Жаңалықтар

Қылмысқа қарсы қарымды күрес керек

Соңғы кезде мас күйінде қылмыс жасау, қоғамдық орындарда ішімдік ішу жағдайлары қайта көбейе бастаған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, арнайы емдеу-сауықтыру мекемесінде орын жетіспеушілігі бар.

Облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында құқық қорғау органдарында азаматтардың заңдылық, құқықтық тәртіп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты өтініштерін қарау бойынша жүргізілетін жұмыстардың жай-күйі, сондай-ақ облыс аумағындағы қылмысқа қарсы күрестің жай-күйі мәселелері талқыланды.

Қоғамдық кеңес мүшелері алдымен осы мәселелерге байланысты облыс прокурорының орынбасары Мейірбек Тілеулиевтің, облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтің баяндамаларын тыңдады.

Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, бүгінде полиция қызметінде маман тапшылығы мәселесі бар. Ал жыл басынан бері полиция қызметкерлерінің үстінен 281 арыз-шағым түскен, олардың 38-і ғана расталған, яғни полиция қызметкерлерінің қателігі анықталып, тиісінше шаралар қолданылған.

Елімізде жуырда «Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң күшіне енді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, енді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа кінәлі адам жапа шегушінің арыз берген-бермегеніне қарамастан, жауапқа тартылатын болады. Соған байланысты тіркелген қылмыстар саны да артуы мүмкін.

Жалпы, деректер бойынша тұрмыста жанжал шығару оқиғалары 87, 3 пайыз жағдайда мас күйінде істеледі. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, соңғы кезде мас күйінде қылмыс жасау, қоғамдық орындарда ішімдік ішу жағдайлары қайта көбейген.Қазір арнайы емдеу-сауықтыру мекемесінде де орын жетіспеушілігі байқалып отыр.

Жылдың бастапқы алты айында 5,7 мың адамның қоғамдық орында арақ ішкені анықталған.

Жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмысқа келсек, жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларына қарағанда, колледж оқушылары арасында қылмыс көбірек тіркеледі. Соның ішінде көп тіркелетін қылмыс түрі — біреудің мүлкін тартып алу, жымқыру.

Сонымен қатар мамандар мектеп оқушылары арасындағы буллинг, т.б. қылмыс түрлерін мұғалімдер, директорлар көбіне «жабулы қазан» күйінде, жасырып қалуға тырысатынына назар аудару керектігін де айтты. Өйткені аттестация кезінде оқушылар арасындағы қылмыс көрсеткіші есепке алынады.

Қылмыстың бірқатар түрлері, мысалы, алаяқтыққа байланысты қылмыстар екі есеге азайған.Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау және алдын алу мақсатында қоғаммен, соның ішінде еріктілермен байланыс орнатылған.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері әсіресе жол құрылысы кезіндегі сыбайластықты жою мәселесіне баса назар аудару керектігін атап өтісті. Қоғамдық кеңес төрағасы Тәттігүл Талаева өз пікірінде жол құрылысы саласында көзбояушылықтар болуы мүмкін екенін, сондықтан белсенді еріктілермен, қадағалаушы органдармен бірлесіп, бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

Жиында басқа да мәселелер қаралды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button