көбінесе балалар, ішімдік ішкен адамдар ғана емес денсаулығы мықты жүзу білетін адамдар да тап болады. Ал себеп біреу: болып жатқан оқиғаға дер кезінде, тез және дұрыс шешім қабылдай білу керек.

Суға түсу кезеңі алдында рұқсат етілмеген жерлерге 50-ден аса ескерту және тыйым салу белгілері орнатылып, бұл жерлер үнемі құтқарушылардың назарында болады. Жағалауда демалушы қалалықтарға және шомылуға тыйым салынған жерлерде демалушыларға жазатайым оқиғаның алдын алу мақсатында судағы қауіпсіздік ережелері жазылған үнпарақтар таратылады.

2010 жылдың осы кезеңінде 32 адам суға кетті, оның ішінде 6-уы сәбилер мен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер болды, судан 58 адам құтқарылып, 62 адамға медициналық көмек көрсетілді.

Сараптаулар көрсеткендей, мұндай қайғылы жағдайларға адамдар көбінесе суға түсуге болмайтын жерге түсу, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, балаларды суға түсу кезінде қараусыз қалдыру, суға мас күйінде түсу кезінде тап болып жатады.

Суға шомылу кезінде қарапайым ережелерді сақтай біліңіз:

  1. Суға шомылатын арнайы орынды дұрыс таңдай біліңіз.
  2. Суға түсуге болмайтын белгіден аспаңыз, тыйым салынған жерлерге шомылмаңыз және суда жүрген моторлы кемелерге жақын жүзбеңіз — бұл сіздің өміріңізге өте қауіпті.
  3. Ата-аналар балаларға қамқорлық жасап, суға шомылу кезінде балаларды қараусыз қалдырмау керек!
  4. Ішімдік ішкен жағдайда суға түсуге болмайды!

Тыйым салынады:

–    Жүрек ауруымен ауыратын адамдарға суға түсу кезінде қосымша қорқыныштар пайда болады;

–    Қатты толқын кезінде суға түсуге болмайды;

–    Үлкендердің қарауынсыз балаларды суға шомылуға жібермеу керек;

–    Камерамен және басқа да талапқа сай келмейтін құралдармен суға түспеу керек;

–    Салқын суда ұзақ болмау, суда ұзақ болу денені салқындатады;

–    Қауіпті жағдай туралы хабар естігенде суда болмау керек;

–    Дәрігердің шешімінсіз су астына сүңгумен айналыспау;

Барлық балалар мына ережелерді есте сақтау керек:

  • Суға тек арнайы жерлерге түсу керек;
  • Суға түсу кезінде кемелерге, басқа да жүзу құралдарына жақын бармау керек.
  • Камерамен, тақтайлармен, басқа да жүзуге болмайтын құралдармен суға шомылуға болмайды, ескерту белгілері берілген кезде судан дер кезінде шығу керек.
  • Таныс емес жерлерге, жағалауларға суға сүңгімеу керек.
  • Су температурасы 180С-тан төмен болғанда суға түсуге болмайды.
  • Суға сынған банкілерді, әйнектерді лақтыруға болмайды, олар суға түсушілерге қауіпті болады.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті

төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button