Мәселе

Айналайын, ажыраспа…

Кімнің Қыз Жібекке үйленгісі келмейді?

Махаббат мәселесі, ер мен әйелдің жұбы көп жағдайда,  санамен, ақылмен  шешіле бермейді… «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл,  Көзбен көр де, ішпен біл» деп данышпан Абай айтқандай, сезімнің жетегінде пісіп, жетіледі. Ал сезімнің өлшемі қиын: тап басатыны да, алдамшысы да болады.

Өкінішке қарай, албырт жастықта осының соңғысы көбірек ұшырасады. Өткен ғасырларда осыны білген қазақ баласын үйлендіргенде де, қызын ұзатқанда да  өзі араласып отырған. Ала қашқан жастықтың есін жиғызып, алғашқы алдамшы әсердің жетегінде кетпеуінде үлкендердің мұндай араласуы, ақыл-кеңесі жақсы, әрине. Бірақ бірте-бірте үлкендердің де бір бүйірінде тұратын бақай есебі басымдық ала бергенге ұқсайды. «Бел құда», «бесік құда» дәстүрлері екі жастың қамынан гөрі, үлкендердің ұпайын түгендеуді көздейді. Осыдан келіп, бірін-бірі көрмеген, білмеген, сүймеген екі жасты қосақтау шығады. Мұны көрген Абай: «Махаббатсыз — дүние бос» дейді тағы да. Қалай дегенде де, аяғын енді апыл-тапыл басып жатқан жастарға ата-ананың, жақын-жуығының ақыл-кеңесі керек-ақ.

Алайда кешегі кеңес заманында біздің ұлт бұдан да тез тыйылған. Себебі, кеңес өкіметі өзінің бастауында, ескіліктің сарқыншағы ретінде құдалық пен қалың малды жоямын деп, ата-ана мен бала арасындағы  ғасырлар бойғы тәрбиелік байланыстардың да тамырын қиған еді. Екі жастың тағдырына басқалардың араласуы — қоғамдағы ер мен әйелдің теңдігін бұзу ретінде айыпталды. Бұл мәселеден үлкендер шеттетіліп, жетпіс жыл бойы толық еркіндік, ашықтық салтанат құрып, жастар өз тағдырын өздері шешті деуге болады.  Бірақ бұл да отбасын құрайтын екі жастың бір-бірін жаңылыспай табуына, шаңырақтарының  шайқалмауына  кепілдік бере алмады. Әр жағында ата-бабаларымыз көп ести бермейтін ер мен әйелдің ажырасуы дейтін кесепатты жағдай тап осы кезеңде шығып, белең алды. Бұл айтылып жатқандардың бәрі — сөздің сыралғысы. Әйтпесе, өткенімізді жамандап, алдымызды жақсарта алмасымыз тағы белгілі. Біздің айтпағымыз — сол ерлі-зайыптылардың ажырасу індеті біздің жаңа қоғамымызда да  жалғасып, тіпті өршіп отырғаны еді.

Республикада тіркелген әрбір төртінші некенің ажырасып тынатынын естіп, жағамызды ұстағанымыз бар. Ол жөнінде өткен жылы Астанада болған «Берік отбасы — қоғамның тірегі» атты республикалық конференцияда ҚР Парламент Мәжілісінің мәдени әлеуметтік даму жөніндегі комитетінің төрайымы Динара Нүкетаева мәлім еткен болатын. Осында Алматы, Ақмола, Қостанай, Қарағанды Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бір жылда некеге тұрған әрбір үшінші ерлі-зайыптылардың ажырасатыны айтылды. Ал Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш екі есе төмен екен. Яғни бұл өңірлерде әрбір алтыншы неке ажырасып жатады. Бұл да мақтанатын жағдай емес. Бірақ біздің облыстың көрсеткіші бұдан да төмен. Әрине, алдындағы аталған облыстардан жоғары. Жақында республикалық телеарналардың бірінен берілген хабарда, Ақтөбе облысында алимент төлеу ісі бойынша атқару парағын алған 8 мың азаматтың 6 мыңының өз міндетін өтеуден жалтарып жүргені айтылды. Бір таңғаларлық жағдай, бұл ажырасқан азаматтар түгел дерлік, Ақтөбе қаласында тұрады екен. Жалпы, бізде әрбір ажырасқан жұптың бестен бір бөлігі ғана ауылдың үлесіне тиеді.

Осының өзінде статистика 2004 жылдан бері қарай некеге тұру саны көбейіп, ажырасу азайғанын айтады. Бәрі де салыстырмалы түрде, әрине. Мәселен, некеге тұру жасы. 1998-2000 жылдары 18 жас пен 22 жас аралығындағы жастар некеге отырса, соңғы жылдары 22 жас пен 32 жас аралығындағы азаматтар отбасын құрған. Яғни жастардың некеге тұру жасы  ұзарған. Бұған ренжуге болмас, бүгінгі жастар оң-солын танып, есейіп барып үйленетін болып тұр ғой. Дегенмен «асау өзен арнасынан» (Мұхтар Шаханов), албырт сезімнен, балаң махаббаттан алыстап, ақыл тоқтатқан кезде құрған отбасылардың сәтсіз болатыны несі?  Павлодарда әрбір екінші, Астана мен Алматыда әрбір үшінші, Ақтөбеде әрбір төртінші тойда айтқан біздің ақ тілегіміздің қабыл болмайтыны қалай?

