Мәселе

Екі қолға бір күрек таба алмай жүрсеңіз…

«Бірінші. Қазақстандықтардың жұмысқа тартылуы.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет қағидатты түрде жаңа Жұмысқа тартуды қамтамасыз етудің бағдарламасын бекітті…

2011 жылы бұл Бағдарлама қанатқақты режімде 60 мыңға жуық адамның қатысуымен сынақтан өтті. Бүкіл дайындық жұмыстары, заңнамалық база бойынша жұмыстар аяқталды. Енді бағдарламаны жүзеге асыруға көшу керек».

Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауынан.

 

Жұмыссыздық қай уақытта да қазақ қоғамындағы нөмірі бірінші мәселе болып келді. Соған сәйкес, елімізде жолданатын, қабылданатын, талқыланатын негізгі құжаттардың түп-төркіні тұрғындардың қолына күрек ұстатудың қамын күйттейді.

Сонау тоқсаныншы жылдың басынан бермен қарай еліміздегі еңбек нарығы мен жұмыспен қамту саласын реттеу жүйесінде жұмыссыздықты жою мақсатында бірнеше құжат қабылданды. Екі мыңыншы жылдардың басындағы кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес жөніндегі бағдарлама, одан кейінгі кезеңдерде кедейліктi азайту жөніндегі және халықты жұмыспен қамтудың бағдарламалары жүзеге асырылды. 2008 жылы әлемдік дағдарыс алқымнан алған кезде жұмыссыздық белең алып кетпеуі үшін Үкімет Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған арнайы жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын дайындады. «Жол картасы» деп аталатын бұл бағдарлама жұмыссыздық уын себе келген дағдарыс екпініне біршама тосқауыл бола алды.

Былтыр жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыруды мақсат тұтқан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданып, 2011 жылы оның пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Бұл құжат бойынша үш маңызды міндет анықталды. Олар:

Біріншіден, оқыту мен жұмысқа орналасуға септесудің тиімді жүйесін жасау.

Екіншіден, ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытуға септесу.

Үшіншіден, еңбек ресурстарының жинақылығы, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан белсенді орталықтарында жұмысқа орналастыруға басымдық беру.

Бағдарламаның мақсаты осындай. Бірақ, бір «қызығы» қазір елімізде жұмыссыздықты жою бағытында жасалып жатқан шаралар көп болғанымен, жұмыссыздар да, бос жұмыс орындары да баршылық. Неге бұлай? Жұмысшылардың біліктілігі төмен бе? Әлде жұмыс берушілердің талабы жоғары ма? Мүмкін, екі қолға бір күрек іздеушілердің еңбекақыға деген сұранысы жоғары болар? Әлде сұраныс пен ізденіс сай келмей ме?

Сұрақ көп. Ішінара жауап та бар. Ендеше, әрі қарай оқыңыз…

 

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бізге не береді?

 

Былтыр бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе қаласы бойынша 1150-ге жуық адамның қатысуымен сынақтан өтті. Сынақ нәтижесі көңілге қонымды: 300-ден астам адам әлеуметтік жұмыстарға орналасты, 600-ге жуық адам жаңа мамандық алды, 50-ден астам адам кәсіпкерлікті дамыту курстарынан өтіп, осының жетеуі жалпы сомасы 9 млн.теңге болатын шағын несиелер алды.

Биыл жыл басынан бері бағдарлама толыққанды жүзеге асырыла бастады. Осы мақсатта былтырғы шілдеден бастап қаламызда Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту орталығы жұмыс жасай бастады.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Нәйлә Бөртебаеваның айтуынша, биыл жалақыны ішінара субсидияландыру арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына 755 адамға жолдама беру жоспарланып отыр екен. Сонымен қатар кәсiпкерлiк негiздерiне 24 адамды оқытып, солардың ішінде 11 адамға микрокредит, 8 адамға инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін несие беру жоспарланып отыр.

 

Жастар тәжірибесі қолға алына бастады

 

Биылдан бастап Ақтөбе қаласының Жұмыспен қамту орталығында жастар тәжірибесі бағдарламасы жүргізіле бастады. Н.Бөртебаеваның айтуынша, биыл аталған тәжірибе бойынша кемінде 500 адам жұмысқа орналаспақ.

Ал былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 80-нен астам мекемеге жастар тәжірибесінен өтуге жіберілген түлектердің бар болғаны 10 пайызы ғана жұмысқа орналасыпты.

— Жұмыс берушілер олардың тәжірибелерінің жоқтығын алға тартады. Егер жастарды ешкім жұмысқа алмаса, тәжірибе қалай жинайды? — дейді Н.Бөртебаева.

Орталық директоры Нұрия Әбіләкімованың айтуынша, жұмыс іздеп келетін жастардың кемінде 60-70 пайызы не экономист, не заңгер секілді мамандық иелері, олардың арасында ағаш жонып, темірден түйін түюшілер секілді қарапайым кәсіп иелері өте аз екен. Бұл тек жастарды арасында ғана емес, жалпы жұмыссыздар арасындағы жағдай дейді.

