Мәселе

Ақтөбеде үй қымбат па? Шаршы метрдің бағасы шарықтап тұр

Зерттеулерге сүйенсек, қазіргі заманда отыз жасқа дейінгі он жігіттің үйленуге лайықты тұрмыстық тәуір жағдайы жоқ, жағдайы болмаған соң құлқы да жоқ. Көбі отызға дейін үйленбеген соң, бойдақтық өмірге әбден үйреніп кеткен сияқты. Жігіттер солай болғанда, қыздар ше? Олар да материалдық күйін түзегісі келеді. Олар үшін тұрмысқа шығып, бала сүйіп, ана болу — екінші «пландағы» шаруа болып тұр. Ата-бабаларымызды тыңдасақ: «үй болмай — күй болмайды».

Күйін түзегісі келетіндердің күйттегені де осы — баспана мәселесі. Тұрғын үй мәселесін әркім әлдері жеткенінше әрқалай шешіп жүр. Бірі пәленбай жыл ақша жинап әлек, енді бірі 15-20 жылға несие алып белшесінен қарызға батады. Бірақ қазір баспанаға қол жеткізудің банктерден ипотекалық несие алудан басқа тиімді жолы көрінбейді. Осыны сезген банк ипотека арқылы халықты кенеше соруды әдетке айналдырған сияқты. Әлде олай емес пе екен? Бір-бірімен қабысқан мәселелерді тарқатып көрейін…

 

Хабарландырулар бойынша…

Жергілікті газет беттеріндегі хабарландырулар апта сайын өзгеріп, толықтырылып отырады. Материал жазу барысында тұрғын үйлердің бағаларын білу мақсатында хабарландыруларға көз жүгірттім. Біразы үйдің, пәтердің бағасын көрсетіп қойыпты. Бағаларды көріп шошисың. Бірақ қожайындармен сөйлесе қалсаң, «тұрған жері жақсы, бірінші немесе ең биік қабатта емес, пластикалық терезелер қойылған, еурожөндеу жасалған, кірпішті үй, элиталық үй» деген секілді сөздерді айтып, пәтерді есіле мақтай жөнеледі.

Баспана іздеп, шарқ ұрған адам, әрине, Ақтөбенің бір бұрышында аядай бөлме болса, соған да қанағаттанары анық. Алайда жатақханалардың жағдайы мәз емес. Әсіресе, тазалық мәселесі. Жуынатын жері мен дәретханасы — бір қабаттың тұрғындары үшін ортақ. Дегенмен, халық мұнда да тұрып жатыр. Сондықтан газеттен әуелі жатақхана бөлмелерін қарадым. Мұның да бағасы шаршы метріне қарай шарықтап тұр. Мысалы, Сәтбаев көшесі бойындағы жатақханадағы 22 шаршы метрлік бір бөлме 20 мың доллар сұрапты. Ал қаламыздың бір шеті — «Шанхай» бөлігіндегі көп жатақхананың бірінде 13 шаршы метрлік бір бөлме 10 мың доллар тұрады екен. Тағы бір жайт, осындай жатақханалардың негізгі тұрғындары — қазақтар. Бұл жерден өзге ұлт өкілдерінен тек орыстарды ғана бірен-саран көруге болады.

Бір бөлмелі пәтерлердің бағасы қай кезде де қымбат болады. Десек те, бір бөлмелі пәтерлердің өтуі тез. Газет шыққан күні бірден телефон соққанымызда-ақ, біразынан «сатылып кетті» деген жауап алдық. Соңғы кезде салынған бір бөлмелі пәтерлердің бағасы удай қымбат. Мәселен, 12-шағын аудандағы 10 қабатты элиталық үйдің 7-қабатындағы еурожөндеу жүргізілген 50 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерді сатып алуыңыз үшін қалтаңызда 60 мың доллар болуы қажет.

Ал одан сәл түсетін болсақ, осы аудандағы жөнделмеген 34,1 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер 35 мың долларға сатылады. Жаңа немесе ескі жобадағы бір бөлмелі үйлердің көп айырмашылығы жоқ, соған сай бағасы да шамалас. Тек жоғарыда айтқанымыздай, жөнделген, жөнделмегені, басқа да жағдайлар жасалғанына байланысты қожайын бағаны өзі қояды.

Ескі жобадағы екі бөлмелі пәтерлердің бағасы — орташа 35-45 мың доллар. Жаңа жобадағы екі бөлмелі пәтердің бағасы 45 мың доллардан жоғары болады.

 

Риэлтор не дейді?

Қазір жылжымайтын мүлікке қатысты бірқатар келісімшарттар осы риэлторлық компаниялардың қатысуынсыз жасалмайды.

Әуелі терминді түсініп алайық: ағылшынның «realtor» сөзі жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу ісінде делдал болып, сатушы мен сатып алушының келісімшарт жасауына қатысып, сол үшін комиссиялық ақы алатын кәсіби маман, яғни, жеке кәсіпкер.

Маклер мен қазіргі заманға сай риэлтор терминдері мағыналас. Маклер — бұрынғы, ал риэлтор — қазіргі заманға сай атауы.

