Мәселе

Жарнама жасаушы да, беруші де — жауапты

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабында барлық көрнекі ақпараттардың әуелі мемлекеттік тілде, содан соң орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылуы қажеттігі атап көрсетілген. Осы талаптар Ақтөбе көшесіндегі жарнамаларда сақталып отыр ма? Облыстық тілдерді дамыту басқармасы осы заңдылықтың сақталу барысына бақылау жасайды.

Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша жергілікті атқарушы органдар құзыреті қайта белгіленді. Яғни, Ақтөбе қаласы мен аудандарда жарнамалардың орналасуына, өз құзыреті шеңберінде заңнама талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асыру өкілеттіктері белгіленген. Демек, енді бақылау жұмыстарымен қала және аудандар тікелей өздері айналысады.

Биылғы жылы 160 нысан тексерілді. Тексерілген нысандардың 45 пайызынан қателер табылып, түзетілу қажеттігіне кеңес берілді. Өткен жылмен салыстырар болсақ, қате жазылған көрнекі ақпараттар үлесі 16 пайызға кеміді. Ал басқармаға мемлекеттік тілдегі мәтіндерін тексертуге өтініш  білдірген  768 көрнекі ақпараттың 46 пайызы түзетілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 54 пайызды құраған-ды. Яғни, қате мәтіндер жыл санап азайып келеді.

Дегенмен әлі де болса «әттеген-ай»-лар бар. Қаладағы сыртқы жарнаманың заң талаптарына сәйкестігін зерттеу мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасы сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандарымен және БАҚ өкілдерімен бірлесіп,  көшелерге рейд жүргізіп тұрады. Рейд нәтижесінде қала көшелеріндегі кейбір нысан иелерінің заң талаптарын ескермейтіндігі анықталды.

Мысалы, Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы №36 үйде орналасқан жеке кәсіпкер Дина Қалмантаева басқаратын «Алмаз» дәмханасында: «Свежий янтарь на разлив» деп, оның қасына «Комплексные обеды» — деп жазылып келеді де, сосын астына  «Түскі ас» деген сөз қосылған. Яғни «Тіл туралы» Заңның 21-бабы өрескел бұзылған. Сондықтан дәмхана иесіне жарнаманың заң талаптарына қайшы екендігі айтылып, жедел түрде түзету керектігі ескертілді. Сонымен қатар, Ағайынды Жұбановтар көшесі, 275-үйде орналасқан  жеке кәсіпкер Мақсат Амандықовтың «Саквояж» туристік фирмасының сыртқы жарнамасы қаптаған қатемен тұр:  «Сары-Ағаш, Ыссык-көл, Кытай. Демалыс: Туркия, БАЭ, Мысыр, Еуропа. Шетелде оку»… Бұл фирмаға да ескерту жасалды. Және қателердің түзетілетіні жөнінде уәде де берілді.

Әйткенмен, қате жібермеу мәселесіне бастапқыда-ақ мұқият болған жөн емес пе?

Жарнамалар орналастырылмас бұрын, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімі қазақ тіліндегі мәтіннің жазылу нұсқасын тексеріп, келісім беру жөнінде белгі соғады. Алдымен жарнамада мемлекеттік тілдегі мәтіннің болуы және оның дұрыс жазылуы сараланады. Десек те қолдарында лицензиясы бар жарнама жасаушыларды айналып өтіп, жарнаманы өз бетімен жасайтындарға тапсырыс беру қателердің орын алуына әкеп соғып отыр. Жарнама берушілер мен жарнама жасаушылар арасында қазақ тілінің грамматикалық, орфографиялық жазылу ережелерінен мүлдем бейхабар адамдар да бар. Осының салдарынан әріп қателері мен стилистикалық қателер орын алып отыр.

Биылғы жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Яғни, көрнекі ақпараттарында ҚР «Тіл туралы» Заңын бұзған кез келген республика азаматына айлық есептік көрсеткіштің бестен жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салынатын болып белгіленген. Сондықтан жарнама жасаушылар мен жарнама берушілердің заң алдында бірдей жауапты екендіктерін атап көрсетеміз.

Алдағы уақытта да тексерулер жүргізіліп, олардың қорытындысы БАҚ-та жарияланатын болады.

Аманай  БАКИЕВА,

облыстық тілдерді дамыту басқармасы

ономастикалық жұмыстар және талдау

бөлімінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button