— Жастар қандай да бір өндіріс орындарына, мекемелерге, ұйымдарға алты ай тәжірибеден өтуге жіберіледі. Оларға мемлекет тарапынан ай сайын 26 мың теңгенің шамасында жалақы төленеді. Алайда, алты айдан кейін жастардың көбісі қайтадан жұмыссыздар қатарын толықтыратыны өкінішті. Тәжірибесі жоқ жастарды ешкім қанатының астына алып, үйреткісі келмейді. Бұрын үлкен өндіріс орындарында арнайы жастарды үйрететін ұстаздар жұмыс жасайтын-ды. Қазір ондай штат жоқ еш жерде. Егер Үкімет тарапынан жастарды тәжірибеге үйрететін ақылшы дейміз бе, ұстаз, тәлімгер дейміз бе үйретуші адамға арнайы жалақы тағайындайтын болса, дипломды қолына енді ғана алған жастар жұмыссыздар армиясын толықтырмас еді. Бізге осындай ұсыныстарымен шыққан жұмыс берушілер де болды, — дейді орталық директоры.

Нұрия Әбіләкімованың айтуынша, жыл басынан бері жастар тәжірибесі бойынша 97 бала жұмысқа кірісіп кеткен. Олардың арасында экономистер, дизайнерлер, құрылыс мамандары, сәулетшілер, технологтар, т.б. бар.

— Қазір жастарымыз жұмыс жасап жатқан мекемелермен алты ай өткеннен кейін оларды жұмысқа алу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Көпшілігі қарсы емес сыңайлы. Бірақ, барлығын уақыт көрсетеді, — дейді орталық директоры.

 

Бәрімізге кресло жетпейді…

 

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Жастар тәжірибесі бойынша бағдарламасына қатысқан түлектердің тек он-он бес пайызы ғана жұмысқа орналасады…

Жалпы жұмыссыздар арасында қарапайым кәсіп иелері аз.

—Түрлі мекемелер бізден трактористерді, жоғары білікті токарь-фрезировщиктерді, яғни темір жонушылар, ұсталарды сұрайды. Жақында бір мекеме айлығы 100 мың теңгеден асатын жалақыға 5-6-разрядтағы токарь-фрезировщик сұрады. Мұндай кәсіп иесі табылмады.

Біздің қазақтар соңғы малын сатса да, балаларын қаржыгер, заңгер қылып шығаруды армандайды. Ол дұрыс шығар, бірақ, біз болашақ маман иелерін еңбек нарығының сұранысына сай даярлау қажетпіз деп ойлаймын.

Кейбір сұраныстағы кәсіп иелері табылса да, 30-40 мың теңгенің жалақысына барғысы келмейді. Өйткені, бәріміз креслода отырып, 100 мың теңгеден көп айлық алғымыз келеді. Бірақ, бәрімізге бірдей ондай жұмыс табыла ма?.. — дейді Н.Әбіләкімова.

Жәрмеңкелер жұмыссыздар санын азайта ма?

 

Жыл сайын қала тұрғындары арасында дәстүрлі бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі.

Нәйлә Бөртебаеваның айтуынша, былтыр 8 жәрмеңке ұйымдастырылған. Олардың әрқайсысына кемінде 1500 адамнан қатысыпты. Соның нәтижесінде 341 адам жұмысқа орналасқан. Сегіз жәрмеңкенің әрқайсысына 1500-дей адам қатысқанын және соның 300-ден астамы ғана жұмыс тапқанын есептесек, жәрмеңкелер жұмыссыздарға пайдалы болды ма деген сұрақ туады. «Бақсақ, бақа екен» демекші, мәселенің екінші жағы да бар екен:

—Жәрмеңкеге қатысуға кемінде 300-350 мекемеге шақырту жібереміз. Олардың бар болғаны 60-70 шақтысы ғана қатысуға ниет білдіреді. Бұл — бір. Екіншіден, қалада жұмыссыздар саны көп деген әңгіме жиі айтылады, бірақ, жәрмеңкеге келетіндер аз. Неге? Өйткені, жұмыссыздар арасында өз бетімен тірлік қылып жүргендер де баршылық, ал олар ресми түрде жұмыссыздар қатарына кіреді. Бұл — екі. Осы жерде салық органдары іске араласуы керек деп есептейміз. Мысалы, бір адам салық органына жеке кәсіпкер ретінде тіркелместен, 2-3 пәтерін жалға беруі мүмкін, бірақ ол жұмыссыздар қатарында болады бәрібір. Ал 2-3 пәтерін жалға беріп жүрген адам 30-40 мың теңгенің әлеуметтік жұмыстарына барады деп ойлайсыз ба?.. — дейді орталық директоры.

