Мәселе

Шаралар мен «Мыналар»

Айна

Журналистер үнемі ат үстінде жүретін жұрағаттың өкілдері. Қайда сапар шексе де, мысалы, аудандар мен ауылдарда оқырмандары өте көп «Ақтөбе» газетінің қалам иелері әйтпесе қалың жұрт ықыластана қарайтын «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының тілшілері ең әуелі жақсыны көрмекті мақсат тұтады. Тәуелсіз мемлекетіміздің әр табысына шын жүректен қуанатын оларға тырнақ астынан кір іздеу тіпті де тән емес. Әттең, кей тұстарда сол табыстарды, сол жетістіктерді сол тілшілерге қуанып емес, қиналып (?) көрсететіндердің бой көрсетіп қалатыны өкінішті.

Фактімен сөйлейік. Осы дүйсенбіде бір топ тілшілер Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінде өтетін «Қазақстанның болашағы үшін» атты І облыстық патриоттық жастар форумына аттандық. Бардық. Көңілді жүдеткен жайлар сол барғаннан кейін басталды.

Шұбарқұдыққа барған соң, не арыз тексеріп, не кемшілік іздеп емес, 300 делегаттың қуанышына ортақтасу үшін бейбіт мақсатпен келгеніміз себеп болды ма, журналистерге жылы қабақ танытуға ықыластыларды таба алмадық. Арнайы көлік бөлінбегеннің кесірінен (ал аядай ауылдың ішіндегі бірер нүктеге соғатын бір көлік бөліп қою дегеніңіз пойыз не ұшақ жалдау емес қой) журналистер жергілікті әкімшіліктің алдында шақырусыз келген қонақтай топтасып тұрып қалды. Сосын, ешкімнің бізбен ісі жоқтығын түсінгеннен кейін, әлгі шара болатын жерлерге асай-мүсейімізді (телекамера, оның ауыр тірегі, т.б.) арқалап жаяу баруымызға тура келді. Аттыға ілескен жаяудың күні не болатыны белгілі ғой, сөйтіп жүргенде бірнеше жерде жалғасқан іс-шаралардың біріне қатысып, біріне жете алмадық.

Іс-шаралар демекші, алдын ала дайындалған баспасөз парағы қолымызға кеш берілді, форум жұмысы туралы бағдарламадан да мүлдем хабарсыз болдық. Шұбарқұдыққа Ақтөбеден емес, аспаннан түскендей күн кештік. Бағдарламаны форум делегаттарынан сұрап білдік әйтеуір. Ақтөбе қаласында мұндай баспасөз парағы журналистерге тіпті күні бұрын да беріліп қоятын. Өйткені журналист қандай мәселелерге баса назар аударатынын болжамдап отыруы керек қой. Тіпті аш қалуымыз да мүмкін екен, ептеп пысықтық көрсетіп, делегаттарға жайылған дастарханның бір шетіне жайғасып, ауқаттанып алдық. Әрине, асхана да іздеп табар едік, бірақ бұл жүрісімізбен қалың жұрттан тағы да көз жазып қаламыз ба деп уайымдадық.

Форум соңына дейін жүрген журналистер облыс орталығына қайтарда көлік мәселесінен қатты қиналды. Дөңгелек үстел отырысынан шыққан аудан әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов мырза осы жайымызды естіген соң: «Мыналарды көлікке мана мінгізіп жіберу керек еді», — дегенде, үстімізден біреу мұздай су құйып жібергендей болды. «Мыналары» — біздер, облыстық «Ақтөбе» газетінің, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының журналистері едік. Бұдан әрі Ақтөбемізге көлденең көлікке ілесіп қалай жеткенімізді баяндаудың қажеті де жоқ шығар.

Көргенімізді сол күйі жаза отырып, алашқа белгілі көсемсөзші ағамыздың қазақтың қазаққа ғана мәтіби бола алатыны туралы, жергілікті әкімқаралар ауылдарына атауы біз айтпасақ та түсінікті орыс тілді басылымдардың журналистері бара қалса, қалай қалбаң қағатыны жөнінде ескерте беретіні рас сөз екеніне тағы бір көз жеткіздік. Ал біз Темір ауданы басшыларынан басы артық ештеңе де талап етпеп едік, тек біздің оқырмандарымыз бен көрермендерімізге қуана жеткізу үшін осы мәртебелі шара туралы толық ақпарат алуымызға назар аударғандарын ғана қалап едік…

Алыстан әдейілеп келуі һәм толыққанды ақпарат алуы ешкімге қажет болмаса, жалпы осы шараға журналистер не үшін шақырылды екен?

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button