Мәселе

Шегірткенің шырылы

…Бір кездері шегірткенің шырылы кешкі тымық ауада әсерлі естіліп тұрар еді. Қазір шегіртке шырылы түгілі, оның қарасын көрсек қорқатын болдық.

Себебі…Онсыз да көктен жаңбыр тілеп, алқапқа сепкен әр дәннің көктеуін күтіп отырған диқан қауымының бір қаупі осы жәндікке қатысты болып қалды.

Деректерге сүйенсек, елімізде  шегіртке тектес зиянкестердің 270-тен аса түрі бар екен. Оның 10-15 түрі ауыл шаруашылығы мен ша­бын­дық жерлерге қауіпті саналады. Жолындағысын жайпап жүретін бұндай зиянкестер соңғы жылдары біздің облысымызда да  көбейіп кетті. Әрі шегірткенің күн қыза келе кө­бейетінін ескерсек, биылғы ауа райы оларға тіпті қолайлы болып тұр. Сәуір айында-ақ күн күрт жылынып, зиянкестерге жан біте бастады. Ал мамырдың басында далалық жерлерді былай қойғанда, қаланың ішінде саяқ шегірткелер өріп кетті. Осыған қарап-ақ даладағы ахуалдың қандай екенін аңғаруға болады.

Зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Осы орайда тиісті мекеме өкілдерімен тілдескен едік.

 

Дернәсілдер қауіпті

 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау бөлімінің бастығы Мұрат Есмағанбетовтың айтуынша, биыл республикалық фитосанитариялық диагностика мен болжамдар әдістемелігі облыстық филиалының берген мәліметіне сәйкес, үйірлі шегірткеге қарсы 218 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.  Оның ішінде итальяндық прус шегірткесіне қарсы 205 мың, азиялық шегірткеге қарсы 13 мың гектар жерге у себілмек.

Шегірткелер араға 10-11 жыл салып,  үш-төрт жыл қатарынан көбейіп отыратын жәндік. Біздің өңірде шегірткелердің циклдық көбеюі 2009-шы  жылы басталды. Биыл соңғы жыл болуы мүмкін деген болжам бар. Жалпы ересек шегірткеге  қарағанда олардың дернәсілдері ерекше зиян келтіреді. Әсіресе олар екінші, үшінші кезеңдерінде жайылым, шабындық, егістік жерлердегі көкті баудай түсіреді. Сондықтан оларды азайту үшін  үлкеймей тұрғанда  улаған тиімді. Ал ірі шегіртке кезінде жүргізілген химиялық өңдеу жұмыстарының нәтиже бере қоюы екіталай. Себебі шегіртке бір орында тұрмайды, яғни әр жерге ұшып- қонып жүргенде улау тиімсіз. Әрі бұндай кезде  олардың өлгенін немесе тірі екенін анықтау да қиын.

Шегірткелер мамыр айының ортасында жұмыртқалап, шілденің басында қанаттары қатаяды. Алайда биыл күн ерте ысығандықтан, шегірткенің дернәсілдері жер бетіне жиырма күн бұрын ерте шықты.  Сондықтан зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары ерте басталды. Биыл дернәсілдердің ошағын анықтауға үшін 512 мың гектар жерге зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланса, оның 350 мың гектары зерттелді. Оның ішінде 172 мың гектар жерде дернәсілдердің бары анықталды. Осыған орай мамандар жан-жақты тексеріп, 150 мың гектар жерге  химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу керектігін мәлімдеді. Қазіргі күні оның 124 мың гектары уланды. Және бұл шаруалардың барлығы республикалық қаражаттың есебінен жүзеге асуда,  — деді Мұрат Есмағанбетов.

Аталған іс шараларды  «Ақтөбе құнарлылық» мекемесі мен «Авиакомпания Аэро» акционерлік қоғамы қолға алыпты. Жұмысты дер кезінде аяқтау үшін бес ұшақ,  төрт аэразольды генератор, К-700 тракторы жұмылдырылуда. Осының арқасында Байғанин, Ойыл, Хромтау аудандарында химиялық өңдеу жұмыстары аяқталса, Әйтеке би, Ырғыз, Мұғалжар, Темір аудандары маусым айының онына дейін бітірмек.

 

Шекара асқан шегірткелер

 

Шегірткелердің  жүрмейтін жері жоқ. Қашықтық талғамайтын жәндіктерге алыс-жақын шекара, тіпті теңіз  дегеніңіз де  түк емес көрінеді.  Мұрат Есмағанбетовтың айтуынша, біздің облысқа шегірткелердің басым бөлігі көрші облыстардан және  Ресейдің іргелес аудандарынан келуі мүмкін. Сондықтан еліміздің Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Ресейдің шекаралас Орынбор облысының, Дамбар, Ақбұлақ аудандары мен екі жақты келісім жасалыпты. Яғни келісім аясында мамандар бірлесіп зиянкестердің дернәсілдері шоғырланған аумақтарды зерттеп, олардың көбею қарқынын болжау үшін жұмыс жүргізеді. Кеңесіп қолға алған істің нәтижесі де жоқ емес. Соңғы жылдары шегірткеден зиян шеккен диқандар болмапты. Жалпы биыл шегірткемен күресті тиімді ұйымдастыру үшін облыстық, аудандық штаб құрылып, өткен күзде  астықты аудан Әйтеке биде үлкен басқосу өткізіліпті. Осы жиында аудан әкімдіктері мен тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктеліп, Ұлу жылы атқарылатын шаруалар пысықталған.