 

Пәлен жерде «Вакансия» бар, барсаң…

 

«Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның 9-бабына сәйкес жұмыс берушілер жұмыспен қамту орталығына бос жұмыс орындары туралы, мүгедектерге, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан тұлғаларға, интернат ұйымдарының түлектеріне квота беру секілді мәліметтерді ұсынып отыруы керек.

Алайда, Н.Бөртебаеваның айтуынша, жұмыс берушілердің көпшілігі Заң талаптарын орындамай отыр.

— Жалпы, қай мекемеде қандай еңбек қозғалыстары болып жатқаны туралы жұмыспен қамту орталықтары хабардар болып отыруы керек. Заң талабы осындай. Алайда, бұл талапты орындамай отырғандар көп. Орындаған жағдайда да, бізге көбіне еден жуушы, аула сыпырушы секілді жұмыс орындары туралы ғана ақпараттарды жібереді. Ал жұмыссыздардың қатарында тек еден жуушылар мен аула сыпырушылар ғана емес, табақтай дипломмен жүргендер де бар ғой. Бөлімге ай сайын 200-ге жуық бос жұмыс орындарына тапсырыстар түскенімен, басым көпшілігі жұмысшыларды өз бетімен қабылдап жатады.

Мекемелердің көпшілігі біздің сұраныстарымызға жауап бергісі келмейді. Осы мәселеге байланысты біз Ақтөбе облысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне шығып, заң талаптарын орындамай отырған мекемелерге қатысты шаралар алуын сұрадық. Нәтиже болады деген үмітіміз бар, — дейді Н.Бөртебаева.

Орталық директоры Н.Әбіләкімованың айтуынша, әсіресе, мұнай, теміржол, байланыс салаларындағы вакантты орындар туралы ақпараттарға «қызыл жанып тұр», яғни, мәлімет келмейді. Соның салдарынан жастар арасында сенделіп жүрген теміржол саласының, мұнай мен байланыс саласының мамандары көп.

 

Дипломыңыз «күйіп» кетсе…

 

Жұмыссыздардың республикалық бюджеттен қаржыландырылатын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасынан бөлек әлеуметтік жұмыс желілері бойынша да жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмыспен қамту секторының меңгерушісі Зәмзәгүл Нағашыбаеваның айтуынша, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бұл бағыт бойынша көбіне мүгедек жандар, зейнет жасына жақындаған, бұрын жұмыс жасап, кейін белгілі бір себептерге байланысты біраз уақыт бойы үйде отырып қалған азаматтар жұмыс іздеп келеді екен.

— Үш жыл өз мамандығы бойынша жұмыс жасамаған адамның дипломы «күйіп» кететіні белгілі, яғни мұндай азаматтар көбіне жұмыс таба алмайды. Сондықтан, осында келеді. Зейнетке шығуына екі-үш жыл қалған азаматтар бар, басқалары бар, көбіне ішкі істер органдарына қарасты мекемелерге, мысалы, шақыру қағаздарын тасуға, үйлердің подъездеріне консьерж болуға, басқа да ұйымдарға әлеуметтік жұмыстарға жіберіледі. Оларға ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінде, яғни 17 439 теңге жалақы беріледі, — дейді ол.

 

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті..
    И. Балмуханбедов көшесі №6/1
    Дом.Тел: 871346-2-31-40
    Сот.тел: 87759825360
    Аты-жөні: Сатанов Куаныш Жасуланович

    Туған күні: 1991.05.23

    Туған жері: Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті

    Ұлты: Қазақ

    Азаматтығы: ҚР

    Отбасылық жағдайы: Үйленген

    Білімі: Орта білім

    Мамандығы: Жоқ

    Қосымша мамандық: жоқ

    Еңбек жолы: 2011-12жж «Депо корпаратив»- дезелис, 2012ж «Сто» -ходовой част, помошник, 2012-2013жж «Балауса» балалар бақшасы- сантехник, 2013-2014 жж «Мирас» мейрамханасы-охраник, 2014-2015жж «Ардақ» оптовый магазин- грузчик, доставчик, 2015ж «Ернұр» автомока-автомойщик.

    Қосымша ақпарат: Стройка (құмдау, саздау, цементтеу, стяшка құю, абойлау, төбеге плет жапсыру), әр түрлі жұмыстар жасайды.

    Еңбек өтілі: 4 жыл

    Тіл білімі: Қазақ тілі-еркін, Орыс тілі-жақсы, ағылсын тілі-сөздік арқылы

    Компьютерлік сауаттылығы; Компьютермен толық жұмыс жасай аламын. ДК

    Жеке қасиеттері Еңбекқор, ұқыпты, салмақты, жауапты.
    Құштарлығы: Спортпен айналысу, шашка ойнау, музыка тыңдау, фотошоп жасайды.

    Мақсаты: Жұмысыма ұқыпты қарау, тұрақты жұмысқа орналасу.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button