 

Жаман келін қайдан шығады?

Мұның себебін іздеп сауал тастасақ, талай пікір айтылары анық. Және оның бірсыпырасы бізге белгілі де. Бір бөлегі қыз бен жігіттің бүгінгі тәрбиесімен байланыстырады. Енді біреулер тұрмыстың қиындығына итеріп салады. Ата-енені жазықты қылатындар да аз емес. Енді осыны талдап көрелік.

Тәрбие неге нашар болады? Әрбір жас азат, тұсаулап ұстайтын бұрынғыдай коммунистік идеология жоқ. Дініміз де, діліміз де, тіпті ана тіліміз де қайтып оралды. Тұрмыстың қиындығы деген де, әншейін желеу сияқты. Бұрын «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейтін еді. Қазір бұл керісінше, ата-ана баланы бірден үй қылып шығарады. Басында баспанасы, астында көлігі, көпшілігі жоғары оқу орнын бітіргендіктен тәуір жұмысы болады. Бұрынғыдай ата-ананы бағамын деп қарайлайтын бала  жоқ. Өйткені бала, келінді қолға ұстау дәстүрі сұйылған. Қазір ауылдарда болмаса, қалада ата-анасымен бірге тұрып, қара шаңыраққа ие болуды ойлайтын ер бала сирек. Бәрі келіндердің жетегінде бөлек отау болып отырады. Демек, екі жастың ажырасуына ата-ананы, бұрынғыдай «жаман енені» жазықты етудің реті жоқ. Мұны күйеулерінен айырылысқан келіндердің әңгімелерінен де аңғарамыз. Олар бүгінде негізінен бірыңғай ерлерін  жазғыратын болған.  «Ақтөбе» газетінің бетінде оқырмандардың сауалдары бойынша кеңес беріп тұратын «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Серік Жолдыбайға жолығушылардың сөздері осыған толық дәлел бола алады. Негізінен олардың келіп жүрген шаруалары немесе телефон арқылы қоятын сауалдары — ажырасу мәселесі: мүлік бөлісу, алимент дауларымен байланысты. Тыңдап отырсаң ұл-қыз өсіріп отырған адамның зәресі ұшатын-ақ әңгіме. Көпшілігі бір балалы, әрі кеткенде екі балалы өрімдей келіншектер. Қосыла беріп, әрі кеткенде араға екі жыл салып ажырасып кеткен. Негізгі тұрақтары — қалада, ата-аналары — ауылда. Мысалы, бір жас келіншек  бір балалы болғаннан кейін, күйеуінен ажырасқан. «Күйеуім ұнамады, өзім кеттім» дейді, басқалай еш себеп-салдар айтпайды. Ендігі даулап жүргені — алимент. Соттың шешімі бойынша алиментті алып та тұр. Бірақ оған қанағаттанбайды, бұрынғы күйеуі табысын жасырып, алдап жүр деп есептейді. Екінші бір жас жанның алимент дауы мұнан да күрделірек.  Ол  бірер жыл тұрып, бір баламен сот арқылы айырылысқан. Кейін сол айырылысып жүріп екінші балалы болған. Екі балаға алимент алады. Алайда алажағы молайғанмен, бұрынғы күйеуі жұмыс істемегендіктен, қолына көк тиын тимей келеді. Оның ендігі жерде табыс тауып, алимент төлейтінінен күдер үзген келіншек қарызды жігіттің алыс ауданда тұратын  әке-шешесінен өндіргенді дұрыс көреді. Өйткені олар ол жақта мал ұстап, күйлі тұратын көрінеді. Ең болмаса, отбасын құрған кезде ата-ененің қолында да болмағанын, бірден бөлек кетіп, қалада тұрғандарын да ескермейді. Баласы бақпаса, ата-енем немерелерін бағуға міндетті деп есептейді. Алыс ауданда тұратын көп балалы ата-ананың  ажырасқан әр келіні осындай талап қоятын болса, сүйенісіп күнелтіп отырған екі зейнеткердің тіршілігінде не мән қалады. Құдай қарасқанда, әзірге ажырасқандарға қолдау көрсететін мұндай заң жоқ.

Айта берсе, алимент дауының мысалдары жеткілікті. Оларға қарап қоғамда күрделі әлеуметтік жағдай қалыптасқанын байқау қиын емес. Тағдыр тауқыметіне ұшыраған жазықсыз талай әйелдердің бұрынғы серіктерінен қызыл қарын кішкентай сәбилерін бағуға қаржы ала алмай, зар қақсап жүргендерін де көріп  жүрміз. Қолында соттың алимент төлеу туралы шешімі бола тұрып, жалтаратын азаматтарды да жоққа шығаруға болмас.