Бұндай жиын өткізудегі басты мақсат —  шегірткемен бірлесіп күресу.

Себебі зиянкестерге қарсы тұруға бір ғана облыстық аумақтық инспекциясының күші жетпейді. Яғни техника мен маман тапшы. Мәселен, үш миллион гектар жері бар Әйтеке би ауданына  бір машина, төрт-бес маманмен тексеру жүргізу тіпті мүмкін емес. Сондықтан жергілікті жердегі шаруа қожалықтары, село әкімдерімен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Өйткені далалықта жұмыс істейтін шаруалар шегірткенің қай жерде көп екенін білсе, біздің мекеме мамандарына хабарлайды.  Осылай жұмыла жұмыс жүргізбесек,  ұшып- қонып жүрген зиянкестердің орнын анықтау оңай шаруа емес, — дейді Мұрат Есмағанбетов.

Егер ҚР Өсімдіктерді қорғау заңының 14-5 бабы бірінші тармағына сүйенсек, жеке және заңды тұлғалар өз жер учаскелеріне зерттеу жүргізіп, зиянкестер анықталған жағдайда өңдеу жұмыстарын жүргізуге міндетті. Демек бұл тек қана мемлекеттің мойнына жүктелген шаруа емес.

 

Егісті ауданға ерекше көңіл бөлінеді

 

Шегірткелер үйірлі және саяқ болып екіге бөлінеді. Оның ішінде үйірлі шегірткелер өте зиянды, ал саяқ, яғни жергілікті  шегірткелер зиянды организмдердің  қатарына жатады.  Облыста саяқ шегірткелерге қарсы күрес жұмыстары ауыл шаруашылығы басқармасының еншісінде. Аталған басқарма бастығының орынбасары  Марлен Баймағамбетовтың айтуынша, өткен жылы жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 26 миллион теңге  бөлінсе, биыл 67 миллион теңге қаржы қарастырылыпты.

 Басқарма негізінен зиянды жәндіктермен күрес жүргізеді. Оның ішінде саяқ шегіртке, трипс, шалғын шатыр қанаты көбелегі секілді жәндіктер бар. Мәселен, зиянкестермен  күрес жұмыстарында көрсетілген тәртіп бойынша, егер  бір шаршы метрде шегіртке саны 10-нан асса, онда оларға қарсы шаралар қолға алынады. Жыл сайын күзде облыс аумағындағы шабындық, жайылымдық, егістік жерлерге  зерттеу жүргізіліп, келер жылы көктемде оның қорытындысы қайта пысықталады. Мәселен, былтыр күздегі  тексеру нәтижесі бойынша  елу мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Ал биыл көктемде  507  мың гектарда шегірткенің бар екені дәлелденді. Оның ішінде 25 мың гектар жер саяқ шегірткеге қарсы өңделді. Қазіргі күні осы бағытта төрт агрегат жұмыс жүргізуде, — деді басқарма бастығының орынбасары.

Тендрді ұтып алған «Трансхимснаб» ЖШС химиялық өңдеу жұмыстарын қолға алыпты.  Қазіргі күні бұндай шаралар Мәртөк, Алға, Әйтеке би, Қобда, Қарғалы аудандарында жалғасып жатыр. Зиянкестермен күресте бірінші кезекте егістік аудандарға аса мән берілуде.

Негізі жұмыстар аэрозольды генератор арқылы жүргізілетін болғандықтан, бар шаруа ауа-райына байланысты болып тұр. Тиісті мекеме  қызметкерлері уды таңғы және кешкі уақытта себеді. Ал күн жаңбырлы немесе жел қатты болса, жұмысты уақытша тоқтата тұруға тура келеді.  Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мекемелер елімізде пайдалануға рұқсат етілген уды ғана қолдана алады. Мәселен, биыл шет елдік «Вантекс» атты у  пайдаланылып жатыр,  — дейді  Марлен Бағыланұлы.

Шегірткемен күресте мамандар мақсат — зиянды жәндікті түбегейлі жойып жіберу емес, оларды белгілі бір деңгейге  азайту екендерін айтады. Табиғаттың тепе- теңдігі сақталуы үшін олардың бірден көзін құртуға болмайтыны анық.  Сондықтан тиісті мекемелер зиянкестердің шамадан тыс көбеюіне жол бермеу үшін бар күштерін салуда.

 

P.S.

Өткен жылы кейбір БАҚ өкілдері ақтөбеліктердің футболды шегірткемен бірге отырып тамашалайтынын жазған болатын. Ал күн ыстық болса  «құдайы беретін» бұл шырылдауық жәндіктің биыл да аз емес екені анық. Қазір қала ішіндегі саябақтардың маңынан өзге  көше ортасынан  да бұл зиянкестерді жиі көруге болады.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button