Мәселе

«Жасанды» бала, «жалдамалы» жатыр һәм жат құрсақ…

елімізде белең алып бара жатқан бедеулік мәселесін шешу үшін мемлекет жыл сайын қаржы бөлетін болды.

Әрбір баласыз әйел бала тууды армандайды.

Қазақстандағы отбасылардың 14-18 пайызы бала сүйе алмай отыр.

Әрбір оныншы әйел жасанды ұрықтандыру жолымен бала көтеруді ойлайды.

Әрбір отыз бесінші әйел жетімдер үйінен бала асырап алуға бел байлайды.

Жұбайлардың 30 пайызы қосалқы репродуктивтiк технология бойынша емделудi қажет етеді.

Жер бетiнде 2 миллионнан астам сәби жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы өмірге келген.

Бір жылда әлемде қосалқы репродуктивтiк технология бойынша 700 мың отбасы емделiп, 30 мыңнан артық нәресте дүниеге келедi екен.

Қазақстанда экстрокорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) орталығы алғаш рет 1995 жылы ашылды, қазір үш мемлекеттік, он жеке ЭКҰ орталығы жұмыс жасайды. Он біріншісі жақында Ақтөбеде ашылды.

Сол 1995 жылы алғашқы орталық ашылғаннан бері республика бойынша 20 000 отбасы оның көмегіне сүйеніп, нәтижесінде алты мыңнан астам «түтікшелік нәресте» дүние есігін ашты.

Қосалқы репродуктивтік технология бойынша емделіп, бала көтеру өте қымбат қызмет болып есептеледі. Яғни, еліміздегі жеке клиникалардағы баға бойынша ол —  850-900 мың теңге көлемінде. Ал әйелдердің барлығының бірдей жасанды ұрықтандыру әдісі арқылы әп дегеннен бала көтеріп кете алмайтындығын, кейбірінің ЭКҰ орталықтарының көмегіне кемінде 4-5 рет жүгінуге мәжбүр болатындығын ескерсек, үйінде «базары жоқ» отбасылардың бала сүюі үшін қаншалықты қаржы қажет екенін бағамдай беріңіз…

2010 жылдан бастап экстрокорпоральды ұрықтандыру жаңа Денсаулық Кодексінің тегін медициналық кепілді көмегінің тізіміне енді. Соған сәйкес былтыр елімізде сәби сүйе алмай жүрген отбасылар үшін республикалық бюджеттің қаржыландыруымен 100, биыл 300-ден астам квота бөлінді.

2012 жылы бөлінетін квота 600-ге, ал 2015 жылы 750-ге жетеді.

Елімізде қолданыстағы заң бойынша «құрсақ ана» болуға, оның көмегіне жүгінуге рұқсат етілген, алайда жатырды «жалға алудың» өте қымбат тұратындығы және оған жүгінетіндердің аздығынан болар, нақты статистика таба алмадық.

Ал елімізде адамды клондауға заң бойынша тыйым салынған.

 

***

Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі бейшара Шолпан бала үшін барлық ессіздікке барған — «аты естілген қожадан ішірткі жаздырып ішкен, көрінген сәлдеге үшкірткен, шиқандай қып-қызыл бетті қожа бесті бұқадай суға қарап: «Тіпу-тіпу!»-деп үшкіргенде, қожаның «қасиетті» лебі шетке бытырамай, тура түгел ішіме барсын деп, жүрегі ойнап, жүзі бір қызарып, бір ағарып, бетін қожаның аузына тақап, тосып отыратын»… «Жасаған-ау, бала бере гөр!» деп әулиеге ат айтқан, қорасанға қой айтқан… Шолпанның бедеу күйеуі Сәрсенбайдың көзіне шөп салып,  «Махаббаттың ақ қанатын кірлеткен» іске баруы —  Әзімбайдан жүкті болып, күнәға батуы, соның ақырында үстіне қырық шелек суық су құйылып, балаға да, басқа тірлікке де лағынет айтқаны…

