Мәселе

2012 жылы не болады?

«Бә-әрін білетін» ғаламторға сенсек, алдағы жылы ақырзаман болады екен-міс. Орталық Американың ежелгі өркениеті — Майя тайпасы жасаған күнтізбе 2012 жылдың 12 желтоқсанында аяқталады, яғни, Жер планетасының бетінде адамдар жойылады екен деген пікірдің етек алғаны соншалықты, Голливуд ол жайлы фильм де түсіріп, жұрттың зәре-құтын алды. Ванга мен Нострадамустың болжамына айна-қатесіз сенетіндердің айтуынша, алдағы жылы планеталардың ұлы шеруі басталып, әлемдік жүйеде өзгеріс болады, сөйтіп, Жерде жаңа эволюция басталады-мыс… Ақырзаманды Алланың құзырына қалдырып, оның құлы — адамның қолымен жасалып жатқан экономикалық дағдарысқа ауысайық.

Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, 2012 жылы әлем экономикалық құлдыраудың екінші толқынын бастан кешеді.

 

Әлемдік дағдарыстың екінші толқыны…

 

Әлем экономикасын құлдыратқан дағдарыстың алғашқы толқыны 2008 жылы соққан болатын. Бұл дағдарыстың салдары АҚШ пен басқа дамыған елдердің бюджет дефицитіне әкеліп соқтырды, ортайған қазынаның түбі көрінбесі үшін мемлекеттік шығындарды сәл ауыздықтауға да тура келді. Жұмыссыздық белең алып, қымбатшылық қалтаны қақты…

Осыдан соң белгілі экономистер дереу дағдарыстың әрі қарайғы беталысы туралы зерттеулер жүргізіп, түрлі болжамдар жасауға тырысты. Бұл бағытта сарапшылар белгілі экономистер — Китчин, Жюгляр, Кузнецов және Кондратьевтің еңбектеріне сүйенді. Аталған авторлардың циклдеріне сілтеме жасаған сарапшылар дағдарыстың екінші толқыны 2012-2015 жылдары соғатынын айтады.

Әсіресе, әлемдік экономиканы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыруға үйренген алып АҚШ-тың күйі кетеді дейді сарапшылар. Ал белгілі миллиардер Джордж Сорос АҚШ-та рецессия басталып та кетті дейді. Сарапшылар алдағы жылы АҚШ-тағы рецессия 50 пайызға дейін жетеді деседі.

— Халықаралық қаржылық жүйе бәрібір өзгереді. Қытай секілді алып мемлекеттің ықпалы күшейіп, АҚШ пен Еуропаның позициялары біртіндеп әлсірей береді, — дейді бүкіләлемдік банктің президенті Роберт Зеллик.

Қазірдің өзінде АҚШ-та ішкі жалпы өнім төмендеді, еңбек нарығы жаңа жұмыс орындарын ашуға қауқар таныта алмай жатыр.

Евро аймағы да әлсіреді. Қарызға белшесінен батқан евро аймағының мемлекеттері қармайтын тал таппай әуре. Берешектердің басында тұрған Грекияның соңын ала тізімге  Ирландия, Италия,  Франция, Испания, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Португалия, т.б. «жайғасыпты». Бүкіләлемдік банктің тізімі мұнымен шектелмейді.

Ал Сорос евроаймағындағы кейбір елдер дефолт жариялап, бірыңғай еуропалық валюта аймағынан кететінін мәлімдесе, әлемдік жағдай тіпті қиындайтынын тілге тиек етеді. Қазірдің өзінде Грекия дефолт жариялауға дап-дайын отыр.

Қысқасы, сарапшылардың айтуынша, 2008-2009 жылдардағы дағдарыстың бетін қайтару үшін жүйелі шешімдер қабылданбағаны салдарынан болатын дағдарыстың екінші толқыны барлық елді шарпып өтуі бек мүмкін. Өйткені себептер сол күйі қалды.

Қазан айының аяғында Еуропа елдері Еуроодақтың саммитін өткізіп, дағдарыстан шығатын жол іздеді. Тапқан жолы — еуропалық банктерді қайта қаржыландыру, жеке инвесторларға Грекия қарызының жартысын өтеуге көмек сұрау, дамушы елдердің есебінен Еуропалық қордың қаржылық тұрақтылығын үш триллион евроға дейін жеткізу, бірыңғай тұрақтылық қорын құру, т.б.

Бірақ әзірге дағдарыстың екінші толқынынан шығынсыз шығатын нақты шешім жоқ. Еуропа мен АҚШ қана емес, Қытай мен Жапонияның да көңілі екі болып отыр. 2008 жылдың дағдарысына төтеп бере алған қытай юані алдағы жылы сыр беруі мүмкін деседі.

Көршіміз Ресей де тақымын қысып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл федерацияда да инфляциялық толқын белең алып, рубль әлсіреуі мүмкін.

Мұның барлығы — әлемдік экономикалық жүйенің жібі тарқатылып, көбесі сөгіле бастағандығының көрінісі. Яғни, әлемдік рейтинг агенттіктері айтқандай,  Еуропаға төнген экономикалық тоқыраудың (стагнация), АҚШ-қа төнген  экономикалық құлдыраудың (рецессия) жалпы әлем елдеріне әсері мықты болатыны тайға таңба басқандай анық.

 

 

Дайын болуымыз керек!