Ақтөбе қаласында да риэлторлық жұмыспен айналысып келе жатқан жылжымайтын мүлік агенттіктері, риэлторлық фирмалар көп. Соның бірі — 14 жылдан астам уақыт осы салада жұмыс істеп келе жатқан «Мариям» жылжымайтын мүлік агенттігі. Агенттіктің риэлторы немесе сату жөніндегі менеджері Ғалия Сұлтанова да он жылдан астам уақыт осы салада еңбек етіп келеді.

— Бұрын, 2006-2008 жылдары «квартирный бум» болды ғой, екінші деңгейлі банктер шамалы ғана құжат талап етіп, несиені мырзалықпен берді. Сол жылдары тұрғындардың біразы несиеге үй алып, бір қарық болды. Қазір олай емес, банктердегі талап та күшейді. Дегенмен қазір қаламызда жылжымайтын мүлікке сұраныс арта түсті. Сол себепті де  тұрғын үй бағасы да шамамен 2-5 мың долларға өсті. Мысалы, қазір қала орталығындағы және оқу орындарының маңындағы 1-2 бөлмелі пәтерлер 30-35 мың доллардан сатылып жатыр. Ескі жобадағы екі бөлмелі пәтерлердің орташа бағасы — қазір 30-45 мың доллар. 30 мың долллардың пәтерлері көбіне қаланың шет жақтарындағы бұрынғы екі қабатты үйлерде кездеседі. Ал жаңа үлгідегі екі бөлмелі пәтерлердің бағасы 45 мың доллардан жоғарылай береді. Біздің агенттікке жалға пәтер іздеп жүргендер де жиі келеді. Қазіргі уақытта біздегі жалға беретін үйлерді «квартиранттар» бір тәулік те тұрғызбайды, тез алып кетіп жатады. Сондықтан да жалға беретін пәтер жоқ болып қалған жағдайды пайдаланған кейбір пәтер иелері бір бөлмелі пәтері үшін  айына 45-50 мың теңге сұрап жатады. Біз өз қызметіміз үшін сатушыдан да, сатып алушыдан да сатылатын үйдің бағасының 1 пайызын аламыз. Жалға берілетін үй іздеген адамнан біз арқылы пәтер тапқан жағдайда пәтерақының 10 пайызын аламыз, — дейді риэлтор.

Ғалия Сұлтанованың айтуынша, қазір тұрғындардың дені үй жалдап тұрғанша, несиеге үй алып, түбінде өзінікі болып қалатын үйдің қарызын төлегенді тиімді санайды. Өйткені 1 немесе 2 бөлмені жалдағаны үшін айына орташа 30-50 мың теңге төлейді. Ал ипотекалық несиеге үй алғанда да банкке айына сондай көлемде ақша төлеп отыру қажет.

Қазір жылжымайтын мүлікке, әсіресе, осы пәтер, үй бизнесіне қатысты алаяқтық жасайтындар да бар.

—  Тұрғындар көп жағдайда құқықтық сауатсыздығынан алданып қалып жатады. Үй сатып алғанда, жалға алғанда құжатқа мұқият болып, нотариусқа барып, заңды түрде рәсімдеу қажет. Біздің агенттіктің ішінде өзіміздің нотариусымыз бар, сатып алатын үйді біздің мамандардың бірі сатып алушымен бірге барып қарайды. Үй иесінің төлқұжатын, үйдің техникалық құжатын сұрайды. Сатып алатын жағдайда өзіміздің нотариус арқылы рәсімдейді. Тұрғындарға ескертерім, тұрғын үйді тәулікке, тіпті сағатқа жалдаса да ақша берген адамнан қолхат алғаны дұрыс, — дейді Ғалия Сұлтанова.

Әсіресе, тәулікке, сағатқа пәтерін жалдап, нәпақа айырып жүргендер теміржол вокзалы маңында өте көп. «Квартира, квартира» деп айқайлап тұрғандарды өзіңіз де көрген боларсыз. Олардың бірі үш бөлмелі пәтерінің бір бөлмесін бір түнге — 3 мың теңгеге жалдайтынын айтса, тағы бірі барлық жағдай жасалған бір бөлмелі пәтерін бір тәулікке жалға бергені үшін 6 мың теңге сұрап тұр.

 

Қарыздансаң, үй сатып аласың!

Қазіргі өмір талабы — осы. Тұрғын үйге қол жеткізудің ең тиімді түрі — ипотекалық несие. Алайда банктер беретін ипотекалардың дені 15-20 пайыздық жылдық өсіммен берілетіндігін ескерсек, несиеге үй алған адам баспана құнын 20 жыл ішінде 2-3 есе артық төлеуге мәжбүр.

Елімізде баспанаға қолжетімділікті арттыру үшін түрлі бағдарламалар ұсынып отырған «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ Ақтөбе филиалының клиенттермен жұмыс жасау жөніндегі бөлімінің бастығы Марат Нұрмановқа бірнеше сауал қойған едім.