…Заманында қазіргідей экстрокорпаральды ұрықтандыру да, қосалқы репродуктивтiк технология бойынша емделу де болмаған еді. Өкінішке қарай, қазір де сәби сүйе алмай жүрген Шолпандар өте көп. Олар да Шолпан секілді «іштей бітеу жара болып, жалғыз өртенеді, жылайды… Тіпті кейбірі дұғалық қылып, ішірткі ішу, үшкірту, түкірту, қақтыру-соқтыру, намаз, ораза, садақа, нәзір һәм басқа басы-аяғы жоқ құлшылдықтан шаршайды…»

Бірақ, бір шүкірі, қазіргі заманның —  «қайрылып қарау білмейтін, аяу білмейтін өмірдің Шолпандардың жүрегінен саулап аққан қанына, қанаты сынып өліп жатқан жанына кідіріп, бұрылып қарарлық…» жоғары технологиялық медицинасы бар!

 

Квотаға кім ие бола алады?

 

Биыл республика бойынша аталған салаға 350 квота бөлінді. Яғни, пұшпағы қанап, жөргек иісін иіскемеген 350 әйелге бала көтеруге қосымша мүмкіндік берілді. Оның 19-ы — Ақтөбе облысына бұйырды. Қазір бала сүюді арман етіп қана келген осы 19 әйелдің үшеуі жүкті. Былтыр ел бойынша бөлінген 100 квота арқылы біздің облысқа берілген бес мүмкіндіктің бір де біреуі нәтижелі болмады.

—     Бес әйелдің біреуі ғана жүкті болған еді, алайда, өкінішке қарай, ол жатырдан тыс жүктілік болды, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің бастығы Асхат Балықов.

Қазір Ақтөбе қаласындағы  адам репродукциясы және отбасын жоспарлау орталығында бедеулік деген диагноз қойылған тізімде тұрған отбасылар саны жүздеп саналады.

А.Балықовтың айтуынша, тұрақты түрде бір жыл бойы ешқандай контрацептивтік құралдарды пайдаланбай, жыныстық қатынаста болған, бала көтеруге ұмтылған отбасыларда әйел жүкті бола алмаса, оған «бедеулік» деген диагноз қойылады. Бедеуліктің себебі көп — әйелдерде овуляцияның бұзылуы, гормоналдық бұзылыстар, аналық бездердің аурулары, жатыр түтігінің бедеулігі, түсік пен жатырдан тыс жүктіліктер, венерологиялық аурулар… ер адамдарда шәуеттің (сперманың) патологиясы, оның қажетті мөлшерінің жетіспеуі немесе аталық ұрықтың жоқтығы мен басқа да патологиялар. Ауру себептері мен оның алдын алу жөнінде дәрігерлер асықпай отырып, ұзақ әңгімелей алады. Алайда қазіргі мәселе — «болары болып, бояуы сіңген», яғни қоғамда белең алған «бедеулік» деген бәленің құрығына түскен мыңдаған отбасын шыңыраудан алып шығу.

— Қазақстан — өз азаматтарына жасанды ұрықтандыру әдісін мемлекеттік  бюджеттен қаржыландыруды бастаған санаулы елдердің бірі. Біздің облысқа бөлінген мемлекеттік квотаға ілігу үшін бала көтере алмай жүргендер міндетті түрде Ақтөбе қаласындағы адам репродукциясы және отбасын жоспарлау орталығында тіркеуде тұруы тиіс. Өйткені жеке емханаларда қаралып жүрген науқастарға квота беру жағы қарастырылмаған. Орталықта есепте тұрған әйелдер толық тексеруден өтіп, комиссия әрбір науқасқа қатысты шешім шығарғаннан кейін квотаны беру мәселесі шешіледі.

