Жаңалықтар

«Жауқазын» ансамблі халықаралық байқауда топ жарды

Грузияның Батуми және  Кобулети қалаларында өткен халықаралық «Golden Fleece» байқауында «Қурайлы» мәдениет үйі жанынан құрылған үлгілі «Жауқазын» би ансамблі бірінші орын алды.

Аталған жарысқа бес мемлекеттен 27 би ұжымы қатысты. Ақтөбелік би ансамблі «Қазақ биі» мен «Батырлар» биін билеп, бірінші орынға ие болды.

«Қурайлы» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Сандуғаш Таубаеваның айтуынша, байқауға дайындық қаңтар айынан басталған.

Халықаралық сайысқа бишілеріміз тыңғылықты дайындалды. Ұжымдағы 20 қызға жаңа киім тікті.  Өз мамандығын жетік меңгерген ансамбль жетекшісі Самал Альмурзина және хореограф Нұрай Жәнібекқызы аса жауапкершілікпен дайындық жүргізді. Бұл сапарғамекеме басшысы Гүлден Сатыбалдықызы да бірге барып, жан-жақты қолдауын көрсетті. Ұзақ уақыт дайындықтың нәтижесі көңілімізден шықты. Ұжым бірінші орын алды дегенде қатты қуандық, — дейді Сандуғаш Таубаева.

Қазылар алқасы Қазақстаннан келген бишілердің өнерін жоғары бағалады.

— Менің 12 жастағы немерем Іңкәр Данабек алғаш рет шетелде өткен байқауға барды.  Алғашқы сапарында жеңіспен оралғаны бізді қатты қуантып отыр. Балалардың өнерін шыңдаған жетекші апайларына, қолдау көрсетіп, өзі басы-қасында болған «Қурайлы» мәдениет үйінің директорынаотбасымның атынан алғыс білдіремін. Кезекті жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын,—деді ата-ана Гүлзада Ибрашева.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button