 

Ілкідегі сұхбаттарының бірінде ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов әлемде дағдарыс енді басталып келе жатқандығын, ал елімізде дағдарысқа қарсы шаралар тұрақты жүзеге асырып келе жатқандығын айта келе: «Қазақстанды өзенде жүріп бара жатқан мұзбен салыстыруға болады, біз мұздың үстін ретке келтірдік, тазаладық, бәрі ойдағыдай сияқты. Бірақ ол мұз мұхитқа бет алған өзенде ағып келе жатыр ғой…», —  деген болатын. Қазақстан да әлемнің бір бөлшегі, бұл — алдағы жылы болуы мүмкін әлемдік дағдарыстың жаңа толқыны бізді де шарпуы мүмкін деген сөз.

«Үлкен жиырмалық» қаржы министрлері және АҚШ пен Еуроодақ қабылдайтын шешімдер әзірге көңілге сенім ұялатпайды. Ал Қазақстан ашық экономикалы, әлемнің бір бөлшегі бола отырып, әлемдік экономикаға ықпал ете алмайды. Олар біздің еркімізден және тілегімізден тыс болып жатыр. Сондықтан 2011 жылдың соңында, әйтпесе 2012 жылдың бас жағында жаһандық қаржы дағдарысының қайта оралу проблемасымен тағы да күресуге мәжбүр болуымыз ықтимал. Біз соған дайын болуға тиіспіз. Қазақстан әлемде болып жатқан жат үдеріске халық мүддесі тұрғысынан сауатты үн қатып және әрекет ете білуі қажет. Дағдарысқа қарсы тұру үшін біз нақты жоспарлар жасаймыз», — дейді К.Мәсімов.

Жақында өзін өзі таратқан төртінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі бұл шешімнің бір себебі алда келе жатқан экономикалық дағдарыс деген-ді.

— Келесі жылы орын алуы мүмкін әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқынының сипаты мен ауқымын болжап білу қиын, әрі ол Қазақстан экономикасына әсерін тигізуі ықтимал. Осыған байланысты Қазақстанға сайлау циклын әлемдік экономикалық дағдарыс басталғанға дейін жедел өткізу маңызды, — деді Мәжілістің бұрынғы депутаты Н.Сәбильянов.

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының жақында өткен 14 съезінде Елбасы Н.Назарбаев әлемдік дағдарыс тақырыбынан айналып өткен жоқ:

— … Еуропада не болып жатқанын білесіздер. Грекия, Испания, Италия мен Португалияға дефолт қаупі төніп тұр. Еуроодақ елдерінің көбі көмек сұрап жатыр. Америка Құрама Штаттарында, Австралияда әлеуметтік мәселелер шиеленісіп кетті. Барлығының да жағдайы ауыр.

Әлемдік дағдарыс бізге де әсер етпей қоймайды. Және ол өткен кезеңдегідей біздің жоспарымызға да өз түзетуін енгізуі мүмкін. Сондықтан жетістіктерімізге қарамастан кез келген ойламаған жағдайға дайын болуымыз керек, — деді.

Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің дерегіне сүйенсек, 2007 жылдан бері ұлттық қордың қаржысы екі есеге артқан. Оның сөзіне қарағанда, дағдарыс жылдарында экономиканы қолдауға бағытталған күш ретінде ұлттық қордың қаржысы пайдаланылғанына қарамастан қазіргі күні  оның мөлшері 40 миллиард доллардан асып жығылады. Ал еліміздің халықаралық резервтері 76 миллиард доллардан асты. «Бұл біздің экономикамыздың қорының мол екендігін, соған қарай экономикамыздың беріктігін көрсетеді»,— деді Қ.Келімбетов.

Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың айтуынша, әлемдік қаржылық дағдарыстың екінші толқыны басталған жағдайда біздің ел Ұлттық қордан 20 миллиард доллар жұмсай алады. «Еліміздің ұлттық қорында 41 миллиард доллар бар. Ол ішкі жалпы өнімнің 25 пайызын құрайды. 2008-2009 жылдары орын алған дағдарыс кезінде 10 млрд. доллар жұмсалды. Алайда 20 млрд доллар республикамызға егер дағдарыс бірнеше айдан жарты жылға дейін созылған жағдайда ғана көмектесе алады. Егер дағдарыс созылып кететін болса, 20 млрд-тан көп қаржы шығындауға тура келеді» деген болатын.

Сарапшылардың пікірінше, әлемдік дағдарыстың салдарынан болатын асыра үнемдеушіліктің ақыры мұнай мен газға деген сұранысты айтарлықтай азайтуы мүмкін, ал бұл шикізаттан мол пайда тауып отырған Қазақстан экономикасына едәуір әсер етеді…

Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия бойынша бас экономисі Нинке Умстің айтуынша, «дағдарыстың жаңа толқыны пайда болса, Қазақстан экономикасы бұл қиындықтарды жеңіл еңсере алады. Өйткені Қазақстан  қаржылық жүйедегі қиындықтарға қарамастан, дағдарысты ырықтандыру бойынша тиімді бағдарлама жасады».

Мәсімов үкіметі дағдарыстың жаңа толқынымен күресудің жаңа бағдарламаларын дайындап отыр. Мәжіліс тарқамай тұрғанда «2012-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралған отырыста Кәрім Мәсімов  «Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің әлем­де орын алуы ықтимал экономикалық жа­ғым­сыз жағдайларға орай өзінің балама сцена­рийін құрып отырғанын» айтқан-ды.

— Сіздерді Үкі­меттің қолында ба­лама даму жоспа­ры­ның бар екендігіне сендіргім келеді. …Бұл ретте өзара батыл, сындарлы шешімдер де қажет бо­лып қалуы мүмкін. Осының өзі біздің эко­номикамыздың тұтастай дамуына мол мүмкіндік бермек, — деді Кәрім Мәсімов.

 

Интернет материалдары бойынша әзірлеген М.Табын.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button