Квотаға ие болудың да өзіндік критерийлері бар. Мысалы, былтыр ереже бойынша ер адамның бедеулігі мәселесі есепке алынған жоқ, ал биыл есепке алынатын болады, яғни отбасында бала болмау себебі ер адамның денсаулығы салдарынан болған жағдайда, ерлі-зайыпты мемлекеттің қаржылай көмегіне үміттене алады. Және былтыр әйел жасы 35-ке дейін болуға тиіс-тін. Квоту алу ережесінде әйел адамның бала көтере алмау себептері қандай болуы керектігі де анық көрсетілген. Былтырғы талаптардың қаталдығынан, былтыр облысқа бөлінген бес квотаға ие болатын жұптарды таңдау да қиынға түсті.

Өкініштісі, мемлекеттің көмегіне ие болғысы келетіндер өте көп, ал квота аз…  Биыл республика бойынша 350 квота бөлінген болатын. Жылдың екінші жартысында тағы да қосымша берілуі мүмкін деген еді, соған үміттеніп, тағы бірнеше жұптың балалы болуына жағдай жасалса деп отырғанбыз, алайда жақында құзырлы министрліктен хабарласып, биылғы квота бөлу осымен аяқталғаны белгілі болды.

Десек те, бұл процедураның өте қымбат тұратынын ескерсек, бастапқыда бір облысқа 19 квота бөлу де жаман көрсеткіш емес екендігі айқын.

Бір айта кетерлігі, былтыр жасанды ұрықтандыру операциялары Астанадағы ана мен бала медициналық орталығы мен Алматыдағы акушерлікгинекологиялық және перинатология мемлекеттік ғылыми орталықтарында жүргізілген болса, биыл жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жеке орталықтарда да жүргізілетін болады, — дейді А.Балықов.

Квота алып, алайда бала көтере алмаған жұптар қайтадан кезекке тұруына болады.

Тегін?!.

Ақтөбе қаласындағы  адам репродукциясы және отбасын жоспарлау орталығының бедеулікті емдеу кабинетінің гинекологы Клара Утянованың айтуынша, қазір осы орталыққа қаралып жүрген 600-дей әйелдің ана болу бақытына қолы жетпей жүр.

— Мәселе ушығып тұр. Бірақ бізге алдымен әйелдердің өздері көмектескісі келмейді. Оларға темірдей төзім жетіспейді. Сәби сүйе алмай жүрген әйелдердің алдымен не себепті осындай жағдайға душар болғанын анықтаймыз, одан соң диагнозына байланысты консервативті ем жүргіземіз, егер одан нәтиже болмаса, қосалқы репродуктивтiк технологияның көмегіне жүгінеміз. Әйелдер осының барлығына шыдамдылық танытпайды, көпшілігі диагноз анықтау, консервативті ем жүргізу процедураларының ұзақтығынан шаршайды, нәтиже болмаған жағдайда күдер үзіп, бақсы-балгер аралап кетеді, болмаса, басқа дәрігерлерге қаралуды жөн санайды. Осылай жүргенде біраз уақытын өткізіп алады, — дейді К.Утянова.

Гинекологтың айтуынша, аурудың неден болғанын анықтаудың өзіне кемінде 3-4 ай уақыт қажет. Одан соң инфекциялық, қабыну ауруларын емдеу, лапароскопиялық ота жасату арқылы жатыр түтікшесінің өткізу қабілетін арттыру секілді консервативті ем жүргізу үшін тағы бір-екі жылдай уақыт кетеді.

— Рас, әйелдің жасы қырыққа жақындаған болса, оған бірден ЭКО әдісін ұсынамыз. Өйткені оған консервативті ем жүргізудің ендігі жерде мәні болмайды, себебі, жас келген сайын әйелдің жұмыртқа клеткаларының белсенділігі әлсірейді. Бұл жағдайда тіпті ЭКО-ның да көмегі болмауы мүмкін… Сондықтан, ең бастысы, уақыттан ұтылмау керек. Жиырма-отыздың айналасындағы әйелдерді бедеуліктен құтқару үшін 2-3 жыл  талмай консервативті ем жүргізуге болатын болса, 35-ке жақындаған әйелдерде ем нәтижесінде жарты жылдай жүктілік болмаса, дереу ЭКО әдісін қолдануына кеңес беремін. Әйелдер, уақытты өткізіп алмаңыздар. Бүгін аз уақыт қиыншылыққа төзе алмай, қолдарын сілтеп кетіп бара жатқан отыз жастағы келіншектер, ертеңгі күні қырыққа келгенде бір сәбидің күлкісіне дүниенің барлығын тәрк етіп жіберуге дайын тұрарын білмейді-ау… — дейді ол.