Ажырасқан бірқатар әйелдер бұрынғы ерінен нәпақа алатынына басынан-ақ сенбейтінге ұқсайды.  Ауданында тұратын бір азамат әлдебір анықтамалық құжат қағаз алайын деп халыққа қызмет көрсету орталығына барса, тірілердің қатарында болмай шығыпты. Бұрынғы әйелі сот шешімі арқылы өлгендердің есебіне кіргізіп, балаларына мемлекеттен жәрдемақы алып жүр екен. Оған алименттен гөрі, осы жол оңайға түскен. Ойдан шығарып айтып отырғанымыз жоқ, нақты болған оқиға.

 

Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда…

Келін тәрбиелеген бұрынғы енелер әңгімесін осылай бастайтын. Қазір  жағдай өзгерген, қыз да, келін де,  бір жерде отырып мұны ести алмайды. Бөлек-бөлек тұрғаннан кейін (бір шаңырақтың асты былай тұрсын, бір аулада да тұрмайды ғой) сирек кездеседі. Ененің, жеңгенің  рөлі жойылып барады. Есесіне шешесі қыздың құрбысы сияқты, бәрін бақылауда ұстайды. Үнемі біржақты қызды жақтап, күйеу баланы даттай бергесін ши шығады, ушығады, ақыры — ажырасуға әкеледі. Бұл күнде отбасының бірлігі, ынтымағы хақындағы қазақы тәрбие, қазақы түсінік мүлде кеміді. Өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы  жылдары «ажырасыпты» деген сөз сирек естілетін. Ол кезде соттың шешімі баспасөз бетінде жарияланатын. Айда-жылда бір ауданда бір жағдай ұшырасса, ол отбасы, ата-анасы өз алдына, бүкіл ел ұяттан өртенетіндей көрінетін. Ал қазір бұған етіміз үйреніп алған сияқты. Тіпті кім кінәлі деген сауал да қойылмайды. Бұрынғыдай моральдық жағы да айтылмайды. Мұндайда кемшіліктің екі жақтан бірдей болатынын ескермей, көп жағдайда әйелді жақтап, қорғаштайтындай көрінеді. Дауласып барған екі жасты соттың айыруы да тез. Баланы, мүлікті бөлгенде де әйелге басымдық беріледі. Айталық,  баланы әкесінде қалдырған сот шешімін естіп көрдік пе?! Күйеуінен ажырасып, бала үшін алимент алатын әйелдердің бәрінің бірдей сот көрсеткен сенімді ақтай бермейтінін өмір  көрсетіп жүр.

Қазақ қашаннан «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген қағидаға сүйеніп бас біріктіреді, отбасын құрайды.  Қол ұстасып, өмірдің қиындығына төзе жүріп, екеулеп мал,  дүние жияды, бала өсіреді. Ал Еуропа ұстанымы басқаша, қосылмай жатып отбасына қажетті өмірлік барлық жағдай жасалуын қалайды. Неке шартының талабы — осы.  Әрине, бұл — екі жағы да бар, бай адамдардың ісі.  Ал біздің қазақы менталитетке, тірлікке келе бермейді. Қазақ қызын тұрмысқа ұзатқанда, төркіні жасау береді.  Қалғанының бәрі — барған жерінен, күйеуінен күтіледі. Ал тұрмысқа енді шығып жатқан қыздың түсетін жеріне, ертең мен ажырасқан жағдайда не бересің деп неке шартын талап етуі қаншалықты жарасымды? Біздің ойымызша, мұндай пиғыл жас отаудың көсегесін көгертпейді.

Жалпы, қандай іс-шара, әңгіме болсын, жас отбасын нығайтуды көздеу керек емес пе? Өкінішке қарай, телеарналардан көрсетілетін көпшілік қойылымдар, әйелдердің құқын қорғайтын көптеген қоғамдық халықаралық ұйымдар мен бірлестіктер көрінеу ашықтан-ашық жалғызбастылықты насихаттап жатады. Әйелдің ерін, отағасысын сыйлауынан гөрі, оған тәуелді болмауын, еркін жүріп-тұруын алға салып әңгімелейді.

Әрине, жас, бойында қызуы бар кезде кей адамға жалғызбастылық өмір рахат болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ мұның  алдамшы екенін, жас ұлғая келе опық жегізетінін өмір әлдеқашан дәлелдеген. «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» деген сөз бекер айтылмаған болса керек. Қазір қарап отырсаңыз,  бұрын ерінен айырылған қырық, елуге келіп қалған талай жалғыз басты әйелдер бүгінде өзіне серік тапқан. Бұл азаматшаларда бәрі де бар болатын: қызмет те, үй-күйі де, баласы да. Демек, өмірлік серіктің орны бөлек болғаны ғой… Сондықтан да шаңырағы шайқалған отбасы, екі жас кезіксе, «Ажыраспа, айналайын. Қосағыңмен қоса ағар!» деп ақыл айту — үлкеннің парызы. Сот, хал-актілерін тіркеу сынды ресми орындардың да бірінші кезектегі міндеті осылай өрбісе игі еді…

А.ҚАЗЕКЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button