—    Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі әр азаматтың баспана жағдайын жақсарту мақсатында дербес салымға ақша жинап, кейіннен банктен заем алу мүмкіндігіне негізделген. Ол үшін кез келген азамат алдымен банкке келіп, «Бастау», «Өркен», «Кемел» және «Болашақ» секілді  тарифтік бағдарламалардың бірін таңдап, тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісімшарт жасауы керек. Содан кейін ай сайын, тұрақты түрде өз шотына ақша салу арқылы тиісті қаражаттың тең жартысын жинайды. Таңдаған тарифке сай жинақтау мерзімі аяқталған жағдайда нарықтағы ең төмен — 3,5-5%  мөлшерлемемен (тиімді мөлшерлемесі – 3,6-5,3%) тұрғын үй заемын алу мүмкіндігі бар. Салымшы шартқа қол қойған күннен бастап, жинақтау кезеңі, сондай-ақ несие бойынша қызмет көрсету мерзімі аяқталғанша  пайыздық мөлшерлемелердің өзгеріссіз қалатынын да ерекше атап айтуға болады. Тарифтік бағдарламаға сәйкес, ақша жинақтау мерзімі де әртүрлі.

—    Қолымда 20 мың долларым бар дейік. Тезірек үй сатып алу үшін жинақтау мерзімін де күткім келмейді. Банк тарапынан тарифтік бағдарламалардан басқа қандай ұсыныстар бар?

—    Банктің қосымша ұсыныстары бар. 11 пайызбен берілетін алдын ала тұрғын үй заемы, сосын 8,5 пайызбен берілетін аралық тұрғын үй заемы беріледі. Егерде сізге 40 мың доллар қажет болса, яғни, сатып алатын үйіңіз 40 мың доллар болса, онда 20 мың долларды банкке салып, аралық заем арқылы 25 желтоқсанға дейін 8,5 пайызбен несие ала аласыз.

—    Салынған ақша банкте неше күн жатуы тиіс?

—    Құжаттарды тезірек тапсырсаңыз, одан соң комиссия шешімін шығаруы тиіс. Осыған дейінгі мерзім екі немесе үш аптаға созылуы мүмкін. Несие алушы адам келісімшартта көрсетілген мерзімге дейін қарызын төлеп тұрады. Осы жерде баса маңыз беретін жайт, құжат рәсімдегенде несие алушының ресми табысы есептеледі.

—    Жыл басында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі»  2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды. Осы бағдарлама шеңберінде жергілікті атқару органдары салған баспана туралы әңгімелесеңіз…

—    Иә, бағдарлама бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2», «Болашақ» шағын аудандарындағы 393 пәтер желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Қазір тек 3 бөлмелі бірнеше пәтер өз иелерін күтіп тұр. Біздің банктің есебі бойынша, 1 шаршы метрдің құны — 90 мың теңге. Сонда 80 шаршы метрлі 3 бөлмелі пәтердің бағасы шамамен 55 мың доллар болады.

—    Осыдан 3-4 жыл бұрын тұрғын үйдің бір шаршы метрі 56 мың теңгеге бағаланып еді. Қазіргі бағдарлама бойынша неге қымбат?

—    Құрылысшылардың пікіріне сүйенсек, тұрғын үйлер де санатқа, класқа бөлінеді. Салыстырмалы түрде айтайын, қазіргі үйлерді бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған үйлермен салыстыруға болмайды. Себебі, 3-4 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер әлеуметтік тұрғын үйлерге, яғни, ІV санатқа жатады. Бұл үйлерге арзан есік-терезелер салынды, кафель плиталар төселген жоқ. Ал биылдан бастап берілетін үйлер ІІІ санатты эконом-класқа жатады. Мұнда едені — ламинат, яғни жылы болады, сапалы есік-терезелер салынады. Меніңше, осындай сапалы материалдар пайдаланғандықтан, баспананың бағасы да қымбат болады. І, ІІ санаттағы элиталық, бизнес-класс үйлерінің шаршы метрі 90 мың теңгеден де жоғары ғой. Көңіліңдегідей үйде тұру үшін осы бастан қаржы жинау қажет.

 

Р.S. Ипотекалық несие беретін банктердің жайы шамалас. Несиеге үй алуға талаптанып жүргендердің көбі алғашқы жарнаға келгенде, ақшаларын жеткізе алмай қиналады. Қазір алғашқы жарнаны Ресейдің «Жинақтаушы банкі» 10%, «Альянс» банкі 15%, «Халық банкі» 20%, қалған банктер 30% мөлшерінде сұрайды. Сондай-ақ банктердің жылдық мөлшерлемелері де деңгейлес, ең азы «Халық банкі» ұсынып отырған — 12,5-13,5%, «Евразиялық» банкі несиені ең жоғары жылдық мөлшерлемемен — 15,3%-ға береді. Барлық банктің несие беру мерзімінің ұзақтығы — 20-30 жыл.

Яғни, 20-30 жыл өзгенің пәтері үшін ақша төлегенше, қарызға алсаң да, өз үйіңде тұрып, пәтерге төлейтін ақшаңды банкке төлеген тиімді сияқты…

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button