Биыл мемлекеттік квотаға ие болған 19 әйелдің жүкті бола алмағандары — негізінен жасы қырыққа жақындап қалғандар. Квота алудың талаптары биыл былтырғыға қарағанда біршама жеңілдетілгенін жоғарыда айттық.

—  Әйел адамның бойында өмір бойы тек 30 овуляция кезеңі болады. Яғни, жүкті болуға берілетін санаулы мүмкіндік… Квота алу талаптарында осы мәселеге баса мән берілген. Былтыр квота тек 35 жасқа дейінгі бедеу әйелдерге берілген болса, биыл ол шектеу алынып тасталды. Енді көмек репродуктивті жасына емес, әйелдің овериалды резервінің белсенділігіне байланысты берілетін болады, — дейді гинеколог.

Қазір орталыққа күніге бедеуліктен зардап шегіп жүрген 18 жұп келеді екен, соның 5-6-ауы — күн сайын жаңадан тіркелетіндер. Бір дерек — бұрын бедеулік негізінен әйелдер арасында көп болған, қазір ер азаматтар мен әйел адамдар арасында бұл көрсеткіш бірдей — 50 де 50.

— Сәби сүйе алмай жүргендер әдетте ЭКО әдісіне соңғы үмітім деп қарайды. Алайда бұл әдіс бір қолданғаннан сәби сыйлай салатын фокус емес. Бірінші ретте жүкті бола алмай қалғандар басына түскен бейнетпен күресуден бас тартып, жеңіліп сала береді. Олай етуге болмайды, белді бекем буып, қайтадан байқап көру керек. Бұл тек бізде ғана емес, барлық әлемдегі тәжірибеде осылай. Бір айтайын дегенім, болашақ аналар мен әкелер мүмкіндігінше белгілі бір деңгейде тегін ем жүргізетін мемлекеттік емханаларда, орталықтарда қаралса екен деп ойлаймын. Өйткені ЭКО әдісі — кез келгеннің қалтасы көтере бермейтін өте қымбат процедура…  — дейді К.Утянова.

 

Әлде ақылы?..

 

Ақтөбедегі жеке меншік «Семейный врач и Co» емханасы «Даму» қорының қолдауымен бедеу әйелдерге экстрокорпоральды ұрықтандыру әдісі арқылы көмек көрсетпек. Аталған емхананың басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Людмила Покотилоның айтуынша, қазір оған қажетті барлық медициналық жабдықтар алынған, дәрігерлер арнайы оқу курстарынан өткен.

— Қазақстанда жыл сайын бедеулікке байланысты 7 мыңға жуық хаттама жасалады. Бұл — квотаға деген қажеттілік те осы деңгейде деген сөз. Алайда квота саны аздау, экстрокорпоральды ұрықтандыру әдісі арқылы емдеу орталықтары да көп емес. Біздің емхана экстрокорпоральды ұрықтандыру әдісі арқылы емдейтін Қазақстанда ашылған сегізінші жеке меншік орталық болып есептеледі. Және бұл — Қазақстанның батысындағы осындай жалғыз орталық. Қажеттіліктің жоғары екендігін ескерсек, елімізде осындай жеке орталықтардың көптеп ашылуы құба-құп. Бұл — өте қымбат әдіс, шығынның көптігінен кейбір орталықтар толық қуатында жұмыс жасай алмауы мүмкін, сондықтан мен науқастардың тек мемлекеттік қана емес, жеке орталықтарға да баруын құптаймын, — дейді Л.Покотило.

Бұл емханада жасанды жолмен ұрықтандырылған, яғни жатырішілік инсеменация арқылы дүниеге келген алғашқы сәби қазір екі жастан асыпты. Ал осы орталықта тексеріліп, бедеулік диагнозы бойынша арнайы бағдарлама жасалып, осы орталықпен арнайы келісімшартқа отырған емханаларда емделген отыз баласыз отбасының алтауы қазір сәби сүйіп отыр, жетіншісі жүкті…

— Қазір бізде АҚШ-тың Торонто штатынан келген жұп қаралып жатыр. Америкада бұл әдісті пайдалану 27-28 мың евро тұрады екен, — дейді ол.

Алдағы уақытта егер мемлекет жеке меншік орталықтарға мемлекеттік тапсырыс беру мәселесін шешсе, ақтөбелік болашақ аналардың алысқа бармай, осы жерде де қаралуына мүмкіндігі болады.

Соңғы үміт — «құрсақ ана» болу ма?

 

Биыл жыл басында еліміздің «Отбасы және неке туралы» кодексіне «суррогат ана» мәселесі арнайы бап ретінде енгізілді. Соңғы он бес жылда қарқынды дамып келе жатқан медициналық құбылыс туралы тіпті талай фильм де түсірілді-ақ. Суррогат ананың құрсағына сәбидің биологиялық ата-анасының гаметалары енгізіледі. Яғни, суррогат ана — өзіне түк қатысы жоқ шарананы тоғыз ай он күн бойы көтеріп, ата-анасына аман-есен табыс етуші адам, түсініктірек айтсақ, жатырын «жалға» беретін әйел. Әлемде мұндай аналар туралы да, мұндай әдіспен дүниеге келген балалар туралы да ресми статистика жоқ. Ал бейресми мәліметтерге сенсек, 220 мыңдай бала өз анасының құрсағында жатпаған…

Қазақстан заңдылықтарында суррогат ана туралы арнайы бап болғанымен, оны тәжірибеге енгізіп, жүйелі һәм жария түрде жүзеге асырып жатқан орталықтар туралы толыққанды мәлімет табылмады.

—    Мүлде балалы бола алмайтын жұптар суррогат ананың көмегіне жүгіне алады. Алайда дәл қазір ондай тәжірибе біздің облыста жоқ, — дейді А.Балықов.

—    Мен бұрын суррогат ана дегенге жабайы дүние ретінде қарайтын едім. Ал қазір алдыма соңғы үмітін ғана үкілеп келген әйелдерді, оларға  «құрсақ ана» көмегіне ғана жүгінуден басқа жол жоқ екенін көргенде, әлемде осы әдістің бар екендігіне шүкір деймін. Өйткені осы жарық дүниеде отбасы үшін балалы болудан асқан бақыт жоқ, — дейді К.Утянова.

—    Суррогат ана қызметін пайдаланғысы келетіндер көп қой. Бірақ ол — өте қымбат тұратын процедура. Медицина қарқынды дамып келе жатыр, қазір мүмкін емес нәрсе жоқ… Болашақта ондай тәжірибе бізде де болуы мүмкін, — дейді Л.Покотило.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

  • Деректер

 

2015 жылға қарай Қазақстанда жатырдан тыс ұрықтандыру процедураларын тегін жүргізуге жылына 747 млн. теңге бөлінетін болады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, қазір еліміздегі сәби сүйе алмай отырған  150 мыңға жуық ерлі-зайыптының 6,5 мыңға жуығы — жатырдан тыс ұрықтандыруды (ЭКО) қажет ететіндер.

Қазақстанда қосалқы репродуктивті технологиялар 1995 жылдан бастап пайдаланылып келеді. Елде эмбриондарды криоконсервациялау (пайдаланылмаған ұрықты болашақта пайдалану үшін мұздатып қою), жыныстық клеткалардың донорлығы және суррогат ана бағдарламалары іске асырылып жатыр.

2010 жылы мемлекетпен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің тізіміне жатырдан тыс ұрықтандыру (ЭКО) және эмбриондарды тасымалдау енгізілді. 2010 жылы мемлекеттің қаржысы есебінен жатырдан тыс ұрықтандыру әрекеттері 100 әйелге жасалды, нәтижесінде 22 нәресте дүниеге есігін ашты. Ал 2015 жылға қарай «Саламатты Қазақстан» ұлттық бағдарламасы шеңберінде ЭКО-ның көлемі жылына 750-ге дейін арттырылатын болады.

www.pm.kz

 

 

***

…  Діни тұрғыдан қарағанда, ислам дінінде де, христиан дінінде де суррогат ана болу мақұлданбайды. Исламда ол, кейбір діни сарапшылардың пікірінше, әйелдің арынан аттауы, яғни күнә жасауымен тең болып есептеледі.

Сондықтан, мұсылман елдерінің көпшілігінде дерлік оған рұқсат жоқ.  Тіпті, Австрия, Норвегия, Швеция, Франция және Американың бірқатар  штаттарында, Италия, Швейцария, Германия сияқты Еуропа елдерінде де оған тыйым салынған. Италия, Франция, Германия сияқты елдерде бұл тыйымды бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салынып, тіпті түрмеге жабу да көзделген.

Австралия, Ұлыбритания, Дания, Италия, Израиль, Испания, Канада, Нидерланды және Американың бірқатар штаттары  әйел жатырын жалға беруді рұқсат еткенімен суррогат анаға ақы төленбейді. Яғни, ана болатын жан «тегін қызмет көрсетуге» келісім беруі тиіс.  Ал Израильде  суррогат ананың қызметін қолдану үшін әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер мен дін өкілдерінен тұратын арнайы комиссияның мақұлдауы қажет.

Жапондық гинекология және акушерлік ассоциациясы бұл әдісті қолдану дұрыс емес деп есептейді.

Суррогат ана болуды табыс көзі ретінде заңмен реттеген елдер қатарында Американың бірқатар штаттары, Оңтүстік Африка республикасы, Ресей Федерациясы, Грузия, Украина, Белоруссия және Қазақстан бар.

www.masa.kz

 

***

Шетелдерде «Ұрпақсыздыққа қарсы бөтен кісілердің нәрестесін көтеру» ұйымдары жұмыс жасайды екен. Олар заңды түрде мемлекеттік тіркеуден өткен. Медициналық жағынан да барлық талаптарға сай мекеме болып саналады. Негізгі қызметі —  баласы жоқ ерлі-зайыптылармен заңды түрде келісім-шартқа отырып, талап еткен қаржысы төленген соң, оларға бала тауып беру. Ұлыбританияда 38 жастағы «құрсақ ана» —  Керол Хорлок суррогаттық тәсілмен тоғыз рет өзгелерге бала туып беріп, сол үшін көлемді мөлшерде ақы алған. Американың Аризона штатының тұрғыны 25 жастағы «құрсақ ана» Терезе Андерсон қолдан ұрықтандыру нәтижесінде бірден бес нәресте өмірге әкеліпті.

www.info-tses.kz

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Сәлеметсізбе , мен осы Ақтөбе қаласында тұрамын жасым 34-те, мен де балалы болғым келеді 2 рет түсік тастадым барлық емдерді қолдансам да ешқандай нәтиже болмады. Енді жасанды жолмен ұрақтандыру жасатсам деген ойдамын.
    Сізден , маған Ақтөбе , Алматы , Астанадағы жасанды ұрықтандыру клиникасының адресін және тел.номерін жазып жіберсеңіз деген ӨТІНІШ бар.
    Менің сұрағымды жауапсыз қалдырмаңызшы. Рахмет!!!

  2. Сәлеметсіздер ме, біз отау курганымызга 5 жыл болды. Бала көтере алмай жүрміз. Жағдайымыз эко ға баруға жетпейды. Жасымыз 34ке келіп калды. Квотаны алуға қандайда бір жолы барма

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button